Accessibility links

Ердоғанның «гүленшілерге қарсы соғысы» Қазақстанға жете ме?


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) және діни лидер Фетхуллах Гүлен.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған (сол жақта) және діни лидер Фетхуллах Гүлен.

Түркияда сәтсіз төңкерістен кейін мыңдаған адам қамалып не қызметтерінен қуылып жатыр. Анкараның бұл әрекетін 15 шілде оқиғасына «айыпты» делінген Гүленнің жақтастарына қарсы науқан деп сипаттайды.

Түркия билігі шілденің 15-індегі сәтсіз төңкеріске кезінде ел президенті Режеп Тайып Ердоғанның одақтасы болған, кейін онымен араздасып, 1999 жылдан бері АҚШ-та тұрып жатқан діни лидер Фетхуллах Гүленнің қатысы бар деді. Ердоған 17 шілдеде АҚШ президенті Барак Обаманы «Фетхуллах Гүленді Түркияға беруге» шақырды.

Түркияда 15 шілде оқиғасынан кейін «мемлекетке қарсы қастандық әрекетіне қатысы бар» 35 мыңдай офицер мен полицей, сот пен мемлекеттік қызмет өкілдері ұсталды не қызметтерінен шеттетілді. Гүленді қолдаушыларға қарсы кампанияда 34 журналист куәліктерінен айырылды, білім министрлігінің 15 мың, университеттердің 1500, діни басқарманың 490, премьер-министр аппаратының 257, барлау қызметінің 100 қызметкері жұмыстарынан шығарылды.

Кеше Түркияда Гүленмен байланысы бар делінген 24 теле және радиостанция лицензияларынан айырылды.

Азаттық Түркиядағы сәтсіз төңкерістен кейін басталған «гүленшілерге» қарсы науқанның жайын, бұл оқиғаның Қазақстанға нендей әсері боларын шығыстанушы әрі Түркия бойынша сарапшы Бауыржан Рақымбайдан сұрап білді.

Азаттық: – Түркияда 15 шілде күні болған төңкеріс әрекетіне ел билігі «гүленшілерді» айыптады. Фетхуллах Гүленнің Орталық Азияға, оның ішінде Қазақстанға ықпалы бар ма?

Бауыржан Рақымбай: –Түркияда 2016 жылдың 15 шілдесінде аздаған әскери топтың төңкеріс жасамақ болған әрекетін түрік үкіметі Фетхуллах Гүленнен көріп отырғандығы баршамызға аян. Оған негізгі себептердің бірі – Фетхуллах Гүленнің Түркияда ықпалды адамдардың бірі болғандығы. Ресми үкімет Фетхуллах Гүленді «мемлекет ішінде параллель мемлекет құрмақ болды» деп айыптап отыр.

Шығыстанушы Бауыржан Рақымбай (оң жақта) журналист Қасым Аманжолға сұхбат беріп отыр.

Шығыстанушы Бауыржан Рақымбай (оң жақта) журналист Қасым Аманжолға сұхбат беріп отыр.

Осы жерде «Фетхуллах Гүлен кім және немен айналысты?» деген сұрақ туып отыр. Фетхуллах Гүлен – 10 жасында Құранды жаттап алған қари, 14 жасынан бастап діни уағыз айтуды бастап, ұзақ уақыт үлкен мешіттерде имам қызметін атқарған адам. Жарық көрген бірнеше кітаптары да бар. 1994 жылы жазушылар мен журналистер қорының негізін салған. Фетхуллах Гүлен «Қызмет» қоғамдық-саяси қозғалысының негізін салған. Бұл қоғамда білім беру саласы мен дінаралық қатынастарды дамыту бойынша жұмыс жасап жатыр. Бұл қозғалыстың шамамен 140 елде 1400-ден астам мектептері, 1-8 миллион аралығында мүшесі бар делінеді. Бұл ұйымның құрамына студенттер, оқытушылар, кәсіпкерлер, тілшілер және тағы басқа сала қызметкерлері кіреді деседі.

Бұл жерде мен Фетхуллах Гүленге жарнама жасап отырған жоқпын. Жалпы бұқараға түсінікті болу үшін оның кім екенін және неге соншалықты мемлекеттік дәрежеде осы кісіге көп назар аударылып жатқанын айтып отырмын.

Ал Гүленнің Қазақстанға және Орталық Азия елдеріне тікелей қандай көмек жасағаны туралы, көмек жасалса қанша адамға көмек көрсетілгені туралы нақты дәйектемелер қолымда жоқ.

Таксим алаңына шыққан адамдар Фетхуллах Гүлен бейнеленген қуыршақты ұстап тұр. Стамбул, 18 шілде 2016 жыл.

Таксим алаңына шыққан адамдар Фетхуллах Гүлен бейнеленген қуыршақты ұстап тұр. Стамбул, 18 шілде 2016 жыл.

Азаттық: – Қазақстандағы Гүленге қатысы бар болуы мүмкін ұйымдарға, оқу орындарына қарсы билік тарапынан қандай әрекет күтуге болады?

Бауыржан Рақымбай: – Қазақстанда Гүленге қатысы бар болуы мүмкін деген мекемелердің барлығы жабылуы да мүмкін – әрине, олардың қатысы бар екендігі туралы айғақтар болып жатса. Себебі түрік үкіметі бұл мәселені қатты қолға алып жатыр. Тіпті болмаса ол мекемелер жұмыс жасау тәртіптерін өзгертулері де мүмкін.

Қазақ-түрік лицейлерінің білім беру жүйесі мен методикасы жоғары деңгейде екенін баршамыз білеміз. Сондықтан олардың идеологиялық ұстанымдарын алмай, тек оқыту тәсілдері мен оқыту жүйесін алып қалуға тырысқанымыз дұрыс болады.

Азаттық: – Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары 15 шілде оқиғасы кезінде Ердоғанды жақтаушылар және қарсылар болып дауласып жатты. Бұл неден туындады? Қазақстандықтар Түркияның ішкі істерін жетік біле ме?

Бауыржан Рақымбай: – Иә, ол рас. Оқиға басталғанда, оқиға барысында және одан кейін де Қазақстан жастары арасында түрлі пікірлерлердің тарағандығын әлеуметтік желіден байқадым. Бірақ бұл біздің жастардың Түркия Республикасының ішкі саясатын жақсы біледі дегенді білдірмейді. Түрлі пікірлер туындап жатты. Сонда бір байқағаным, біздің қоғамда түріктану (туркология) саласын іргелі зерттеу бір жолға қойылмаған екен. Себебі әртүрлі сауалдар туындады, бірақ оған жауап жоқ. Біреулері Ердоған үкіметін жақтады, біреулері керісінше.

Түрік полициясы түрік армиясы өкілін тұтқындап әкетіп барады. Мерсин, 19 шілде 2016 жыл.

Түрік полициясы түрік армиясы өкілін тұтқындап әкетіп барады. Мерсин, 19 шілде 2016 жыл.

Өзім оқиға болған түні Анкарада едім. Оқиға барысын телеарналардан жіті бақылап отырдық. Сол кезде-ақ ресми биліктің туындап отырған мәселені өте қысқа мерзімде шешетініне көзім жеткен.

Түрік армиясы өте қуатты. Осы әскердің арқасында Түркия аймақтық әскери державаға айналып отыр. Әскери саясатта да протекционизм саясатын ұстанады. Бұл да түрік әскерінің қаншалықты қуатты екендігін көрсетеді. Түркияда демократия жақсы қалыптасқан. Соңғы, 2014 жылғы тамыздағы сайлауда Ердоған 52 пайыз дауыс иеленіп билікке келген.

Азаттық: – Түркиядағы соңғы дүрбелең ол елдің Орталық Азиядағы беделіне, түркі елдерінің бейресми көшбасшысы рөліне әсер ете ме?

Бауыржан Рақымбай: – Түркия өзін әлеуметтік-саяси жағынан дамыған мемлекет екендігін іс жүзінде дәлелдей алды. Олай дейтініміз әлеумет ресми билікті бірден қолдады. Оқиға бола сала Ердоған халыққа мобилді телефон арқылы «алаңға жиналыңдар, демократияны қорғап қалыңдар» деп еді, түрік азаматтары мұздай қаруланған әскерлерге, танктерге еш қарусыз қарсы тұрды, өлімге бастарын тікті. Бұл да елдегі мемлекеттік тетіктердің қалтқысыз жұмыс жасайтынын көрсетті.

Тек қазір оқиғаға қатысы бар адамдарды жауапқа тарту мәселесін асыра сілтеп алмаса, Түркия тыныштығы сақталатыны хақ. Шиеленіскен жағдайды дер кезінде өз бақылауына алуы Түркияның тек Орталық Азия емес, әлем алдындағы беделін сақтап қалды.

Азаттық: – Сұхбатыңызға көп рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG