Accessibility links

Бішкектің Анкараға «гүленшілерге» қатысты жауабы


Қырғызстан мен Түркия тулары.

Қырғызстан мен Түркия тулары.

Ресми Бішкек Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглудың «гүленшілер Қырғызстанды Орталық Азиядағы базасына айналдырды» деген мәлімдемесіне жауап қайтарды. Анкара АҚШ-та тұратын діни қайраткер Фетхулла Гүленді Түркияда мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды деп айыптайды.

ТҮРІК МИНИСТРІНЕ ЖАУАП

Қырғызстан СІМ (сыртқы істер министрлігі) мәлімдемесінде Түркияның Қырғызстан үшін бауырлас ел екені, екі халықтың тарихи тығыз байланыс орнатқаны айтылған.

«Біз түрік ресми тұлғаларының алаңдауына түсіністікпен қараймыз. Бірақ Қырғызстан – ненің жақсы, ненің жаман екенін өзі түсініп, айыра алатын, шешім қабылдауға қабілетті тәуелсіз, егемен мемлекет екенін де ескерткіміз келеді. Әлдебір елдің сыртқы істер министрінің өзге бір елге қандай іс-қимылдар жасау қажеттігін нұсқауын, оның үстіне ультиматум қойып, қоқан-лоққы жасауын дөрекілік деп санаймыз» делінген мәлімдемеде.

Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Түркия тарабынан Қырғызстан территориясында жұмыс істейтін түрік жеке меншік білім мекемелеріне қатысты жолдау алғанын хабарлайды.

«Қырғызстан оны мұқият тексереді әрі қажет болса, дер кезінде тиісті шаралар қолданады. Бұл үшін белгіленген құқықтық нормалар, тараптардың міндеттемелері тәрізді мәселелер бар. Бірақ біз мұның бәрі еліміздің ішкі ісі деп санаймыз» делінген мәлімдемеде.

Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу. Брюссель, 30 маусым 2016 жыл.

Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу. Брюссель, 30 маусым 2016 жыл.

Түркияның сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Аланье қаласында сөйлеген сөзінде егер Қырғызстанның «гүленшілерге» деген көзқарасы өзгермесе, ол екі елдің ара қатынасына әсер етеді деп ескерткен. 25 шілдеде «HaberTurk» телеарнасына берген сұхбатында министр әлгі сөзін тағы қайталап, «Қырғызстанда Фетхулла Гүлен қозғалысының ықпалы күшейіп келе жатыр» деп мәлімдеген. Чавушоглу Қырғызстан басшылығына бұл қозғалыстан төнетін қауіп жайлы ескерткенін де айтқан.

– Біз кей елдерге ескерттік. Мысалы, Қырғызстан сыртқы істер министрлігіне қоңырау шалдық. Өйткені олар (гүленшілер) Қырғызстанды Орталық Азиядағы өзінің базасы ретінде таңдаған. Олардың қатары күн сайын өрмекшінің торындай жайылып барады. Олар билікке келсе, Қырғызстанда да төңкеріс ұйымдастыруы мүмкін. Мен Түркияда әскери төңкеріс жасауға әрекеттенген террористік ұйымның жұмыс істеуіне рұқсат етуге болмайды деп санаймын, - деген ол.

Бұған қоса, Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоглу телефон арқылы сөйлескен кезде Қырғызстан сыртқы істер министрі гүленшілер ұйымдарының тізімін сұрағанын әрі ондай тізімнің Қырғызстанға жолданғанын хабарлаған.

«Егер біз теріс жауап алсақ, оларға деген көзқарасымыз өзгереді. Өйткені адам туғандарынан мұндайды күтпейді» деген Чавушоглу.

«МҰҚИЯТ ҚАДАҒАЛАУ ҚАЖЕТ»

Жергілікті кей сарапшылар Анкараның Бішкекке шарт қойған мәлімдемесіне сын айтады. Халықаралық мәселелер жөніндегі сарапшы Ескендір Ормон уулудың пікірінше, мұндай әрекеттерді тәуелсіз елдің ішкі ісіне араласу ретінде бағалауға болады.

– Бұл - елдің тәуелсіздігіне шәк келтіретін әрі Қырғызстанға зияны тиюі мүмкін позиция. Олар бізге құдды қоқан-лоққы жасағандай көрінеді. Чавушоглудың «Қырғызстан сыртқы істер министріне телефон соғып, көзқарасы өзгермесе, біздің қарым-қатынасымыз өзгереді деп айттым» деген сөздері дипломатия тілінде өте дөрекі болып саналады. «Себат» мектептерін Түркия азаматтары құрған жоқ. Бұл – біздің стратегиялық мақсаттарымыздың бірі, - дейді ол.

24 шілде күні Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоглу Анкараға әлемнің бірқатар елдерінің үкіметтері қолдау танытқанын мәлімдеген. Ол «2016 жылдың 16 шілдесіне қараған түні мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болғандардың артында Фетхулла Гүлен мен оның жақтастары тұр, енді оларға қарсы шаралар қолдану қажет» де мәлімдеген. Чавушоглу бұған қоса, Қырғызстанда Гүленнің жақтастары нық отыр деп айтқан. Ол «Қырғызстанның сыртқы істер министріне телефон соғып, оларға деген қарым-қатынасты өзгертіңдер, әйтпесе Бішкек пен Анкараның арасы нашарлайды» деп айтқанын мәлімдеген.

Қырғызстанда Түркияның қолдауымен ашылған қыздар лицейі.

Қырғызстанда Түркияның қолдауымен ашылған қыздар лицейі.

Жогорку Кенештің бұрынғы депутаты Өмірбек Әбдірахманов «Себат» жүйесіне қарасты білім мекемелері сапалы білім беріп, пайда әкелмесе, зияны жоқ дейді. Оның пікірінше, түрік лицейлерінің Фетхулла Гүленмен тікелей байланысы жоқ.

– Егер «Себат» лицейлері тәртіп бұзбай, заңға сәйкес жұмыс істеп жатса, оларға тиісуге құқымыз жоқ. Оларды Фетхулла Гүлен қаржыландырмайды. Ол тек тұжырымдамасы жайлы ғана айтты. Ол – діндар кісі. Оның айтуынша, білім негізін дін құрауы тиіс. Мемлекет демократиялық жолмен дамуы тиіс екенін айтқан. Мұндай мектептер әлемнің 150 елінде бар. Олардың бәрі осы идея негізінде ашылған. Олар бір орталықтан басқарылмайды және қаржыландырылмайды. Түсіп жатқан қаржы Гүлендікі емес, - дейді ол.

Оларға тиісуге болмайды. Бақылауды күшейтіп, мұқият қадағалау керек.

Ал саясаттанушы Марс Сариев жуырдағы оқиғалардан кейін «Себат» жүйесіне қарасты оқу орындарын мұқият қадағалап, кей жайттарды тексеру қажет деп санайды.

– «Себат» – жақсы мамандар даярлайтын мектеп, біз мұның үлкен геосаяси жоба екенін ескеруіміз керек. Гүлен – АҚШ орталық барлау басқармасымен (ЦРУ) байланысты жүйелі жоба. Бірақ біз қазір «Себат» мектептерін жауып тастасақ, Қырғызстан қоғамына кесірі тиеді. Үлкен, қиын проблемалар туады. Оларға тиісуге болмайды. Бақылауды күшейтіп, мұқият қадағалау керек. Өзге жолы жоқ. Бұған қоса, қазір Гүленнің жақтастары Түркиядан қашып жатыр. Олардың көбі демократиялық Қырғызстанға келуі мүмкін. Сол кезде Ердоғанға қарсы күштер пайда болуы ықтимал. Сондықтан мұны да ойлаған жөн, - дейді ол.

Түркия президенті Режеп Ердоған (сол жақта) мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 10 сәуір 2013 жыл.

Түркия президенті Режеп Ердоған (сол жақта) мен Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Бішкек, 10 сәуір 2013 жыл.

Қырғызстанның жоғары басшылығы Гүленге қатысты мәлімдемеге орай әзірше комментарий берген жоқ.

Бұған дейін Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Түркияның заңды сайланған билігіне қолдау танытып, Түрік республикасында тезірек тыныштық, заңдылық пен тәртіп орнатуға шақырған. Бақылаушылар екі елдің басшыларының арасы қазір жақын емес екенін айтады.

Түркия билігі төңкерісті АҚШ-та тұратын діни қайраткер Фетхулла Гүлен ұйымдастырған деп санайды. Ресми Анкара оны тұтқындап, Түркияға экстрадициялауды талап еткен. Кейінгі күндері елде Гүленнің жақтастары мен «Хизмет» қозғалысымен байланысы бар деген күдікпен 1043 жеке меншік мектеп, бір мыңнан астам қор, 30 шақты денсаулық сақтау мекемесі жабылған.

Бүлікке қатысы бар деген күдікке ілінген әрі арасында жоғары лауазымды офицерлер, шенеуніктер, судьялар бар мыңдаған адам ұсталған. Ішінде дәрігерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметшілер бар мыңдаған адам қызметінен босатылған.

Фатхулла Гүленнің «Хизмет» қозғалысы қаржыландыратын түрік білім беру мекемелері әлемнің 100-ден аса елінде жұмыс істеп жатыр. Кей дерек бойынша, Қырғызстандағы «Себат» білім мекемесінің де Гүленге белгілі бір қатысы болуы мүмкін.

Ресми дерекке сәйкес, бұл мекемеге елдегі 15 лицей, бір университет және бірнеше мәдени-қайырымдылық ұйымы кіреді. Қырғызстанда алғашқы лицейлер 1993 жылы ашылған.

(Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Элеонора Бейшенбек кызының мақаласы.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG