Accessibility links

«Қазақстанға кетіп қалғым келеді» дейді түркиялық қазақ жасы


Түркияда тұратын 16 жасар қазақ баласы Таха Ясин Малкоч. Сурет жеке архивінен алынды.

Түркияда тұратын 16 жасар қазақ баласы Таха Ясин Малкоч. Сурет жеке архивінен алынды.

Түркияда тұратын 16 жасар қазақ баласы Таха Ясин Малкоч домбыра шертуді әуелі интернеттен үйренгенін айтады. Ол Стамбулда күй мектебі жоқтығына қапалы.

Стамбулдың Зейтинбурну ауданында тұратын Таха Ясин Малкоч биыл 10-сыныпты бітірді. Әкесі Абдурсалам әскери ауруханада дәрігер болып жұмыс істейтін, ал анасы Үміт үй шаруасында отырған Таха домбыра шертуге қызығып, өз бетінше күй тартуды үйренген. «Қазақстаннан әлдебір өнер адамы келсе, қасына еріп жүріп, бірдеңе үйреніп қалуға тырысамын» дейді бозбала Азаттық тілшісімен сұхбатында.

Азаттық: – Домбыра шертуді неше жасыңда үйрендің?

Таха Ясин Малкоч: – Домбыраның алғашқы қағыстарын бесінші сыныпта интернет арқылы үйрендім. Кейінірек Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінен домбыра меңгерген бір азамат келіп, Стамбулда «Қазақ-түрік қоры» атынан домбыра сыныбын ашты. Өкінішке қарай, домбыра сыныбы екі ай ғана жұмыс істеді де жабылып қалды. Содан кейін өз бетімше үйренуге тырыстым.

Азаттық: – Қайтадан интернетке жүгіндің бе?

Таха Ясин Малкоч (сол жақта) Түркияның Алтай ауылында алғаш рет өткен қазақтардың «Жаз» фестивалінде домбыра тартып отыр. 2015 жылдың мамыры. Сурет жеке архивінен алынды.

Таха Ясин Малкоч (сол жақта) Түркияның Алтай ауылында алғаш рет өткен қазақтардың «Жаз» фестивалінде домбыра тартып отыр. 2015 жылдың мамыры. Сурет жеке архивінен алынды.

Таха Ясин Малкоч: – Жоқ. Домбыра біледі-ау деген кісілердің жанында еріп жүріп, тіпті үйлерінда қона жатып, қағыстарын меңгердім. Солайша бес алты адамның үйінде болып, сол кісілердің шерту мәнерлерін ұғындым, бірер ән, екі күй үйрендім. Сөйтіп жүре-жүре домбыраны бір кісідей ойнайтын деңгейге жеттім.

Азаттық: – Түркияда домбыра шертетін, күй тартатын қазақтар көп пе?

Таха Ясин Малкоч: – Көп емес. Негізінде қазіргі қазақ жастарының бәрі домбыра тартады, бірақ шебер емес. Өйткені олардың бәрі – тек интернет арқылы ғана үйренгендер. Басында олардың бәрі маған домбыраны керемет тартатын адам секілді көрінетін. Кейін өзім домбыраны толық меңгергеннен кейін олардың барлығының шала ойнайтынын аңғардым. Өйткені интернеттен теория жүзінде меңгергеніңмен, практика жүзінде меңгере алмайсың. Қағыстарың дұрыс болмай қалады да шертіп отырған күйдің әуенін бұзып жібересің. Стамбулда қазір домбыра үйрететін арнайы мектеп жоқ деуге болады. Өйткені «Қазақ-түрік қорының» жанынан ашылған мектепте сабақ беретін мұғалім жоқ.

Мен Қазақстаннан бір өнер адамы келсе, сол кісіні іздеп барып, еріп жүремін. Ол кісіден бір нәрсе алып қалуға тырысамын. Мысалы, жақында Арай Асқап дейтін әнші Түркияға келіп кетті. Оның алдында ақын Балғынбек Имашев келді. Сол секілді көптеген өнер адамдары келеді. Соларға барып, домбыра тартысын, қағысын үйреніп, өзімше шеберлігімді жетілдіремін.

Қазір Түркияда домбыра шертетін жастарды күй тартып беруге жиындарға шақырады. Ондағы Алтай ауылында алғаш рет қазақтардың «Жаз» фестиваль өтті, сонда күй тарттық. Осы фестиваль аясында ауылда dombyra party ұйымдастырдық.

Таха Ясиннің орындауындағы Құрманғазының "Адай" күйі:

Азаттық: – Қазір қанша күй білесің?

Таха Ясин Малкоч: – Құрманғазының «Адайы» мен «Балбырауыны», Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымы», Секен Тұрысбектің «Көңіл толқыны», содан кейін «Келіншек», «Кен», «Жастар биі», «Домбыра» секілді сегіз күй білемін. Қазір «Сарыарқа» күйін үйреніп жүрмін.

Азаттық: – Сен білетін ән-күйлердің арасында жергілікті қазақтардың арасында бұрыннан келе жатқан, Қазақстанға бейтаныстары кезіге ме?

Таха Ясин Малкоч: – Жоқ.

Азаттық: – Болашақта Қазақстанға келіп, өнеріңді жетілдіру ойың бар ма?

Таха Ясин Малкоч: – Әкем бұрындары Түркиядағы «Қазақ-түрік қорының» жетекшісі болып тұрған еді. Сол кезде бір жағдайлармен Қазақстанға келіп, Қаскелеңде бір жыл тұрдық. Сосын қайтадан көшіп кеттік. Қазір де Қазақстанға кетіп қалғым келеді. Бірақ әке-шешем «ол жақта үй-күйің жоқ, қалай күн көресің» деп жібергілері келмей отыр. Сонда да биыл жазда Қазақстанға бір айға қыдырып барып қайтамын.

Азаттық: – Сұхбатыңа рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG