Accessibility links

Молдовада еуропашыл кандидатқа шабуыл үдеді


Молдова президенттігіне кандидат Майя Санду.
Молдова президенттігіне кандидат Майя Санду.

Молдовада президент сайлауының екінші туры қарсаңында еуропашыл кандидат Майя Сандуға қарсы "қара пиар" күшейді. Оның бәсекелесі Игорь Додон өз партиясының бұған еш қатысы жоғын мәлімдеген.

Молдовада қарашаның 13-інде өтетін президент сайлауының екінші кезеңі жақындаған сайын ресейшіл кандидат Игорь Додонның жақтастары еуропашыл кандидат Майя Сандуды сынап-мінеуді үдетті.

Мәселен, Молдова православ шіркеуінің лауазымды басшысы 44 жасқа келсе де тұрмысқа шығып, бала сүймеген Майя Сандудың моральдық қасиетіне күмән келтірді. Молдова шіркеуі Кремльдің саясатын ашық қолдайтын Ресей православ шіркеуінің құрамына кіреді.

Елдегі екінші ірі қала – Бэльцтің православ шіркеуін басқаратын епископ Маркел қарашаның 4-і күні «Сандудың мораль туралы ұстанымы... қалыпты принциптерден алшақ жатыр» деген ресми мәлімдеме таратқан. Бұл пікір отбасы мен дәстүрлі құндылықтарды қолдайтынын айтып жүрген кандидаттың ашуын туғызды.

Бэльц православ шіркеуінің епископы Маркел еуропашыл кандидат Майя Сандуды сынап сөйлеп тұр. 4 қараша 2016 жыл.
Бэльц православ шіркеуінің епископы Маркел еуропашыл кандидат Майя Сандуды сынап сөйлеп тұр. 4 қараша 2016 жыл.

«Жалғызбасты әйел болу - ұят нәрсе деп ешқашан ойламаппын. Мүмкін әйел болғанның өзі күнә шығар?» - деді Майя Санду Ziarul de Gardа апталығына берген сұхбатында.

Сандудың кей жақтастары өкіметтің шіркеуден діни заттар сатудан түскен табыстан салық төлеуін талап еткен онлайн петицияны бастады. Ол үндеуге қазірдің өзінде 10 мыңға жуық адам қол қойған.

Епископтың Санду жайлы мәлімдемесі онсыз да Додонды қолдап келген Молдова православ шіркеуінің саяси ұстанымын айшықтай түсті. Бірақ бұған дейін олар үміткердің жеке басына тиіспей келген еді.

Қазанның 28-і күні шіркеу басшысы митрополит Владимир құлшылық кезінде Игорь Додонның кандидатурасын ашық қолдады. Сөйтіп, шіркеу елдегі сайлау додасына алғаш рет ашық араласты.

Молдовалықтардың басым көпшілігін православ христиандар құрайды, Молдова православ шіркеуі Бухаресте орын тепкен Румын православ шіркеуінің бір бөлігі саналатын Бессарабия православ шіркеуімен ел ішіндегі ықпал үшін күресіп келеді. Бессарабия православ шіркеуі басшылары сайлауға қатысты әлі ешқандай пікір айтқан жоқ.

Қазанның 30-ы күні өткен президент сайлауының алғашқы кезеңінде Майя Санду екінші орын алған соң оның жеке басына тиісетіндер көбейген. Білім министрі қызметін атқарған, қазірде «Әрекет және ынтымақ» партиясын басқаратын Сандуға сайлаудың алғашқы кезеңінде дауыс берген азаматтардың 38 пайызы қолдау танытқан. Оның саяси бәсекелесі, Социалистік партия басшысы Игорь Додон 48 пайыз дауыс жинаған. Алғашқы кезеңде ең көп дауыс алған екі кандидат келесі турға өткен.

Майя Сандуға қарсы белгісіз топ «оның еуропашыл платформаларында гомосексуализмді және жаппай көшуді қолдайтын ойлар бар» деген мазмұндағы парақшалар таратқан.

Молдованың көп қалаларында таратылған парақшаларда: «Майя Санду қираған елді босқындар мен гомосексуалистерге және Румынияға қосылғысы келетіндердің қолына тапсырады» делінген. Ақпарат құралдарының жазуынша, бұл парақшалар Молдовада кең таралған молдован, румын, орыс және гагауз тілдеріне аударылып, таратылған.

Қарашаның 6-сы күні журналистерге сұхбат берген мәскеушіл кандидат Игорь Додон бәсекелесін қаралаған әлгі парақшаларға өз партиясының еш қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Айтпақшы, ол парақшаларда «Әділет министрлігі сайлаудағы үгіт-насихат материалы ретінде мақұлдаған» деген міндетті түрде басылуы тиіс ескерту жазылмаған.

Еуропашыл кандидатты қаралау науқаны шеңберінде Майя Санду басқаратын партияның есеп-шотына белгісіз біреуден ақша түскен. Бұл қаражаттың қаржылық алаяқтық жасады деп айыпталып, істі болып жатқан молдовалық бизнесмен Илан Шордан келгені белгілі бола салысымен, олар ақшаны кері қайтарып жіберген.

Молдова президенттігіне социалистік партиядан ұсынылған ресейшіл кандидат Игорь Додон.
Молдова президенттігіне социалистік партиядан ұсынылған ресейшіл кандидат Игорь Додон.

Молдовадағы президент сайлауы Еуропа одағымен интеграцияны жақтайтындар және Ресеймен байланысты нығайтуды қалайтындар арасындағы бәсеке көрінісіне айналды. Бұрын Молдова экономика министрі болған Игорь Додон Мәскеумен сауда және экономикалық қатынастарды қайта нығайтуды қош көреді.

Бірнеше айға созылған сайлау науқаны 30 қазандағы сайлаумен тәмәм болып, тоғыз үміткердің ішінде ең мықты деген екеуі қалды және бұл екеуі – екі бағытты (Ресей және Еуропа) қолдайтындар. Қос тарап та бір-бірінің саяси ұстанымдарын өткір сынап, бір-бірін «өтірікші», «ұрлықшы» және «қорқақ» деп айыптаған.

Игорь Додонның «Сауда және экономика министрі кезіндегі тәжірибемді пайдаланып, Молдованың негізгі экспорт түрлеріне Ресей қойған экономикалық эмбаргоны алып тастаймын» деген сөзіне саяси бәсекелесі күмәнмен қарайды. «Додон 2006-2009 жылдары экономика министрі болып тұрған кезінде бұл эмбаргоны неге алып тастамаған?» - дейді Санду.

Ресей Молдова шарабына, жеміс-жидегі мен көкөнісіне 2006 жылдан бері оқтын-оқтын эмбарго енгізіп келеді. Сарапшылардың көбі «Кремль Молдованы көршілес Румыния тәрізді НАТО мен Еуроодаққа қосылмай, Ресейдің ығына жығылуға көндіру үшін оған осылай қысым жасап отыр» деп санайды.

Молдова президенті – құзыреті шектеулі тұлға, елдегі атқару билігінің тізгіні негізінен премьер-министр мен парламенттің қолында. Дегенмен, жаңа президент Шығыс пен Батыс арасында таңдау жасай алмай әрі-сәрі күй кешкен бұрынғы совет республикасының бағытын айқындауға септігін тигізеді деген үміт бар.

Бұған дейін 16 жыл бойы Молдова президентін парламент сайлап келген. Соңғы өзгерістерге сәйкес, бұл жолы Молдова халқы алғаш рет президентті төте дауыс беру жолымен сайлап жатыр.

XS
SM
MD
LG