Accessibility links

Қырым татарлары аннексияны «тоқтатуға» шақырды


Қырым татарларының екінші дүниежүзілік конгресі. Түркия, Анкара, 1 тамыз 2015 жыл.

Қырым татарларының екінші дүниежүзілік конгресі. Түркия, Анкара, 1 тамыз 2015 жыл.

Қырым татарларының дүниежүзілік конгресі "Қырым түбегін Украинаға қайтару үшін барлық тиісті шараларды жасауға" шақырды. Түркияда өткен конгреске қазақстандық делегаттар да қатысты.

Қырым татарларының екі күндік (тамыздың 1-і және 2-сі күндері - ред.) дүниежүзілік конгресінің қорытынды декларациясында "Ресейдің Қырымды аннексиялауын тоқтату керек" деген мәлімдеме жазылған.

Анкарада өткен конгресс делегаттары қабылдаған декларацияда "Украинаның жаңа конституциясында Қырым татарларына автономия беру" мәселесі де айтылған.

Бұдан бөлек, конгрестің қорытынды құжатында "Қырымның тарихи, негізгі әрі байырғы халқы ретінде Қырым татарлары өзін өзі билеу құқығына ие болуы тиіс екені" айтылған. Декларацияда «қауіпсіздік мәселесі, экономикалық және әлеуметтік саладағы заң бұзушылықтарға Қырымды басып алған Ресей жауапты» деп көрсетілген.

Конгреске Қазақстаннан да бірнеше өкіл қатысты. Алматыда тұратын қырымдық татар Урие Курташирова Азаттыққа айтуынша, "ресми баяндамаларда және жиыннан тыс басқосуларда көбінесе Қырымдағы қазіргі жағдай талқыланған". Азаттыққа Анкара қаласынан сұхбат берген Урие Курташирова:

Қырым татарларының дүниежүзілік конгресіне қатысып отырған әйел. Анкара, 1 тамыз 2015 жыл.

Қырым татарларының дүниежүзілік конгресіне қатысып отырған әйел. Анкара, 1 тамыз 2015 жыл.

— Қорытынды декларацияда заңсыз аннексияны (Ресейдің Қырымды аннексиялауын айтады - ред.) дереу тоқтатуға шақырған үндеу бар. Конгресте сөз сөйлеген Украинаның сыртқы істер министрі Павел Климкин Қырымға Украина құрамындағы Қырым татарлары халқының ұлттық- территориялық мәртебесін беру үшін Украина үкіметі «жол картасын» әзірлеп жатқанын айтты. Келесі конгресті Киев немесе Симферополь қалаларының бірінде өткізген жөн деп ұйғарылды, - деді.

Курташированың дерегінше, Қырым татарларының дүниежүзілік конгресіне әлемнің 12 елінен 400-ге жуық делегат қатысқан. Ресей билігі Түркияға жібермегендіктен, бірнеше қырымдық белсендінің конгреске қатыса алмай қалғаны хабарланды. Конгреске қатысушылар "Ресей арнайы қызмет органдары қысымы кесірінен бұл шараны атамекенінен тыс аумақта өткізуге мәжбүр болғандарын" мәлімдеді.

Қырым татарларының дүниежүзілік конгресіне Қазақстаннан барған Урие Курташирова (оң жақта), Қырым татарлары лидері Мұстафа Жемилев (сол жақтан санағанда үшінші тұр). Анкара, 3 тамыз 2015 жыл.

Қырым татарларының дүниежүзілік конгресіне Қазақстаннан барған Урие Курташирова (оң жақта), Қырым татарлары лидері Мұстафа Жемилев (сол жақтан санағанда үшінші тұр). Анкара, 3 тамыз 2015 жыл.

Тамыздың 2-сі күні өткен конференцияда Қырым татарлары жетекшісі Мұстафа Джемилев 2014 жылдың наурызында Мәскеу түбекті аннексиялағаннан кейін, 10 мыңға жуық Қырым татары Қырымнан кетіп қалғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қырым татарларын бұл қадамға түбектегі «дискриминация мен жүгенсіздік» мәжбүр еткен. Джемилевтің айтуынша, Қырым татарлары жастары Ресей армиясына әскери қызметке күшпен шақырылып, «кейін украиналық бауырлармен соғысқа аттандыру қаупі төнген соң елден қашқан».

Қырым татарларының мәлімдеуінше, Қырымның байырғы халқы елде демократиялық еркіндік пен жастардың болашағы жоқ болғандықтан, атамекенінен кетіп жатыр. Мұстафа Джемилевтің дерегінше, Қырым татарлары көбінесе Украинаның құрлық бөлігіне қоныс аударған.

Қазір Қырым түбегінде 300 мыңға жуық байырғы ұлт өкілдері тұрады, бұл - түбектегі екі миллион халықтың 15 пайызы.

Қырымды аннексиялап алғаны және шиеленіс басталғаннан бері 6 мың 400-ден аса адам қаза тапқан Шығыс Украинадағы соғыс қимылдары үшін қарымта ретінде Батыс елдері Ресей шенеуніктері мен компанияларына санкция енгізген. АҚШ пен ЕО шенеуніктері Ресейді «Қырым татарлары қауымына қарсы репрессия жасады» деп сынайды.

Анкарада өткен Қырым татарларының дүниежүзілік конгресі (видео):

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG