Accessibility links

Измир қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан Алаш Қазақ ауылында тұратын ерлі-зайыпты Шеризат Доғру мен Гүлнар Сәлімжанқызы ондаған жыл бойы қымыз ашытып, оны сатумен айналысып келеді.

Ерлі-зайыпты Шеризат Доғру мен Гүлнар Сәлімжанқызы «Измирде қымыз ашытатын қазақтар» ретінде шеттегі диаспораға біршама танылған кәсіпкерлер. Азаттық тілшісіне Гүлнар Сәлімжанқызы Түркиядан қалай жер алып, бизнес ашқандары туралы әңгімелеп берді.

Азаттық: - Қымыз шаруашылығымен айналысып келе жатқандарыңызға қанша уақыт болды?

Гүлнар Сәлімқызы: - Түркияға 1993 жылы көшіп келдім. Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданында туып өскенмін. Жұбайым Шеризат Доғру – түркиялық қазақ, түрік халқының ортақ асы ретінде қымыз өндіру мақсатында фирма құрып 1985 жылдан бастап жұмыс істей бастапты. Жер алып, фирмасының құжаттарын реттеп, мал жинағанша бірнеше жыл өткен. Таза қымыз өндірумен айналысқанына бір жылдай ғана болған екен. Бірақ бұл жақтағы қазақтардың қымыз баптауға икемдері болмаған. Жұмыстары дұрыс жүрмепті. 1990-жылдардың басында Қазақстанға барып, менімен танысып, отау құрдық.

Азаттық: - Қымыз өндірумен тікелей өздеріңіз айналысасыздар ма, әлде жұмысшы ұстайсыздар ма?

Қымызымыз басында өтпейтін. Қазір жарнамалай-жарнамалай біртіндеп үйретіп келеміз. Осы күнде тапсырыс көбейіп, қымыз жетпей қалатын болып жүр.

Гүлнар Сәлімқызы: - Тікелей өзіміз айналысамыз. Қазір қолда 60-қа жуық жылқы бар. Бірақ соның 20-ға жуығын ғана сауамыз. Өйткені жергілікті халық жылқы өніміне қарсы. Сол себепті сауған қымызымыз басында өтпейтін. Қазір жарнамалай-жарнамалай біртіндеп үйретіп келеміз. Осы күнде тапсырыс көбейіп, қымыз жетпей қалатын болып жүр.

Азаттық: - Қымыз сату ісін қалай ұйымдастырасыздар?

Гүлнар Сәлімжанқызы: ­- Біздің отырған жеріміз демалыс аймағы іспетті, туристер, демалушылар жиі келеді. Қымыз тез бұзылып кетпес үшін шағын құтыларға құйып сақтаймыз. Кейде ем үшін іздегендер интернет арқылы тапсырыс береді.

Азаттық: ­- Түркияда жайылым мәселесін қалай шештіңіздер?

Гүлнар Сәлімжанқызы: ­- Біз тұратын жер Измирден 35 шақырым қашықта, Паша Кемал ауданына қарайды. Бұрын жеке ауыл болған екен. Бірақ белгісіз себептермен жердегі су тартылып, ауыл көшіп кетіпті. Иен қалған ауыл екен. Сол ауылдан жолдасым 35 гектар жерді сатып алды. Ол жерде су да, жол да, тіпті электр жарығы да жоқ болды. Соның бәрін жолдасым өз қолымен жасады. 80 метр тереңнен су шығардық. Алғаш шаруашылықты жүргізе бастаған кезде 400 бас қойымыз болған. Құрт-ірімшік өндіретінбіз. Бірақ жайылымның аздығына байланысты қойды азайтып, бірыңғай жылқымен қалдық. Қазір шалымыз екеуіміз ғана тұрамыз.

Азаттық: - ­Түркияда шетелдіктерге жер сату немесе жалға беру мәселесі қалай жүзеге асады?

Қазақстан халқының саны аз. Түркиямен салыстыруға болмайды. Менің ойымша, Қазақстанда жерді жергілікті тұрғындардың меншігіне беру керек.

Гүлнар Сәлімжанқызы: ­- Шетелдіктерге жер сатылады. Заңда рұқсат берілген. Мәселен, біздің айналамызда жер алып, кәсіптерін жүргізіп жатқан ағылшындар, германиялық адамдар бар. Тіпті жақында Қазақстаннан келген бірнеше азаматтың жер сатып алғанын естідім. Бірақ өзім көрмедім.

Азаттық: - Қазақстанда шетел азаматтарына жерді сату түгілі жалға беруге қарапайым халық қарсы шығып жатыр. Сіз бұл ақпаратты қалай қабылдадыңыз?

Гүлнар Сәлімжанқызы: - Қазақстан халқының саны аз. Түркиямен салыстыруға болмайды. Менің ойымша, Қазақстанда жерді жергілікті тұрғындардың меншігіне беру керек.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG