Accessibility links

Ердоған: Түркияда "жаңа кезең" басталады


Жақтастары премьер-министр Режеп Тайып Ердоғанның президент сайлауында жеңгенін тойлап жатыр. Стамбул, 10 тамыз 2014 жыл.

Жақтастары премьер-министр Режеп Тайып Ердоғанның президент сайлауында жеңгенін тойлап жатыр. Стамбул, 10 тамыз 2014 жыл.

Түркиядағы президент сайлауында премьер Режеп Тайып Ердоғанның жеңіске жеткені хабарланды. Жеңіс оған президенттің құзырын кеңейту жайлы айтқан сөзін іске асыруға мүмкіндік ашады.

Түркияда 10 тамыз күні ел тарихында алғаш рет төте дауыс беру жолымен өткен президент сайлауының алдын ала нәтижесі бойынша премьер-министрі Режеп Тайып Ердоған жеңіске жеткені хабарланды.

Жексенбі күні Анкарада өзінің "Әділет және даму" партиясының штаб-пәтерінде сөйлеген сөзінде Ердоған елде "татуласудың жаңа кезеңі" басталатынын мәлімдеді. "Бүгін біз бір кезеңді аяқтап, екніші кезеңге аяқ басып отырмыз. Түркиядағы ескі дауларды доғарып, жаңа әлеуметтік татуласу кезеңіне көшейік" деді ол.

Дауыс беру бюллетендерінің көпшілігі саналғаннан кейінгі алдын-ала нәтижелер бойынша, сайлаушылардың 52 пайызы Ердоғанға қолдау білдірген. Президент сайлауына дауыс беруге азаматтардың 73 пайыздан астамы қатысқан.

Саяси қарсыластары Ердоған билікті өз уысына шоғырландырып, парламентке, үкімет пен сот жүйесіне бақылау орнатуы мүмкін деп алаңдайды.

Режеп Тайып Ердоған 2003 жылдан бері Түркия премьер-министрі қызметін атқарып келеді. Өзі жетекшілік ететін "Әділет және даму" партиясының ережелері бойынша, Ердоған келесі кезеңге үкімет жетекшілігіне сайлана алмайды.

Президент сайлауы алдында Ердоған егер жеңіске жетсе конституцияға өзгерістер енгізіп, президентке атқарушы биліктің біраз өкілетін беру жөнінде мәлімдеген еді. Сарапшылар Ердоған жеңсе Түркияда саяси биліктің сипаты өзгеруі мүмкін дейді.

Ердоғанның жақтастары Түркия экономикасының қарқынды өсуін, елдің саяси өміріне ықпал жүргізіп келген әскерилерді саясаттан алыс ұстауын және консерваторларға тең құқықтар беруін Ердоғанның басты жеңісі деп біледі.

Бірақ саяси қарсыластары Ердоған билікті өз уысына шоғырландырып, парламентке, үкімет пен сот жүйесіне бақылау орнатуы мүмкін деп алаңдайды.

Түркия президенті сайлауына Ердоғаннан өзге екі үміткер түсті. Парламенттегі негізгі оппозициялық партиялардың ортақ кандидаты Экмеледдин Ихсаноглу сайлауда 38 пайыз дауыс жинаса, күрдтердің қолдауына сүйенген Халықтық демократиялық партиясының жетекшісі Селахаттин Демирташты жақтап сайлаушылардың 10 пайызға жуығы дауыс берген.

Түркия премьері Режеп Ердоған (сол жақта) мен ел президенті Абдолла Гүл - партиялас серіктер.

Түркия премьері Режеп Ердоған (сол жақта) мен ел президенті Абдолла Гүл - партиялас серіктер.

Түркия президенті сайлауының түпкілікті ресми нәтижесі 11 тамыз күні жарияланбақ. Президентті ұлықтау 28 тамызға белгіленген.

Түркияда республика президентін 1923 жылдан осы уақытқа дейін парламент депутаттары сайлайтын. Президентті жалпыхалықтық сайлауда төте дауыс беру жолымен таңдау туралы өзгеріс ел конституциясына 2007 жылы енгізілген.

Сол жылы Түркия президенті болып сайланған Абдолла Гүл - үкімет жетекшісі Режеп Тайып Ердоғанның партиялас серігі. Оның қызмет өкілеттігі биыл тамызда аяқталады.

Видео: Жақтастары Ердоғанның жеңісін тойлап жатыр. Анкара, 10 тамыз 2014 жыл.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG