Accessibility links

23 жыл билік құрған Тунис президенті елінен қашып кетті


Биліктен қуылған президент Зин әл-Абидин бен Алидің алып суреттері сыпырылып түсе бастады. Тунис шаһары, 16 қаңтар 2011 жыл

Биліктен қуылған президент Зин әл-Абидин бен Алидің алып суреттері сыпырылып түсе бастады. Тунис шаһары, 16 қаңтар 2011 жыл

Тунистің премьер-министрі дүйсенбі күні елдің жаңадан біріккен үкіметінің құрамын жариялауға уәде берді. Бұл үкімет тақтан тайған президент Зин әл-Абидин бен Алидің саяси дәстүрін талқандап, ендігәрі демократияны бағдар тұтпақшы.


Тунис үкіметінің басшысы Мохамед Ғаннучи демалыс күндері саяси партия басшыларымен келіссөз өткізіп, оппозиция жетекшілерімен жаңа коалициялық үкімет құру жөнінде бір мәмілеге келгендерін айтты. Үкіметтің құрамы дүйсенбі күні жария болады деп мәлімдеді.

ШИРЕК ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ БЕТБҰРЫС

Ғаннучи жексенбі күні тунистік телеарнаға берген сұқбатында былай деді:

«Еркіндік деген нан сияқты қажет, өйткені еркіндіксіз бізде мақтаныш та болмайды, еркіндіксіз бізде жасампаз болу мүмкіндігі де болмайды. Біз келіссөздер өткізгенде барлық тараптар осыны ескердік. Біз жаңа үкіметті тез арада құруға қажетті ынтымақ жолын таба алдық. Тарихымыздың жаңа бір кезеңін бастауы мүмкін бұл үкіметті дүйсенбі күні-ақ жариялаймыз. Құдай қаласа, Тунис әрдайым әлемге жақсы мысал бола алады. Біз адамдардың өмірге деген құлшынысын сөзбен ғана емес, әрекетпен де көрсетеміз».
Тунистің уақытша президенті Фуад Мебаза (оң жақта) мен премьер-министрі Мохамед Ғаннучи (сол жақта). Тунис, 17 қаңтар 2011 жыл

Жұма күні Тунисті 23 жыл үзбей басқарған президент Зин әл-Абидин бен Али биліктен қуылған соң, елдің уақытша президенті Фуад Мебаза сенбі-жексенбі күндері Ғаннучиден тезірек коалициялық үкімет құруды сұраған. Бұл үкімет конституцияға елде демократия орнатуға негіз болатындай өзгеріс енгізбекші.

Ғаннучи оппозициялық саяси партия жетекшілерімен келіссөзден қашпай, олардың жаңа коалициялық үкімет құрамына тартып отыр.

Ғаннучи жаңа коалициялық үкімет құру жолындағы келіссөздер шынымен алға басып, алдағы уақытта демократиялық және саяси жүйенің дамуына, қайта құру ісіне серпін береді деп сенеді. «Экономикалық және әлеуметтік дамуға қоса, барлық тунистіктердің жақсырақ өмір сүруіне жағдай жасайды», - дейді ол.

НАРАЗЫЛЫҚТЫҢ СОҢЫ ПРЕЗИДЕНТТІ БИЛІКТЕН КЕТІРДІ

Елдегі кедейлік пен жоқшылықтан шаршаған ашулы тунистіктердің төрт апта бойы наразылық танытып, көшеге шығып кетуі елді ұзақ басқарған билікті құлатып тынды. Бірақ қазіргі таңда толқулардан кейінгі бейберекеттік, ұрлық пен тонауға қатысты алаң азаймай отыр.

Осыдан төрт аптадай бұрын 26 жастағы тунистік жігіттің елдегі жұмыссыздыққа наразылық ретінде шарасыздықтан өзін-өзі өртеп өлуі елдің жаппай бас көтеруіне түрткі болған. Оның соңы президентті биліктен шеттетіп тынды.
Жаппай наразылыққа шыққан тунистіктер президентке қаратып "Саудаң бітті!" деген жазу ұстап тұр. Тунис, 14 қаңтар 2011 жыл

Тунисте дүйсенбіге қараған түні бұрынғы президенттің сақшылары президент сарайы маңында қауіпсіздік күштерімен атысып, жағдай әлі қалыпқа түспей тұр.

Бұрынғы президент Зин әл-Абидин бен Алидің қауіпсіздік күштері елде толқу тудырып, жаңа үкіметтің құрылуына кедергі жасап жатыр.

ТЫҒЫНЫ АТЫЛҒАН ТОРСЫҚ

Қаңтардың 17-сінде Тунистің қауіпсіздік күштері қала орталығына жиналғандарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ бен су қолданды. Полиция Тунисте жаңа үкімет жарияланар алдында митингіге шыққан адамдарды күшпен таратып отыр. Жүздеген адам тақтан тайдырылған президент Зин әл-Абидин бен Али басқарған Конституциялық-демократиялық ралли партиясын биліктен біржола кетуге шақырды.

Бұл партия елді 1987 жылдан бері басқарып келе жатқан Зин әл-Абидин бен Алидің қол астында үш мәрте сайлауға түсіп, үшеуінде де «100 пайыз дауыс жинаған». Сөйтіп Батыста өткір сын мен мазаққа ұшыраған еді.

Тунис тұрғыны Халед қазір өз елінде болып жатқан аласапыран жағдайды 1978 және 1984 жылдары болған қанды оқиғалармен салыстырады:
Зин әл-Абидин бен Али, Тунистің биліктен қуылған президенті. Тунис, 12 қараша 2009 жыл

«Еске алатын оқиғалары жоқ елдің келешегі де жоқ. 1978 жылы мұнда қантөгіс болды, 1984 жылы да қанды оқиға болған. Енді, міне, бүгін де қан төгілді. Қазір мұнда жан-жақты күзетіп “өлім эскадроны” жүр. Олар тіпті түрмедегі тұтқындарды босатқызып, жоғары жақты басып, тунистіктерді белгілі бір топтың ықпалындағы үкімет қана ел басқара алады деп сендігісі келеді».

Зин әл-Абидин бен Алидің өзі әскери төңкеріс арқылы билік басына келіп, Тунисті төңірегіндегі басқа араб елдерінің ішіндегі «саяси-экономикалық жағынан ең тұрақты ел» ретінде танытуға барын салып келген еді. 10 миллион халқы бар Тунис өзге солтүстік африкалық араб елдерімен салыстырғанда расында да ең тұрақты, бақуатты ел сияқты көрініп келген.

ТУНИС ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ӘЙЕЛІ 1,5 ТОННА АЛТЫНМЕН ҚАШҚАН

Биліктен күшпен түскен Тунис президентінің жақындары елден шығарда 1,5 тонна алтын әкеткен. Бұл туралы Францияның "Le Monde" басылымы жазып отыр.

Франциялық барлау қызметінің мәліметтеріне сүйенген газеттің жазуынша, Тунис президенті болған Зин әл-Абидин бен Алидің екінші әйелі Лейла Трабелси елден кетер алдында Орталық банктен құны 65 миллион доллар болатын алтын алып шыққан.
Президенттің екінші әйелі Лейла Трабелси елден кетер алдында Орталық банктен құны 65 миллион доллар болатын алтын алып шыққан.

Алғашқыда банк оған алтынды бергісі келмегенімен, президенттің өзі талап еткен соң келіскен көрінеді. Тунис президенті елдегі жаппай наразылық шараларынан кейін Сауд Арабиясына бас сауғалап кеткен.

Бұл тұста Германия сыртқы істер министрі Гидо Вестервелле де Тунистегі жағдайға өз пікірін білдірген әлем саясаткерлерінің бірі болды:

«Дәл қазір Тунис үшін тұрақтылық орнатуға мүмкіндік бар. Демократия тұрақтылыққа бастайтын жол. Бұл тұрғыда Германия үкіметі Тунисті тәртіп пен шынайы демократия құру мүмкіндігін пайдаланып, азаматтық қоғам, ашық пікір білдіру мен баспасөз еркіндігін орнатуға шақырады».

Қазіргі уақытта жаңа үкімет үшін басты мәселе – биліктен қуылған президент Зин әл-Абидин бен Алиді жақтайтын қауіпсіздік күштерін райынан қайтару болып отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG