Accessibility links

Дағдарыс Түркіменстандағы наразылықты күшейтті


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашғабад, 28 қаңтар 2016 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов. Ашғабад, 28 қаңтар 2016 жыл.

Түркіменстанда дағдарыс басталғалы диктатура іргесі шытынап, «Алтын ғасырдың нұры» көмескілене бастаған.

Биліктегілердің сөзіне сенсек, Түркіменстан байлық пен берекеге кенелген «Алтын ғасырда» өмір сүріп жатыр.

Алайда біраздан бері жағдайдың күрт өзгергені байқалады. Диктатуралық билік шытынап, «Алтын ғасырдың» нұры көмескілене бастаған.

Оқшауланған патшалық болғандықтан, бұл елдің ішіндегі жағдайды, оның қайда бет алып бара жатқанын айту қиын.

Азаттықтың Түркімен қызметі Түркіменстандағы соңғы оқиғаларды талқылау мақсатында сұхбат ұйымдастырды. Сұхбатқа Eurasia Net сайтының Орталық Азия бойынша редакторы Питер Леонард пен «Балама Түркіменстан» веб-сайтының негізін қалаған журналист Руслан Мятиев қатысты. Пікірталасты Азаттықтың Түркімен қызметі директоры Мухаммад Тахир жүргізді.

«ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАЛЫ КӨРМЕГЕН ҚИЫНДЫҚ»

- Әсіресе өткен жылы Түркіменстанда экономикаға, әлеуметтік өмірге және халықтың бостандығына қатысты көп нәрсе өзгерді, - деді Мятиев.

Түркіменстан парктерінің бірінде ұйықтап отырған әйел.

Түркіменстан парктерінің бірінде ұйықтап отырған әйел.

Сарапшылар айтуынша, Түркіменстан тәуелсіздік алғалы бері көрмеген қиындықты бастан кешіп жатыр. Бұл ел табиғи газды экспорттаудан түсетін табысқа тәуелді. Әлемдік нарықта газ бағасының күрт құлдырауы мұндағы жағдайға қатты әсер еткен.

Дағдарыстың басталғанын айғақтайтын дәлел жеткілікті. Былтыр түркімен үкіметі электр, газ және суға берілетін субсидияны қысқартатынын хабарлады. Халық бұған дейін тегін пайдаланып келген коммуналдық қызмет түрлеріне ақша төлей бастады. Ақысы әзірге онша қымбат емес, дегенмен үкімет субсидия беруден мүлде бас тартқан жағдайда бағаның шарықтайтыны анық.

Түркіменстан үкіметі елдегі жұмыссыздық туралы мүлде ештеңе айтпайды, сондықтан бұл салада ахуалдың қалай екенін сипаттау қиын. Жергілікті халықтан жинаған ақпараттарды негізге алған кейбір оппозициялық сайттар газ өнеркәсібі саласында қызметкерлерді қысқарту жүріп жатқанын, жұмысшылардың жартысына жуығы босатылуы мүмкін екенін хабарлады. Жақында үкімет Ашғабадта тіркеуде жоқ адамдардың астанаға кіруіне тыйым салды. Бұл – жұмыссыз халықтың Ашғабадқа ағылуына тосқауыл қою үшін қолға алынған шара деген болжам бар.

«ҚЫСЫМ КҮШЕЙДІ»

Питер Леонардтың айтуынша, үкімет әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды бүркемелеп, жетістіктерді әспеттеуге құмар. «Түркіменстанда экономикалық табыстың белгісі ретінде ақ мәрмәрды, үлкен жобаларды, стадиондар мен ипподромдарды, ескерткіштерді көрсетеді. Экономикадағы олқылықтың басты белгілері – жұмыссыздықтың артуы, өндірістің азаюы емес, оның негізгі белгілері – жолдардағы шұңқырлар мен ұсқынсыз үйлер» дейді Леонард.

Бұдан біз үкіметтің әлеуметтік жобаларды қысқартып, елге пайдасы жоқ үлкен жобаларды қаржыландыруға бюджет ақшасын көп жұмсап жатқанын байқаймыз.

Түркіменстан темір жолынан өтіп бара жатқан адамдар.

Түркіменстан темір жолынан өтіп бара жатқан адамдар.

Жақында Түркіменстанда соңғы 20 жыл ішінде болмаған ерекше оқиға - әлеуметтік толқулар болды. Шығыстағы Лебап аймағындағы газ өндіру саласының жұмысшылары жазда ереуілге шықты. Бұған қоса, былтыр қыста Ашғабадтан шығысқа қарай 220 километр жердегі Тежен қаласында да ереуіл болып, белсенділер жаппай тұтқындалыпты деген мәлімет бар. Бірақ елден көбіне бір-біріне кереғар ақпараттар келеді.

Кереғар болатын себебі, шетелдегі ақпарат құралдарына Түркіменстаннан, әсіресе оның астанасы мен Аваза курорттық аймағынан басқа өңірлерден ақпарат алу мүмкін емес. Соңғы айларда ақпарат құралдарына қысым тіпті күшейе түскен. Азаттықтың Түркімен қызметі бұған дейін ел ішінен там-тұмдап ақпарат жіберіп тұратын. Алайда Орталық Азия аймағында қиындықтар басталғалы Азаттық тілшілеріне қысым күшейіп, тілші Сапармамед Непескулиев тұтқындалды.

Непескулиевті жақындарына еш хабар берместен қамауда ұстаған полицейлер оған «есірткі сақтады» деген айып тағып, ешқандай адвокат берместен сот өткізіп, артынан жылдамдатып түрме жазасына кесті.

Түркімен үкіметі сыртқа қандай ақпарат тарайтынына қатты алаңдайды. Осыған дейін Азаттық тар ауқымда жұмыс істеп келген, дегенмен Непескулиевтің және басқа да тілшілердің басындағы оқиғалар Түркіменстандағы ахуал нашарлаған сайын қысымның одан сайын күшейіп бара жатқанын айғақтайды.

Мятиевтің айтуынша, бұл – репрессиялық саясаттың бір бөлігі. «Халық қазіргі саясатпен келіспейтіндерін айта бастап еді, қуғын-сүргін де күшейе түсті» дейді ол.

«БИЛІК ІШІНДЕГІ ТАРТЫС»

Табыстың азаюы үкіметтің өз ішіне де жік түсіруі ықтимал. Соңғы апталарда үкіметтегі лауазымды тұлғаларды қызметтен босату жиілеп кеткен.

Азаттықтың сотталған тілшісі Сапармамед Непескулиев.

Азаттықтың сотталған тілшісі Сапармамед Непескулиев.

- [Президенттің] төңірегіндегі адамдар кішірейіп бара жатқан бәліштің бір бөлігін қарпып қалуға тырысып жатыр. Ол үшін «анау ұрлап қойды» немесе «анау жұмысын дұрыс атқармады» деп өзгеге пәле жабу оңай, яғни кілем астында күрес жүріп жатыр, - деді Леонард.

«Президент Гурбангулы Бердімұхаммедов маңында тартыс басталуына оның отбасы кінәлі» дейді Мятиев. Оның айтуынша, президенттің жақындары барған сайын ел экономикасының көп саласын «жаулап» жатыр.

Бердімұхаммедов келер жылғы сайлауға қатысу мақсатында ел конституциясына өзінің үшінші мәрте президенттікке түсуіне рұқсат ететін өзгерістер енгізбек. Оның бұл мерзіммен де шектеліп қалмауы мүмкін.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG