Accessibility links

Мухаммад Салихті түрік полициясы қорып тұр


Өзбек оппозициясының жетекшісі Мухаммад Салих Түркиядағы үйінің алдында тұр.

Өзбек оппозициясының жетекшісі Мухаммад Салих Түркиядағы үйінің алдында тұр.

Түркияның ІІМ қуғындағы өзбек оппозициясының жетекшісі Мухаммад Салихтің үйін күзетіп тұр. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметіне Түркия ІІМ-нің өкілі хабарлады.

Бұған дейін тамыздың 24-іне қараған түні Өзбекстан халық қозғалысы мен поозициялық "Эрк" партиясының жетекшісі Мухаммад Салих өзінің үйін белгісіз біреулер атқылағанын мәлімдеген еді. Салихтің сөзінше, оның мекеніне екі адам көлікпен келіп шабуыл жасаған. Олар үйді сыртынан атқылаған соң гильзаларын жинап алып, оқиға орнынан зым-зия жоқ болған. Шабуыл жасаушылар Мухаммад Салих тұрып жатқан үйдің есік-терезелерін атып қиратқан.

Азаттық радиосының мәліметі бойынша, Салихтің не өзі, не отбасы мүшелері жараланбаған. Саясаткер бұл шабуыл өзінің қоғамдық қызмметіне байланысты ұйымдастырылған деп санайды. Полиция оқыс оқиғаны тексеріп жатыр.

Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында ол:

- Түркияда дұшпандарым жоқ. Мен - саясаткермін, бұл шабуыл - саяси қызметіме кедергі жасамақ болғандардың ісі. Мұның артында кім тұрғанын әзірше білмеймін. Демалыс күні болғандықтан, арнайы ұйымдастырылған деп топшылаймын, - деді.

Мухаммад Салих Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың саяси қарсыласы деп саналады. 1991 жылы ол Каримовпен бірге сайлауға түсіп, жеңіліп қалған еді. 1993 жылы оған қысым жасау күшейген соң Салих Өзбекстаннан сыртқа кетуге мәжбүр болған. 1999 жылы Өзбекстанның Жоғарғы соты оны Ташкенттегі жарылыстарға қатысы бар деген айыппен ұзақ мерзімге соттаған.

Кейінірек оның Өзбекстандағы екі туысқаны түрмеге түскен. Олардың бірі 2013 жылы көктемде бостандыққа шықты. Мухаммад Салих Азаттыққа берген сұхбатында саяси қызметтен бас тартпайтынын, қоқан-лоқыға қарамастан Ислам Каримовтың режиміне қарсы күресе беретінін айтты.
XS
SM
MD
LG