Accessibility links

Ашғабаттың жоспары – ескі үй иелеріне уайым


Ашғабаттың Чандибиль ауданындағы қиратылған үй. 3 тамыз 2012 жыл.

Ашғабаттың Чандибиль ауданындағы қиратылған үй. 3 тамыз 2012 жыл.

Ашғабаттың тез арада заманауи қалаға айналғысы келген талпынысы тұрғындарына оңай тимей жатыр. Ескі баспанасын тастап шығуға мәжбүр болған тұрғындар өтемақыға разы емес.

Азаттықтың Түркімен қызметінің хабарлауынша, Ашғабат тұрғындарының бірі үйінен шыққалы жатқанын елдің соңынан естіген. «Үйлер бұзылады деген сыбыс тарады» дейді астананың 40 жастағы тұрғыны Мұрат. Толық аты-жөнін жасырған азамат «қаланың шетіндегі ондаған жер үй бұзылады-мыс» деп естіген.

Қаланың осы бөлігін жаңарту жоспары он жылдан астам уақыт талқыланып келеді. Мұраттың айтуынша, тұрғындар «қай ауданның қашан бұзылатыны туралы ештеңе білмейді».

МЕНШІК ТУРАЛЫ ЗАҢНЫҢ КЕМШІЛІГІ

Билік «азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейміз» деп мәлімдегенімен, 20 жылдық жоспардың теріс тұстары да жетерлік. Мұраттың айтуынша, ол тұратын Первомайск ауданында қаңтардан бастап бірнеше жер үй бұзылған. «Билік тұрғындарды екі аптаның ішінде көшіріп жіберді, өтемақыны аз төледі, кейде тіпті ештеңе де бермеді» дейді ол.
Қиратылған үйдің орны. Ашғабат, 6 тамыз 2012 жыл.

Қиратылған үйдің орны. Ашғабат, 6 тамыз 2012 жыл.


Түркіменстанда 1993 жылы қабылданған жекеменшік құқы туралы заңға сәйкес мемлекет біреудің меншігіне қол сұқпас бұрын сот арқылы ескертуі керек. Ереже бойынша мемлекет меншікті өзіне алса, үй иесіне балама ретінде басқа баспана ұсынуы керек. Бірақ заңда үкіметтің үй иелеріне төлейтін қаржы мөлшері нақтыланбаған, ал тұрғындар «өтемақы аз болды» деп ренжіп жүр.

Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары «үйінен шығарылған тұрғындарға жаңа пәтер берілді» деп жазады. Бірақ Азаттыққа сұхбат берген азамат жаңа пәтер мен бұрынғы үйдің бағасы сай емес екенін айтты.

Аты-жөнін толық көрсетуден бас тартқан Жахан атты әйел – жаңа үйге көшкендердің бірі. Дәстүр бойынша түркімендердің бүкіл әулеті бір үлкен үйде тұра береді. Жаханның айтуынша, олардың Ашғабат маңындағы үлкен үйінде бөлмелер көп болған. Жахан мен ері, үш баласы мен келіндері, енесі сол үйде бірге тұрған – «әркімнің өз меншігі» болған. Қазір ол отбасының 27 адамы Парахат ауданында төрт бөлмелі пәтерде тұрады.

– Қатты қиналып жүрміз. Әр пәтерде жалғыз әжетхана мен жуынатын бөлме бар. Уақыттың көбі кезек күтумен өтеді, – дейді ол.
Қиратылған үйдің орны. Ашғабат.

Қиратылған үйдің орны. Ашғабат.


«ҚАЛАНЫ ЖАҢАРТАТЫН СӘТ КЕЛДІ»

Түркімен билігі 2012 жылдың соңында жаңа үйлер салатынын мәлімдеді.

– Шенеуніктер үйімізді бұзуға келісеміз деген құжатқа қол қоюды талап етті. «Сотқа береміз, жазалаймыз» деп қорқытты. Ал қол қойған соң меншік иесі құқынан айрыласың. Сосын олар бульдозер алып келіп, үйді құлата бастады. Затымызды жинауға немесе сатуға уақыт болмады, – дейді Жахан.

Аяқ астынан баспанасынан кеткендер жиһаз-мүлкін асығыс базарға апарып сатады. Ол базар «Ахалдың көз жасы» (Ахал – облыс аты) деген атқа ие болды. Жаханның айтуынша, оның бұрынғы көршілерінің көбі әлі күнге дейін пәтер жалдап, билік уәде еткен үйлерін күтіп отыр. Кейбіреулерге құрылысы бітпеген пәтерді берген.
Ашғабаттағы жаңа тұрғын үйлердің бірі. 17 қаңтар 2013 жыл.

Ашғабаттағы жаңа тұрғын үйлердің бірі. 17 қаңтар 2013 жыл.


Бірақ Түркіменстан астанасын жаңарту жоспарымен келісетіндер де бар. Гөзал есімді 32 жастағы дәрігер «жобаның арқасында Ашғабаттың өңі кіріп қалғанын» айтады.

– Ашғабат жаңа, таза заманауи қалаға айналып келеді. Ескі, тозған дүниелерді жойғанның әбестігі жоқ, – дейді ол.

Тіпті үйінен кететін сәтті күтіп отырған Мұраттың өзі бұл жоспар шағын отбасылы жас мамандар үшін тиімді екенін растайды.

– Бірақ Түркіменстанда балалы-шағалы, жалақысы аз отбасылар көп. Олардың үйреншікті жерінен қоныс аударуы мен көшу шығыны өмір сүру салтына ықпал етуі мүмкін, – дейді қиындыққа көруге дайын жүрген Мұрат.

Ол бір қабатты үйінің алдына ескі кір жуғыш машинасы мен жиһаздарын сату үшін шығарып қойыпты. Көрші ауылдың тұрғынымен келісіп, қиратпас бұрын үйінің есік-терезесі мен басқа да материалдарын сатып кетпек.
Қиратылған үйдің терезелері. Ашғабат.

Қиратылған үйдің терезелері. Ашғабат.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG