Accessibility links

Исламның көне қолжазбаларына қауіп төнді


Тимбукту қаласындағы ислам қолжазбалары. Мали, 1997 жыл.

Тимбукту қаласындағы ислам қолжазбалары. Мали, 1997 жыл.

Тимбукту қаласында сан ғасырдан бергі ислам қолжазбаларының үлкен қоры бар. Құнды мұраға бүлікшілер қауіп төндірді. Осы ретте Азаттық тілшісі Тимбукту қолжазбаларын зерттеуші Мауро Нобилиден сұхбат алды.

Қолжазбалар қоймасын әсіредіншілдер Малиден қашып бара жатып жойып кете жаздаған. Кейптаун университетінің қызметкері, Тимбукту қолжазбаларын зерттеуші ғалым Мауро Нобили қолжазбалар аман қалуы тиіс деп үміттенеді.

- Малиден келген соңғы жаңалықтарда Тимбуктудағы аса бағалы ислам қолжазбалары жойылды дейді. Бұл жайында не айтасыз?

- Бұл хабар расталмады. Тимбуктудан келген суреттерді көрдік, бірақ сегіз күн бойы сол қаладағы әріптестерімізбен хабарласа алмадық. Тіпті Бамако қаласындағы Ахмед Баба институтындағы зерттеушілер тобы да ештеңе білмейді. Олармен сөйлестік, Тимбуктудағы жағдайдан хабарсыз екен. Біраз құжаттардың бүлінгені бейнеленген суреттерді көрдік. Бірақ онда жұмыс істейтін адамдардың ешқайсы ғимараттың ішіне еніп, шығынды түгендей алмады. SkyNews телеарнасының тілшісі орталыққа өзін Ахмед Баба институтында істеймін деп таныстырған жігітпен кірді. Шын мәнінде ол сол жердегі туристерге қызмет жасайтын гид. Басқа да деректер келіп жатыр. Кеше жаңалықтан қолжазбалар жойылды деп естідік. Бүгін (29 қаңтар) жергілікті БАҚ қолжазбалардың негізгі бөлігін орталықтан алып кеткен, олар аман-есен дейді. Сондықтан, әлі ештеңе айқын емес.

- Көптеген адамдар көне қолжазбалардан айрылуды трагедияға балап жатыр. Тимбуктудағы қолжазба көлемі қандай және оның жоғалғаны соншалықты маңызды ма?

- Егер қолжазбалардың өртенгені расталса, Батыс Африка тарихының үлкен бір үзігі жоғалып кетті деп санай беріңіз. Ахмед Баба институтында кем дегенде 20 мыңға жуық көне қолжазбалар бар. Соңғы есептеулер бойынша, бұл - Тимбуктудағы құжаттардың бестен бір бөлігі. Сондықтан Тимбукту қорынан айрылуды үлкен апат деуге болады. Ондағы қолжазбалардың аздаған бөлігінде ғана нақты уақыты көрсетілген. Олардың көбі сиямен қағазға көшірілгендіктен, нақты жазылған уақытын анықтау қиын шаруа. Дегенмен мұндағы қолжазбаларды 14, 15 ғасыр, тіпті 13 ғасырдың мұрасы дейтіндер де бар. Ал күні белгіленген жазбалар 17, 18 ғасырдан ары аспайды. Әр тақырып жеке сақталады – жергілікті тарих, әлем тарихы, ислам әдебиетінің жауһарлары мен құқықтық жазбалар, сауда құжаттары және билеушілер арасындағы жеке хабар алмасулар бар. Құжаттардың сипаты әртүрлі. Олар барлық саланы қамтиды деуге болады.

- Қолыңызда бар дерекке сүйене отырып, бүлікшілердің Құран мәтіндерін жойғанын растай аласыз ба?
Малиге келген Франция әскерін жұрт қарсы алып тұр. Тимбукту, 28 қаңтар 2013 жыл.

Малиге келген Франция әскерін жұрт қарсы алып тұр. Тимбукту, 28 қаңтар 2013 жыл.



- Ол - ақылға сыймайтын нәрсе. Бүлікшілер сопылық ілім сияқты өздері қабылдай алмайтын деректерді жоюы мүмкін. Бірақ олардың Құран үзінділерін немесе Ахмед Баба институтында сақталған әдебиеттердің көп бөлігін өртеп жіберуі мүмкін емес. Жаңылмасам, бұл (әскерилердің көне Тимбукту қаласын атқылауын айтады – ред.) - бірінші рет болып отырған оқиға. Бір апта бұрын «Ансар ад-Дин» (Малидан бөлініп шыққан әсіре діншілдер тобы) ұйымы Тимбукту қаласын жаулап алған кезде, қолжазбалардың суретін көрсетіп, олардың дұрыс сақталып тұрғанын білдірген. Олар тіпті өздерін қолжазбалар қорғаушысы етіп көрсетпек те болды.

- Бұл қолжазбалар Тимбуктуда сан ғасырдан бері сақталып келеді. Қала үкіметі немесе жергілікті тұрғындар оларды сақтап қалу үшін қандай жұмыс істеп жатыр? Қолжазба жинаушылардың кейбірі олардың ағаш сандықта сақталғанын, бұрынғы кезде жазбаларды жәшікке салып, шөл далаға көмген немесе үңгірлерде сақтаған деген мәліметтер айтып жүр.

- Институт (қолжазба қорын сақтауға жауапты Ахмед Баба институты) Оңтүстік Африканың үкіметтік мекемелерімен бірлесіп құрылды. Ахмед Баба институты архивтің халықаралық стандарттарына сай жасалды, қолжазбаларды сақтауға арналған семинарлар өткіздік. Мамандар Тимбуктудан Оңтүстік Америкаға келіп, мұрағаттарды сақтау бойынша дәрістер алып отырды. Бірақ қолжазбалардың біразының, әсіресе жеке топтамада сақталғандарының жағдайы өте нашар. Қолжазбаларға ерекше құбылыс ретінде 1990 жылдан бастап қана көңіл бөлінді. Оған дейін Батыс Африканың әдеби мұрасына ден қойғандар аз болды. Ғалымдардың көпшілігі «Африкада жазба мәдениет болмады, әдеби дәстүр тек ауызша дамыды» деп келді. 1990 жылдардан бастап әлем халқы Тимбуктуға назар аударды, көптеген ақша бөлініп, түрлі жобалар басталып кетті.

- Малидегі бүлікшілер Тимбуктудан бөлек, басқа мәдени мұраларға тиіспеді ме? Африка елдерінде ислам мәдениетіне шабуыл жасаған басқа жағдай кездесті ме?

Олар Тимбуктудағы көптеген сопылық ілім өкілдерінің мазарын қиратып кетті. Малиды бүлікшілер басып алғаннан бері Тимбуктудағы қасиетті жерлердің, әулиелер мазарының көбі жойылды. Сомалиде, Каддафи режимін талқандаған соң Ливияда сондай жағдайлар болды. Тунисте де молаларға шабуыл жасалды. Сондықтан әсіредіншілдер жүрген жерінің бәрінде әулиелердің мазарын қырып-жоюға тырысады деуге негіз бар. Ол мазарларға адамдар барып, тәу етеді. Фундаменталистер «әулиелерге тәу ету адамдарды Құдайға сыйынудан адастырады» деген соқыр сенімге байланып қалған.

Сұхбатты ағылшын тілінен Динара Мәзен аударған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG