Accessibility links

Түркіменстан тәуелсіз ақпараттың тарауын шектемек


Түркімен үкіметі бұған дейін де елдегі спутник антенналарынан құтылуға тырысқан. Бірақ осы жолғы шешімді іске асыратын түрі бар.

Түркімен үкіметі бұған дейін де елдегі спутник антенналарынан құтылуға тырысқан. Бірақ осы жолғы шешімді іске асыратын түрі бар.

Түркіменстандағы үкіметтік емес ұйымдар бірлестігі «Үкімет жекеменшік телеарналар мен радиолардың спутник антеннасын алып тастау туралы шешім шығарды. Мақсат – Азаттықтың Түркімен қызметі хабарларын таратпау» дейді.

Евразия мен АҚШ-тағы 60-қа жуық үкіметтік емес ұйымдардың басын қосатын «Civic Solidarity Platform» ("Азаматтық ынтымақтастық" - CSP) қауымдастығы болжамы бойынша, «кампанияны ұйымдастырушылар алдымен Азаттықтың Түркімен қызметі – «Азатлық» радиосы хабарларын таратпауды көздейді».

«НЕГІЗГІ НЫСАНА - «АЗАТЛЫҚ»

CSP хабарлаған жағдай Азаттыққа таңсық емес. Түркімен үкіметі бұған дейін де елдегі спутник антенналарынан құтылуға тырысқан. Бірақ осы жолғы шешімді іске асыратын түрі бар.

Түркіменстан үкіметі елдегі жаңалық тарататын ақпарат құралдарын толық өзі бақылағанды жөн көреді.

Құны 100 доллардан аспайтын спутник антеннасын сатып алған түркімендер содан бері басқа ақпарат көздерін көріп, соның ішінде «Азатлық» хабарларын да тыңдап келді.

CSP жариялаған мәлімет бойынша, «Билік жаңа шешім қабылдаған». Олар енді «спутник антенналары арқылы жүздеген тәуелсіз халықаралық басылымдарды көріп, тыңдап отырған халықты осы мүмкіндіктен айырмақ».

CSP «Бұл кампанияны ұйымдастырушылар алдымен Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарларын таратпауды көздеп отырғанын» ескертіп, «Азатлық» радиосын «Елдегі оқиғалар мен әлем жайлы түркімен тілінде тәуелсіз ақпарат тарататын бірден-бір дереккөз, оны ел тұрғындарының көбі тыңдайды» деп жазады.

«Азатлық» қазіргі Түркіменстанның жағдайына қатысты көптеген мәселелерді сөз етеді. Мәселен, «Азатлық» тұрғын үйге қатысты қиындықтар, пойызға билет алу үшін ұзақ-сонар кезекке тұратын жандардың шағымы, құқықтарының сақталуын талап еткен азаматтардың қамалуы және сотталуы немесе Ауғанстанмен шектесетін оңтүстік шекарадағы қауіпті ахуал және т.б. мәселелер жөнінде хабарлар таратады. Ал бұл мәселелер жайлы түркімен билігі жұмған аузын ашпайды және шенеуніктер олардың жарияланғанын қаламайды.

«АНТЕННАЛАР ҚАЛА КӨРКІН БҰЗАДЫ»

CSP жазуынша, «Азатлық» радиосын түркімен халқы спутник антенналары арқылы тыңдап келген, ал Түркіменстан туралы, ондағы адам құқықтарының ахуалы жайлы хабар тарататын басқа арналар мен сайттар (оның ішінде «Азатлық» сайты да бар) құлыпталған».

Ашхабадтағы спутник антенналары. 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ашхабадтағы спутник антенналары. 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

«Азатлық» мұндай шараларға таңғалмайды және түркімен үкіметінің спутник антенналарының қожайындарына балама ұсынатынын да біледі.

Үкімет спутниктік антенналар орнына «кабельдік арналар пакетін» беруге уәде берді. Оған «Ресей, Түркия және Үндістанның» ойын-сауық арналары кіреді, бірақ олардың ешбірінде жаңалықтар бағдарламасы жоқ.

Түркіменстан билігі «спутник антенналарының хабар таратуын кез келген уақыт тоқтатамыз» деп бұрыннан ескертіп келді. Бұрын көріп келе жатқан спутник арналары ажыратылған тұрғындар мемлекет мақұлдаған «пакетті» көруі мүмкін.

Енді «Азатлықты» кейбір антенналардан ғана көруге мүмкіндік қалады. Бұрын да елдегі спутник антенналарынан құтылу кезінде айтқан желеулерін осы жолы да қайталаған түркімен билігі «қалқайған антенналар Түркіменстан қалаларының сән-салтанатын бұзып тұр» дейді.

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG