Accessibility links

Түркімен түрмесіндегі аштықпен азаптау жайын айтты


Түркіменстандағы "ең сұмдық" түрмеде отырып шыққан атбегі Гелді Кяризов.

Түркіменстандағы "ең сұмдық" түрмеде отырып шыққан атбегі Гелді Кяризов.

Түркіменстанда президент Сапармұрат Ниязовтың тұсындағы репрессия кезінде атбегі Гелді Кяризов қолында билігі бар тұлға еді. Ол бір-ақ күнде елдегі «ең сұмдық» түрмеге түсіп, бес ай отырып шықты.

Орталық Азиядағы құпиясы мол осы бір мемлекеттен кетуге қыркүйек айында ғана рұқсат алған Гелді Кяризов Азаттық радиосына елдегі ең қорқынышты түрмеде тұтқындарды қалай «аштықпен азаптайтынын» әңгімелеп берді.

«ҚҰР ТЕРІСІНЕ ІЛІНГЕН ТҰТҚЫНДАР МАЙМЫЛ ТӘРІЗДІ»

Ашхабадтан алыс, Түркіменстанның шөл даласында орналасқан Овадан-Депе түрмесіне айдауылдар Кяризовты әкелгенде, басына кигізген қабын шешіп, «Саған енді тек Құдай көмектесе алады» деген. Біраз уақыттан соң түрменің «арнайы блогында» отырған камераластары да оған «Бұл жерден ешкім әлі тірі кеткен емес. Кірген із бар, шыққан із жоқ» деп түсіндірген.

Бірақ Кяризов бұл жерден аман шықты. Өзінің айтуынша, алты жылға бас бостандығынан себепсіз айырылған ол 2007 жылы Сапармұрат Ниязов дүние салып, орнына Гурбангулы Бердімұхаммедов президент болып келгенде аяқ астынан босатылған.

Бердімұхаммедов ел басқару тәсіліне бірқатар өзгерістер енгізді, бірақ Түркіменстан әлі авторитарлық құрсаудан босаған жоқ. Бұрынғы советтік республиканың құпия түрмесі жайлы ақпарат аз, ал Кяризов Овадан-Депені «тұтқындар аспанның өзін өте сирек көретін және аштықтан титықтайтын сұмдық орын» деп сипаттайды.

Ол Азаттыққа телефонмен берген сұхбатында «Олар тұтқындарды электр тоғымен азаптамайды немесе қызған қысқашпен күйдірмейді. Оның қажеті де жоқ. Ол жердегі адамдар аштықтың азабын тартады» деді. Қазір Кяризов Мәскеуде тұрып жатыр.

«Құр терісіне ілінген сүйектерді ғана көресің. Өздері бір-біріне хайуанаттар бағындағы маймылдар тәрізді қарап отырады» деп сипаттайды ол тұрмеде көргендерін. «Овадан депе» сөзі түркімен тілінен аударғанда «көркем қырат» деген мағына береді. Түрме Ашхабадтан солтүстік-батысқа қарай 50 километр жерде, Қарақұм шөлінің қыратында орналасқан.

Кяризовтың айтуынша, түрменің атауын тұтқындар кекесін деп біледі. Ол түрмеде камерасынан аптасына бір рет, жеті минутқа ғана шыққанын айтады, оның өзінде душ қабылдап, қырыну үшін ғана шығарып отырған.

«Осы жеті минуттың ішінде төбесі металл тормен жабылған 3х4 метрлік дәлізден өткен кезде ғана аспанды көріп қаласыз. Басқа кезде ешкім аспанды көре алмайды. Тордағы терезенің металл торы өте қалың, оның сырты металл пердемен қапталған. Одан ештеңе көрінбейді. Аспанды көру үшін қатты еңкеюіңіз керек» дейді ол.

МИНИСТРДЕН ҚЫЛМЫСКЕРГЕ АЙНАЛУ

Кяризовтың тағдырының қалыптасуына Түркіменстанның автократ билеушілері ықпал етті. Түркіменстан үшін аса маңызды ақалтеке жылқыларын өсіруден алдына жан салмаған ол 1991 жылы Совет Одағы құлаған кезде атақты жылқыны танымал етуге тырысты. Совет Одағы кезінде жеке адамдардың жылқы өсіріп, иелік етуіне тыйым салынған еді. Солайша СССР ол жекеменшік шаруашылық пен ұлттық дәстүрді жоюға тырысты. Жылқы етін жеуге де рұқсат етпеді, бұл шектеулер түркімен дәстүріне қайшы құбылыстар еді.

Түркіменнің ақалтеке жылқысы.

Түркіменнің ақалтеке жылқысы.

Терісі металл тәрізді жылтырап, секіргіш өнерімен танымал ақалтеке жылқысы - Түркіменстанның көшпенді тарихының мұрасы. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Түркіменстан мемлекетінің елтаңбасында да жылқы бейнеленген. Кяризов жылқының осы тұқымын көбейтуге күш салып, ұлттық қаһарманға айналды, Ниязовтың билігі тұсында үкімет құрамына кіріп, ол жылқы өсіру министрі болып тағайындалды.

Кейін министрлік «Түркімен аттары» мемлекеттік агенттігіне айналды. 2002 жылы желтоқсанның 31-і күні «қызметін асыра пайдаланды» және «салақтық көрсетті» деген айыппен тұтқындалғанша Кяризов осы агенттік басшысы қызметін атқарды. Өзіне тағылған айыпты ол «негізсіз және саяси астары бар» деп санайды.

Қазір 64 жасқа келген Гелді Кяризов Сапармұрат Ниязовтың «тазалау» шарасына ілініп кетті. 2002 жылы қарашаның 25-і күні түркімен билігі «Ниязовқа қастандық жасамақ болды» деген ақпар шығарып, «астыртын қастандық» бойынша айыпталған азаматтарға «қарашашылар» (ноябристы) деген айдар тақты. Сол кездегі сыртқы істер министрі Борис Шихмурадов басқарды деп саналған бұрынғы шенеуніктер тобы - ондаған адам Овадан-Депеге қамалды.

Бұл түрмені Ниязов сол жылы салдырып, оған «саяси белсенділерді, оппозиция өкілдері мен діни экстремистерді қамаймыз» деп мәлімдеген болатын.

Шихмурадовты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Оны Овадан-Депеге әкетті деседі, бірақ азаптап өлтірген деген деректер де бар.

Түркімен шенеуніктері Шихмурадовтың қайда екенін ешқашан айтқан емес, оның қазасын да не растамайды, не терістемейді. Билік Кяризовты «астыртын қастандыққа» қатысы бар деп ресми түрде айыптаған жоқ, бірақ үнемі күдікпен қарап, қысым жасап отырды. Кяризов Шихмурадовтың тобында болмағанын айтады.

2006 жылы Овадан-Депеге ауысқанша ол бес жыл басқа түрмеде отырды. «Олар мені Овадан-Депеге басыма қап кигізіп әкелді» дейді ол. Оны шешкен соң күзетші Кяризовты тез ұрып-соғып тастаған. Бұрын отырған абақтыларына қарағанда бұл жер әлдеқайда қатал болып шығады.

ОВАДАН ДЕПЕ ТҮРМЕСІНДЕГІ АЗАП

Гелді Кяризов «Кейбір камералар темір есікпен жабылып, сыртына: «Тек ішкі істер министрі, КГБ, бас прокуратура өкілінің қатысуымен ашылады» деп жазылған» дейді. Ал бұрынғы шенеуніктер түрменің жеке орналасқан «арнайы блогына» қамалады, оның негізгі қақпасы тігінен ашылады екен, солайша есіктің жартылай болса да ашық қалу мүмкіндігі болмайды.

Түркіменстан түрмесінің біріндегі қоршау қабырғасымен қатар тартылған сымдар. (Көрнекі сурет)

Түркіменстан түрмесінің біріндегі қоршау қабырғасымен қатар тартылған сымдар. (Көрнекі сурет)

Әр камераның аузына тік есік орнатылған, екінші торлы есікте саңылау болады, содан тамақ беріледі. Кяризовтың айтуынша, «ол да құлыпталып (екінші есікті айтады – ред.), мөр басылған. Ешкім оны аша алмайды». Ол «Түрмедегі өмір сүреңсіз» дейді. Бірақ «Аштық» аталатын азап бәрінен асып түскен».

Кяризовтың қасындағылардың арықтығы соншалық, қараудың өзі қорқынышты болған. Олар Кяризовке бірнеше ай бұрын танымал саясаткер Гедай Ахмедовтің (Ниязов «Түркіменстан қаһарманы» деп марапаттаған бұрынғы облыс губернаторы)аштан өлгені жайлы айтқан.

Кяризов оның кебін кимеу үшін жанталасқан. Таңғы ас, түскі ас және кешкі асқа бір тілім жұқа нен мен суға піскен тары ботқа беретін. Оған ет, май қоспайтын, бірақ ботқа мен нанда құм мен ұсақ тастар көп еді. Түскі асқа әр тұтқын «сорпа» деген аты бар қайнаған су алатын, кейде оған аздаған пияз немесе картоп қосатын.

Таңертең бір шыны қызылы аз жылы шай беретін, ал түскі ас пен кешке жантақ салып қайнатқан су беретін. Кяризовтың айтуынша, тұтқындарға берілетін тамақ қарулы күзет, әскерге шақырылған азаматтардың тамағынан қалған қалдықтан пісіріп отырған.

«Бар-жоғы бес айда мен 40 килограмм салмақ тастадым (88 фунт). Оған дейін 96 килограмм едім (212 фунт), ал Овадан-Депеден шыққанда 59 килограмм (130 фунт) болдым. Бұл - бес айдағы жағдай, ал жылдап отыратындардың жағдайын ойлап көріңізші» дейді Кяризов. Оған ондай тағдырды бастан өткермеу бақыты бұйырыпты.

Ол түрмеде бес ай отырған соң, 2006 жылдың желтоқсанында Ниязов дүниеден өтіп, түсініксіз жолмен Бердімұхаммедов билікке келді. Президент болғанына бір апта өткен соң ол Кяризовке рақымшылық жасады. Әлі күнге дейін билікте отырған Бердімұхаммедов Түркіменстанды әлемнен оқшаулауды азайтып, бәсекелес державалармен байланысқа түсті.

Түркіменстанның газ байлығына қызыққан АҚШ, Еуропа, Ресей мен Қытай байланыс орната бастады.

Бірақ Ниязовтың ажалынан соң бостандық пен құқықты аяққа таптамау кезеңі басталады деп үміттенгендер қазір күдер үзе бастаған - Түркіменстан әлі күнге дейін ресми түрде бейтарап әрі репрессияшыл ел.

Кяризорвтың Овадан-Депе туралы естеліктері Human Rights Watch, Amnesty International және Crude Accountability тәрізді ұйымдардың соңғы баяндамаларында көп айтылды.

АҚШ-та құрылған, Каспий теңізі аймағындағы жергілікті жұрттың мұнайға қатысты мәселелері туралы баяндайтын Crude Accountability ұйымы 2014 жылғы баяндамасында «Овадан-Депеде азаптау кең тараған... Адамдарды ұру ешкімді таңғалдырмайды. Дереккөздер итпен азаптау, сойылмен ұру тәрізді оқиғаларды сипаттайды, нәтижесінде адам есінен танып, бүйрегіне зақым келеді, жүре алмай қалады» деп жазды.

Баяндамада «Карцерлер немесе біркісілік цилиндр камералар да азаптауға қолданылады. Су мен тамақты өте аз береді, масадан індет жұқтыру мүмкіндігі мен карцердегі қапырық температура - азаптаудың психологиялық және физикалық ауыр түрі» деп жазылған.

Баяндаманың тамақтандыру туралы жазылған тұсы Кяризов деректеріне ұқсас. Овадан-Депеде бірнеше жылын өткізген дереккөз «тары ботқасы мен асқабақтан басқа ыстық тамақ алмағанын» айтыпты. «Оларға ешқашан еті бар тамақ бермеген».

ЕЛДЕН КЕТУ

Кяризов Азаттыққа түрмеден босағандықтан ғана аман қалдым деді. Бірақ теледидар арқылы Бердімұхаммедовке алғыс айтудан бас тартқаны үшін Түркіменстаннан кетуге рұқсат ала алмады. Кяризов өзі бастаған істен шеттетілді, бұрын сотталған деген себеппен оған жылқы баптауға тыйым салынды.

Билік оның әйелі Юлия Серебрянник бағып отырған жылқыларда да тәркілеп алды, үйін заңсыз салынған деп қиратты. Кяризов бұл әрекеттерді де «заңсыз әрі саяси астары бар» деп бағалайды. Кяризов 2014 жылдың желтоқсанында Түркіменстаннан Мәскеуге кетуге әрекет қылды.

Қолдарына ресейлік виза мен билеттерін ұстап әуежайға барған отбасыны шенеуніктер «елден шығуға тыйым салынған» деп қайтарды. Бірақ биыл қыркүйекте оған және туыстарына бір-бірден кетуге рұқсат етті. Кяризов «мұндай өзгерістер халықаралық ұйымдардың Түркіменстанға адам құқын жақсарту үшін жасаған қысымының арқасында мүмкін болды» дейді.

Қазір Кяризовтың Түркіменстанға оралу туралы жоспары жоқ, ол өзіне және отбасына қауіп төнеді деп қорқады. Бірақ ол «Түркіменстанның өзгергенін қалайтын адамдар үнсіз қалмауы керек» деп санайды.

«Егер үндемей отырсақ, жағдай ешқашан өзгермейді. Тыныштық тирандардың еркін әрекет етуіне көмектеседі. Үндемей отырған жаман. Бостандық алғаннан кейін батыр болып отырғаным жоқ. Әлі күнге дейін түрмеде отырған мыңдаған жандар болғандықтан айтып отырмын» дейді ол.

Мерхат Шарипжанның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG