Accessibility links

Египеттің бұрынғы президенті Мүбәрәктің соты басталды


Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәк сот залында. Каир, 3 тамыз 2011 жыл.

Египеттің бұрынғы президенті Хосни Мүбәрәк сот залында. Каир, 3 тамыз 2011 жыл.

Оған сыбайлас жемқорлық жасады және ақпан айында 30 жылдық режимге қарсы шыққан шерушілерді өлтіруге нұсқау берді деген айыптар тағылған. Мүбәрәк өзіне тағылған айыптарды мойындамады.


Шарм әл-Шейх қаласындағы ауруханада жатқан 83 жастағы Мүбәрәкті Каирдегі сотқа медициналық тікұшақпен әкеліп, сот отырысына зембілмен кіргізді. Оның өңі солғын, әлсіз болып көрінді.

Мысырлықтардың көбісі Мүбәрәктің «ауырып қалуын» қоғам алдында масқара қорлықтан құтылу үшін жасаған амалы деп біледі. Бірақ жабық тордың ар жағында зембілде жатқан Хосни Мүбәрактің сот барысын Египеттің мемлекеттік телеарнасы тікелей эфирден көрсетті.

АЙЫПТЫ МОЙЫНДАМАЙТЫН МҮБӘРӘК

Бұрынғы президент Хосни Мүбәрәк пен оның билігі тұсындағы ішкі істер министрі Хабиб әл-Адли және тағы сол кезде полиция басшылары болған алты адам халық толқуы кезінде 850 адамды өлтірді деген айыппен сотқа тартылған. Егер олар кінәлі болып табылса, өлім жазасын алулары мүмкін.
Хосни Мүбәрәктің соты. Каир, 3 тамыз 2011 жыл.

Сонымен қоса Мүбәрәк пен оның екі ұлы Гамал және Алааға коррупциялық айыптар тағылған. Бірақ Мүбәрак өзіне тағылған айыптарды қабылдамады.

– Мен барлық айыптарды толығымен мойындамаймын, – дейді бұрынғы президент.

Бұрынғы президенттің досы, қаржы алпауыты Хусейн Салем де осы баппен айыпталып, сырттай сотталады. Бірақ Мүбәрәк қана емес, айыпталушылардың бәрі сәрсенбі күнгі сотта «кінәлі емеспіз» деп мәлімдеді.

МҮБӘРӘКТІ ЖАҚТАУШЫЛАР МЕН ҚАРСЫЛАР

Сот отырысында да Мүбәрәкті жақтаушылар мен қарсылар бірнеше рет өзара айқайласып, екі тараптың адамдарына судья Ахмед Рефаат ескерту жасады:

– Бізге адамдардың тәртіп сақтап отырғаны қажет. Жұмысымызды дұрыс атқару үшін және әділеттілікке жету үшін олардың тыныш отырғаны ләзім, – деді судья.

Сот жүріп жатқан полиция академияcы ғимаратының сыртында Мүбәрәкке қарсы топтар да, оны қолдаушылар да жиналып тұр.
Хосни Мүбәрәкке қарсы топ. Каир, 3 тамыз 2011 жыл.

Қауіпсіздік күштерінің қоршап тұрғанына қарамастан, екі топ қайта-қайта бір-біріне тас лақтырып, қақтығысып қалды.

Соның бірі, Каир тұрғыны Айман Мохамед Бағат Мүбәракты қолдаушылар қатарынан екен.

– Мен жас кезімізде көшелерде лас су ағып жатқаны есімде. Мен өскен сайын Египеттің көз алдымда қалай тұрғызылғанын көрдім. Мынау дұрыс емес. Мүбәрәк сияқты өз елі үшін бәрін жасаған адамның бұлай сотқа тартылуы жақсы емес. Ол лидер болды, әрбір ел осындай адамы болғанын армандайды, – дейді Каир тұрғыны.

ТАХРИР АЛАҢЫНДА КҮЗЕТ КҮШЕЙТІЛДІ

Мүбәрак режиміне қарсы жаппай халық толқуы өткен Каирдегі Тахрир алаңына да қауіпсіздік күштері тартылды.

Армия жасағы демалыс күндері елде саяси реформаларды тезірек жүргізуді талап етіп, алаңға шатыр тігіп жатқан жүздеген шерушіні тарқатты.

Хосни Мүбәрәк – араб елдерінің билікке қарсы басталған наразылық шараларынан кейін сотқа қатысып отырған алғашқы президент.

Араб толқуларында бірінші болып орнынан қуылған Тунис президенті Зин әл-Абидин Бен Али еліндегі жаппай наразылықтардан кейін Сауд Арабияға қашып кеткен болатын. Сондықтан ол өзінің сотына қатыспай, сот отырысы сырттай өткен.

Ал Мүбәрәк ешқайда қашпайтынын айтып, Египет жерінде өлуге уәде берді. Бұрынғы президенттің соты 15 тамызда қайта жалғасады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG