Accessibility links

Өзі отырған бұтақты өзі қырқу...


Ағаш жарықтықтың адам баласына зиянды көмірқышқыл газын жұтып алып, есесіне сол адам ағзасына қажетті оттегін ауаға бөлетіні- бесенеден белгілі жайт.

Содан болар бабам Қазақ бата бергенде: “Соңыңда бата жасар ұл, өз қолыңмен отырғызған тал, көптің керегіне жарар білімің қалсын” дейтіні. Көктем келіп, жердің тоңы түсісімен аталарымыз жерге ағаш отырғызып, орманды ерекше баптайтын болған.

Бүгіндері болса табиғат қорғаушыларымыз сол орман жарықтықтың қырат, ойпат, жазық далаларда бұрынғы ұйысып тұрған салтанатты қалпынан үріккендей кейіпте, селдірей түсіп, тау басына қарай жылысқандарын айтып, жарғақ құлақтары жастыққа тиместен дабыл қағуда.

Ғалымдардың айтуынша, ағаш атаулының тұқымы азып, қатарының сиреп кетуіне ең әуелі себепші адамзат баласының өзі екен...

Орманды сақтаудың бірнеше тәсілдерінің бірі - қағазды ысырапқа ұшыратпай, тиімді пайдалану дейді олар.

Чехия астанасы Прага қаласында қадам сайын қағаз бен пластикалық заттар және шыны-шиша бұйымдарға арналған жеке-жеке қалдық салғыш арнайы контейнерлер қойылған.
Тұрғындар оларды шатастырып алмас үшін әрқайсысы түрлі түстерге боялып, сыртына “Қағаз үшін”, “Пластикалық бұйымдар үшін”, “Шыныларға арналған” деген жазулар жазылған.

Көптен бері біздің бір байқағанымыз солардың ішінде “Қағаз үшін” деген қорап лезде-ақ толып қалып, тіпті жерге төгіліп жатады. “Бұл қалай?” деп ойға қаламыз.

“Апыр-ау, әрбір артық тасталған қағаз ертеңгі күні бір ағаштың артық қиылуына алып бармай ма? Сонда қазіргі адамзат баласының өзі жұтып отырған оттегінің мөлшерін ойламағаны ма? Келер ұрпақтарының оттегі орнына көмірқышқыл газын жұтқанын қалай ма? Қағазды үнемдеп жұмсауды қашан үйренер екенбіз?” дегендей ойларға берілетініміз бар.

Мұндай сауалдардың бір шешімі табиғатты қорғауға байланысты әр ұрпақ бойында бала кезінен қажетті біліктілікті қалыптастыру дейді мамандар.

Осы Прагада орналасқан Халықаралық орта мектепте оқушыларға “Табиғатты қорғау” атты сабақтар өтіліп, арнайы білімнің берілетінін естіп-біліп жүргенбіз.

Қолымызда-осы мектепте жарық көретін “Шабыт” (“Inspiration”) атты журнал. Бастауыш мектептің бір топ оқушылары ағаштарды қорғау идеясын дамыту мақсатында қаладағы қоқыс реттегіш орталыққа барған екен.

Онда олар пластикалық және шыны қалдықтардан гөрі қағаз қалдықтардың шамадан тыс көп болып, үйіліп жатқанына куә болған. Осы бір қаланың өзінде күніне 75 тоннадай қағаз қалдықтары пайда болады екен. Жылына-25000 тонна! Жантүршігерлік-ақ мәлімет.

Оның үстіне ол қағаздардың барлығы бірдей қайта өңдеуге жарай бермейді екен. Жарамсыздары отқа оранып, ал қайта өңдеуге келеді дегендері Германия, Австрия сияқты елдерге қайта өңдеуге жіберіледі екен. Себебі қағазды бояудан тазартатын техника чех елінде әлі жоқ көрінеді.

Ал енді Қазақ жеріне келсек...

Қағазды қайта өңдеу машинасын ойламақ тұрмақ, сол қағаздарды өзге қалдықтармен араластырмастан, бөлек жинау деген ұғым елде әлі қалыптастапаған да ғой.

Сонда әр қалада шамамен 15 пен 25 мың тонна аралығында қағаз жыл сайын жарамсыз боп жатады десек, бұл үдеріс осы күйінде одан әрі жалғаса беретін болса, онда санаулы жылдар ішінде Қазақстан ормандарының “Қызыл кітапқа” еніп жүрмесіне кім кепіл?

Бұған қоса орманды қарақшылықпен жапыра қиып, ағаштарын заңсыз түрде шетке сату деген індет тағы бар...
Ендеше ағайын, ертеңгі күні жағада қалып, аузын ашқан балықтай боп жүрмесімізге кім кепіл!?...
XS
SM
MD
LG