Accessibility links

Ресейде «сатқындарды» әшкерелеу қыза түсті


«Россия сегодня» ақпарат агенттігі басшысы Дмитрий Киселев ресми награда тапсыру кезінде. Кремль, Мәскеу, 10 қазан 2011 жыл.

«Россия сегодня» ақпарат агенттігі басшысы Дмитрий Киселев ресми награда тапсыру кезінде. Кремль, Мәскеу, 10 қазан 2011 жыл.

Ресей мен Украина арасындағы жағдай шиеленіскен сайын ақпарат майданы да қыза түсті. Ресей жағы «ұлт сатқындары» терминін қолданысқа енгізді.

Ресейдің қоғамдық пікір қалыптастыратын жетекшілері «ұлт сатқындары» деген таңба тағылған адамдарды «әшкерелеуді» бастады. Белсенділер бұндай терминнің қолданысқа енуін қуғын-сүргін күшейетіндігінің нышанына балап алаңдап отыр.

Интернетте жаңадан ашылған веб-сайттың артқы бедерінде езу тартып тұрған отбасы бейнеленген. Олар ресейлік екі солдатқа мақтанышпен қарап тұр. Бұл – Қырымда түсірілген суретке ұқсайды. Ал сайттың алдыңғы бетінде Ресей журналистері, белсенділері мен мәдениет саласының қайраткерлерінен тұратын тізім берілген. Бұл – жаңағы отбасының Ресей Қырымды қосып алғаннан кейінгі шаттығына «қас адамдардың тізімі» дегенге меңзейді.

«БЕСІНШІ КОЛОННА»

Жаңа веб-сайт «Сатқындар» деп аталады. Наурыздың 18-і күні президент Владимир Путин Ресей халқына арнап сөйлеген сөзінде «ұлтты сатып кеткендерден» тұратын бесінші колонна жайлы айтқан болатын. Бұл веб-сайтты Кремльдің жанкүйерлері «сатқындардың» есімдерін жария ету үшін жасаған.

Путин билікте болған 14 жыл бойы Кремль оның салмағын оппозиция мүшелері мен тәуелсіз БАҚ-тарға қарсы пайдаланып келді. Алайда президенттің қазіргі Сарапшы Сергей Марков құрастырып, Facebook-те жариялаған «сатқындар» тізімі.

Сарапшы Сергей Марков құрастырып, Facebook-те жариялаған «сатқындар» тізімі.

риторикасы енді қысым көрсету бұрынғыдан бетер күшейетіндігін ескерткендей болды. Путин осылайша қорқытып-үркіту науқанына жол ашып берді.

АҚШ пен Еуропа Путинге жақын тұлғаларға тиетін санкцияларды енгізгенде, Ресейдің мемлекеттік телеарнасы «оларға бұл тізімдерді Путин ескерткен «бесінші колонна» сатып жіберді» деген еді.

Қайта ұйымдастырылғанына көп болмаған «Россия сегодня» ақпарат агенттігінің басшысы Дмитрий Киселев: «Бұл тізімдерді, меніңше, Мәскеу интеллигенциясы жасаған. Осы сейсенбіде ғана Путин оларды «бесінші колонна» деп атаған болатын» деді. «Негізінде, Путин бұл терминді Ресейдің саяси тілінің қолданысына енгізді. Біз олардың кімдер екенін білеміз. Біздің аттарымызды Батыс елдерінің елшіліктеріне жазып жібергендерін де білеміз» деп қосты ол.

Киселев те қарап қалмай, екі адамның есімін атады. Ол оппозиция лидері Алексей Навальный мен журналист Сергей Пахроменконы «бесінші колоннаның» «батырлары» деп сипаттады.

Бұл үндеу әлеуметтік желілерде таратылған.

ТІЗІМДЕ АЗАТТЫҚ РАДИОСЫ ДА БАР

Кремльмен тығыз байланыстағы сарапшы Сергей Марков Facebook әлеуметтік желісінде 41 адам мен ұйымның атауынан тұратын тізімді жариялады. Киевтегі шерушілерді қолдады деп «айыпталып» отырған олардың арасында Азат Еуропа/Азаттық радиосы да бар.

Оларды «Ресейді сатқандар!» деп жазды Марков.

Бұл риторика Ресей оппозициясы мен тәуелсіз БАҚ-тарға көрсетіліп отырған қысымның күшейе түскенінің белгісі іспеттес. Бұған дейін кабельдік операторлар либералды бағыттағы жұртқа танымал «Дождь» телеарнасына қызмет көрсетуден бас тартқан еді. Ал ғимарат иесі маусымға дейін жалға алынған орынды босатуды сұраған.

Ресейдегі тағы бір аса беделді жаңалықтар веб-сайтының (Lenta.ru) бас редакторы наурыздың басында қызметінен босатылған. Ал оның орнына бұған дейін бір кремльшіл веб-сайтты басқарып келген адам тағайындалды.

Құқық қорғаушы белсенділер жағдай бұдан бетер ушыға ма деп күдіктеніп отыр.

2012 жылы Ресей мемлекеттік думасы бас бостандығынан 20 жылға дейін айыратын «мемлекетке опасыздық жасау» ұғымын кеңейтті. Енді оның ауқымына «Ресей Федерациясының қауіпсіздігіне қарсы... өзге мемлекетке консультативтік не одан өзге көмек көрсету» де кіретін болды.

Наурыз айында «Біртұтас Ресей» билік партиясынан сайланған депутат Евгений Федоров жаңа заң жобасын ұсынған еді. Ол бойынша Ресей бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері «Ресейге қарсы жалған ақпарат» таратқандары үшін жазалануы тиіс екен.

Үкіметтік емес Human Rights Watch халықаралық құқыққорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон былай дейді: «Біз мына мәселеге алаңдаймыз. Ресейдің барлық шенеуніктері Путиннің комментарийлерін былай деп ұғуы мүмкін: яғни үкіметтің кез келген саясатын, соның ішінде Украинаға қатыстысын сынаған кез келген адам сатқын болып шығады».

Ал «Сатқындар» веб-сайтына келер болсақ, оны путиншіл жастар жасағанға ұқсайды. Бұл – оның кіріспесін-ақ білініп тұр.

Онда «Біздің сарбаздарымызды сөгіп, неонацистермен күресу қажеттігіне күмәнмен қараған Ресей азаматтарын сатқындар деп санаймыз» делінген.

(Мақаланы қазақ тіліне аударған - Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG