Accessibility links

Түріктер босқындардың Грекиядан оралып жатқанына алаңдайды


Түркия полициясы күзетпен әкелген мигранттар. Дикили, 4 сәуір 2016 жыл.

Түркия полициясы күзетпен әкелген мигранттар. Дикили, 4 сәуір 2016 жыл.

200-дей босқын, көбі Пәкістан азаматтары, ЕО мигрант дағдарысын шешу жоспарын әзірлеп жатқандықтан, қайтадан Түркияға оралды. Ал Түркия азаматтары оларға мазасыздана қарайды.

Еуропа Одағы (ЕО) елдері босқындар дағдарысын шешудің жаңа жолдарын қарастырып жатыр, ал Түркия батысындағы теңіз жағасындағы қала Дикилиге сәуірдің 4-і күні Грекиядан мигранттар орала бастады. Қала тұрғындары оларға мазасыздана қарайды.

67 жастағы Дикили тұрғыны Зулейха Озхан ханым Азаттық тілшісіне «Ендігі күнімде тыныш жерде өмір сүрейін деп осында көшіп келген едім. Бірақ мына адамдар келіп жатыр, енді бұлар бізге үлкен проблемаға айналатын сияқты» дейді. Ол көрші тұрған кеншілер қаласынан Дикилиге төрт жыл бұрын қоныс аударған.

Портқа жақын жердегі ғимараттар қабырғасынан сәуірдің 2-сі күні өткен наразылық шеруінен қалған плакаттарды оқи аласыз. Олардың көбінде «Біз Дикилиде босқындар лагері болғанын қаламаймыз!» деп жазылған. Түркияның 40 мың тұрғыны бар шағын қаласына мигранттар ЕО мен Анкара наурыздың ортасында жасасқан келісім бойынша келді.

«ТУРИЗМГЕ КЕДЕРГІ»

Келісім бойынша Түркия ЕО-дан баспана ала алмайтын мигранттарды қабылдайды. ЕО Түркияға депортация жасаған әр мигрант орнына босқын мәртебесін алуға лайық бір сириялық азаматты қабылдайды. Түркия ішкі істер министрі Эфкан Ала мемлекеттің бірінші кезеңде кері қайтатын 500 мигрантты қабылдауға келіскенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Грекия 400 адамның тізімін берген. Деректер бойынша сәуірдің 4-і күні шамамен 200 мигрант үш кемемен келген.

«Назли Жале» деп аталатын көкала кеме түске жуық Түркия жағажай күзеті кемесімен бірге Дикилиге келді. Оның маңына полиция қызметкерлері, дәрігерлер мен муниципалитет қызметкерлері шоғырланды. Паром палубасына дейін ақ брезент тартылды.

Дикилиге мигранттарды алып келген алғашқы кеме. 4 сәуір 2016 жыл.

Дикилиге мигранттарды алып келген алғашқы кеме. 4 сәуір 2016 жыл.

Жолқапшықтарын асынып, сұр көрпелерін ұстаған мигранттарды полиция қызметкерлері айлақтағы тіркеу шатырына алып жүрді. Зейнетке шыққан кенші, 70 жастағы Казим Тасмис жартас үстінде қайта оралған мигранттарға қарап отыр. «Олардың қалай келгенін көріп, қайғыларын бөлісуге келдім» деген ол Дикилиде қазір инфрақұрылым нашар екенін айтты.

«Мигранттар осында қалатын болса, инфрақұрылым жақсартылған күнде де жағдайымыз дұрысталмайды. Жазда мұндағы тұрғындар саны 150 мыңға дейін жетеді, инфрақұрылым бұл ауыртпалықты көтере алмайды» дейді ол.

АЯНЫШ ПЕН ҚОРҚЫНЫШ

Босқындар дағдарысы Дикили тұрғындарының өміріне де әсер ете бастады. Контрабандашылар босқындарды алдымен осы жерден үрлемелі қайыққа отырғызып Еуропаға әкетеді. Наурыздың 31-і күні түрік полициясы Еуропаға өтпек болған 61 сириялық мигрантты ұстады. Олар Дикилидің спорт залында бірнеше күн қамалып жатқан, кейін Түркияның басқа ауданына жөнелтілген.

Қала мэрі Мустафа Тосун сәуірдің 4-і күні келетін мигранттарды қоныстандырмау үшін үкіметпен келіссөз жүргізгенін айтты. Мұнан соң полиция мигранттарды автобуспен Түркияның Грекиямен шекаралас жатқан Кыркларели қаласына апаруға келіскен. «Олардың осында біраз уақыт болатынына алаңдаудың керегі жоқ» дейді ол Азаттыққа.

Жергілікті фотограф, 33 жастағы Утку Каглар Ичтен (Utku Caglar Icten) жағажайда анасымен бірге серуендеп жүр. «Босқындар аймақтың туризм саласына үлкен зардап тигізеді. Олардың ішінде террористер болуы мүмкін. Дикили тұрғыны ретінде мен олардан қорқамын, біздің ортамызда олардың жүргені ұнамайды. Күтпеген жағдайлар болуы мүмкін» дейді ол.

35 жастағы Севим Кизилтас мигранттарды аяп кеткенін айтады. Ол жиенімен бірге теңіз жағасындағы балық мейрамханасына келген екен. «Мен Стамбулдан осында көшіп келдім, жұмыссызбын. Бірақ олардың жағдайы тіпті ауыр. Оларға ашулана алмаймын. Қайықпен келген кезде олардың қолында түк жоқ екенін көрдім» дейді ол.

Дикилиге алғашқы мигранттар кемесі келген кезде Германия белсенділері осындай акция өткізді. Олар жайған матада "Депортацияны тоқтатыңдар, шекараларды ашыңдар" деп жазылған.

Дикилиге алғашқы мигранттар кемесі келген кезде Германия белсенділері осындай акция өткізді. Олар жайған матада "Депортацияны тоқтатыңдар, шекараларды ашыңдар" деп жазылған.

ЕО мен Түркия арасында жасалған келісім бойынша Анкара Грекияға заңсыз жолмен барған барлық мигрант пен босқынды, оның ішінде сириялықтарды да қайтарып алады. ЕО мұның есесіне Түркиядағы сириялық босқындарды ресми түрде қабылдап, Анкараға біраз қаржы бөледі. Сонымен қатар, ЕО елдері Түркияның осы одаққа қосылуы туралы келіссөзді ілгерілетіп, виза тәртібін жеңілдетеді. ЕО мен Түркияның бұл келісімін құқық қорғаушы топтар айыптаған еді.

Сириядағы азамат соғысынан қашқан босқындар нөпіріне Таяу Шығыс пен Азияның кейбір елдерінен заңсыз мигранттар қосылып, былтыр ЕО мигрант дағдарысына ұшыраған. Мигранттар Еуропаға негізінен Түркия арқылы өтіп жатыр. Бұл маршрутты 2015 жылы 880 мыңдай босқын пайдаланғаны, ал биыл екі айда 128 мың мигранттың осы жолмен өткені хабарланды.

Даниелла Чеслоудың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG