Accessibility links

Түркіменстан үкіметі кімді алдамақ?


Түркіменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередов. (Көрнекі сурет)

Түркіменстан сыртқы істер министрі Рашид Мередов. (Көрнекі сурет)

Түркіменстан үкіметі шындыққа көзін жұмып қарайтын тәрізді. Бұл жолы тіпті әдеттегіден қатты кетті. Түркіменстан сыртқы істер министрлігінің Қазақстан президентінің пікіріне шамданып қалуы осыны көрсетеді.

Назарбаев түркімен-ауған шекарасындағы жағдай шиеленісіп тұрғанын айтқан еді. Түркіменстанмен шектесетін Ауғанстанның солтүстік-батысындағы жағдай нашар және оның шиеленісіп тұрғанын теріске шығару орынсыз.

Ауғанстанның солтүстігіндегі жергілікті шенеуніктер «Азатлық» аталатын Азаттықтың Түркімен қызметіне берген сұхбатында оны талай растаған. Олар қақтығыс аймағы түркімен шекарасымен шектесетіндіктен, «Түркіменстанның алаңдауына негіз бар» деген еді.

НАЗАРБАЕВТЫҢ СӨЗІ

Қазанның 15-і күні ресейлік «Известия» газетіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Ауғанстанның Тәжікстан және Түркіменстанмен шекараларында шиеленістер мен қақтығыстар болғанын» айтты, кейін Ресей президенті Владимир Путинмен Астанада кездескенде бұл сөзін тағы да қайталады.

Түркіменстанның сыртқы істер министрлігі (СІМ) сол күні баспасөз құралдарында мәлімдеме жасап, «қазақстандық тараптың Түркіменстан шекарасына қатысты айтқан пікіріне наразы екендерін» білдіріп, «Түркіменстан шекарасындағы ахуалға қатысы жоқ негізсіз пікірге қатты алаңдайтындарын» мәлімдеді.

Солдан оңға қарай: Армения президенті Серж Саркисян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Қазақстан, ТМД басшылары саммиті, 16 қазан 2015 жыл.

Солдан оңға қарай: Армения президенті Серж Саркисян, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев. Қазақстан, ТМД басшылары саммиті, 16 қазан 2015 жыл.

Түркімен СІМ-і «еліміздің бұл мәселеге қатысты ресми ұстанымы көп жерлерде айтылды» дей келе, «екі ел арасында қалыптасқан дәстүрлі бауырластық қарым-қатынасты ескере отырып, Қазақстан тарабы бұдан әрі Түркіменстандағы жағдай туралы шындыққа жанасымды ақпарат таратар деп үміттенеміз» деп аяқтайды. Бірақ Назарбаевтың шындықты айтқанын растайтын ақпараттар толып жатыр.

Ауғанстанның Бадгис провинциясынан шыққан содырлар 2014 жылдың ақпанында Мурғаб өзенін кесіп өтіп, үш түркімен шекарашысын өлтіргені жайлы дерек бар. Осы жылдың мамыр айында қарулы адамдар Ауғанстанның Фарьяб провинциясынан Түркіменстанға өтіп, үш түркімен солдатын жазым етіп, олардың қаруларын алып кеткен. Бұны да ауған шекарасындағы адамдар ашық мәлімдеді. Түркіменстан үкіметі бұл оқиғалар туралы ресми мәлімдеме жасамады.

ШЕКАРАДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫСТАР

Бірақ 2014 жылдың мамырында түркімен сыртқы істер министрі Рашид Мередов Кабулге барды, ауған президентінің сайтындағы дерек бойынша «вице премьер-министр және Түркіменстан сыртқы істер министрі шекаларас аумақта, әсіресе Фарьяб және Багдиспен шекаралас тұстарда жағдайдың қиындағанын сөз етті...» деп жазады.

Осы мәлімдемеде «Мередов бірнеше түркімен азаматы опат болған шекарадағы соңғы жағдайға назар аударып, ауған үкіметінен жазалыларды тауып, жауапқа тартуды сұрады» деп жазылған.

Содан бері түркімен шекарасына жақын орналасқан ауған тұрғындары дуалдар тұрғызып, ор қазылғанын, түркімен жағынан жаңа шекара бекеттері салынып жатқанын жеткізді. Түркіменстан жауынгерлері санын көбейту үшін әскерге шақыру ережесіне өзгеріс енгізді, өткен айда Ауғанстанмен шекараға қосымша әскери техника мен әскер жөнелтілгені жайлы ақпарат бар.

Ауғанстан үкіметінің Түркіменстанмен шекаралас Бадгис провинциясындағы әскері. (Көрнекі сурет)

Ауғанстан үкіметінің Түркіменстанмен шекаралас Бадгис провинциясындағы әскері. (Көрнекі сурет)

АҚШ қарулы күштері орталық штабының басшысы, генерал Ллойд Остин 2015 жылы наурыздың 5-і күні Ассигнациялау жөніндегі комитет үйінде «Түркіменстан Ауғанстанмен шекарадағы қатерге қарсы тұрып, қауіпсіздікті сақтау үшін америкалық әскери техника мен технологияларды сатып алуға ниет білдірді» деп мәлімдеді.

Қазақстан президентінің пікіріне Түркіменстан СІМ-і реніш танытып жатқанда Азаттықтың Түркімен қызметі Ауғанстанның Жаузжан ауданындағы Хамьяб ауылының әкімімен сөйлесті. Бұл ауыл Түркіменстанмен шектеседі. Әкім қазанның басынан бері ауылда қақтығыс жүріп жатқанын айтты. Ол ауылдан кетіп қалған, әскерилер оның кеңсесін талқандап, терезесі мен кірпіштерін алып кеткен. Хамьябтағы бірқатар басқа ғимараттарды да содырлар өртеп жіберген.

Ахмад деп атын ғана айтқан ауыл басшысы «соңғы 14 күнде әскерилер шабуыл жасап жатыр» деді. Ол Хамьяб ауылындағы барлық үкімет үйлерін содырлар басып алғанын растады. Ахмадтың айтуынша, Түркіменстанмен өзен арқылы шектесетін тұстағы шекараны да содырлар басып алған.

Ол үкіметтің азық-түлік пен қару-жарақ жеткізіп бергенін, бірақ жергілікті әскерилерге қосымша көмек ретінде жауынгерлер жібере алмағанын айтады. «Әзірге олар Түркіменстан жағына оқ атқан жоқ, себебі бізбен соғысып жатыр, егер бізді жеңсе, түркімен тарапына да назар аударуы мүмкін» дейді Ахмад.

«ТАЛИБАНҒА» ҚОСЫЛҒАН ТҮРКІМЕНДЕР

Қазанның 16-сы күні Азаттықтың Түркімен қызметі Фарьяб ауылдық кеңесінің басшысы Сайед Абдул Баки Хашамиден сұхбат алды. Ол әскерилердің соңғы үш күнде екі ауданға шабуылдағанын айтты. Хашамидің сөзінше, үкімет кейде содырларға қарсы әуе шабуылдарын жасап қойғанымен, олармен қоян-қолтық соғысып жатқан - тек жергілікті милиция («арбакилер»).

Хашамидің айтуынша, Гормач ауылында әкімшілік үйін ғана үкімет бақылап отыр, ауылдың қалған бөлігін «Талибан» жасағы басқарады (Хашамидің Азаттыққа берген сұхбатынан 48 сағат өткен соң Талибан күштері Гормач ауданын басып алды). Оның айтуынша, Фарьяб ауданында жау күштері белсенділік танытқан, солардың ішінде «түркіменстандық түрікмендер мен ауған түрікмендері бар және олардың саны көбейіп келеді».

Ауғанстандағы содырлар.

Ауғанстандағы содырлар.

Хашамидің айтуынша, Түркіменстан түркімендері Кайсар, Доулетабад және Андхой аудандарында ауған түркімендеріне қосылып жатыр, «қазір өздерінің жеке бригадалары бар». Ал Түркімен билігі халықтан ақпараттарды жасыруды жақсы меңгерген. Сондықтан болар көрші ел басшысының Түркіменстандағы қауіпсіздік ахуалына қатысты мәлімдемесіне бұл елдің қарсы реакция білдіруі ешкімді таңғалдырмаса керек.

Қазақстан СІМ-і қазанның 16-сы күні, Ауғанстан мен Орталық Азия шекарасы ерекше назар аударуға лайықты аумақ деген шешім қабылданған ТМД саммитінен кейін Түркіменстан мәлімдемесіне орай жауап берді.

Жауапта «Ауғанстандағы жағдай, Орталық Азиямен шекаларас тұстарда соңғы уақытта шиеленіс бар екені, оның қауіпсіздікке қатер төндіретіні құпия емес» деп жазылған. Қазақстан СІМ-і бұл мәселені шешу үшін «үкіметтер өзара бірлескен, екі жақты, көп жақты шешім қабылдаулары керек» дейді.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG