Accessibility links

Ашғабатты жаңалау жоспары тұрғындарды баспанасыз қалдырды


Ашғабаттағы бұзылған үйлер. 6 шілде 2015 жыл.

Ашғабаттағы бұзылған үйлер. 6 шілде 2015 жыл.

Түркіменстан үкіметі ел астанасын жаңалап, оны әдемі қалаға айналдыру үшін қомақты қаржы бөлді. Бірақ Ашғабат тұрғындары одан шығын шегіп жатыр.

Amnesty International ұйымы жаңа баяндамасында Ашғабатты «әсемдеу» мақсатында түркімен билігінің 50 мыңға жуық тұрғынды баспанасынан күшпен шығарғанын жазады. Бұл үйлердің орнына үкімет 2017 жылы өтетін жабық ғимараттағы және ұрыс өнерлерінің Азия ойындарына арналған ғимараттар салмақ. Құқық қорғау ұйымы жер серігі арқылы түсірген кескінді көрсетіп, қаланың ұзындығы қаншалықты созылатынын дәлелдейді.

Азаттықтың Түркімен қызметі бірнеше жылдан бері Ашғабаттағы және оның маңындағы үйлердің бұзылып жатқаны жайлы жазып келді. Бұл жүйе былай жұмыс істейді: Тұрғындардан үйлерін босатуды талап етеді, оның орнына игілікті шараларға қажет дүниелер салынатынын айтады. Бұрын осындай бұйрықтан жапа шеккендердің тағдырын білетіндер (уәде етілген өтемақыны алатындар сирек) үйлерін бұзып, оның материалын алады да, үкімет бөлген жерге барып жаңа үй салады. Елді мекеннен кетпегендердің үйлері қиратылады, оған қаланы жаңарту үшін жобаланған ғимараттар салынады.

Чоганлыда бұзылған үйлердің спутниктен түсірілген көрінісі.

Чоганлыда бұзылған үйлердің спутниктен түсірілген көрінісі.

Amnesty International ұйымының мәлімдеуінше, Ашғабаттың сыртындағы Чоганлы елді мекенінде бұрын 10 мың үй болған (Азаттықтың дерегінше, 13 мың үй). Жоба бойынша елді мекеннің аумағына жаңа ғимараттар салынуы керек еді, тұрғын үйлерді бұзу жұмысы бір жыл бұрын басталған. Жоспарға сай, 1600-ге жуық жаңа коттедж салынуы тиіс болған. Бірақ тұрғын үйлердің соңғыларын бұзғалы жарты жыл өтті, жаңадан салынған ештеңе көрінбейді. Чоганлыға жақында барған Азаттық тілшісі ол жерде бірнеше ағаш, базар және автовокзал мен такси тұрағынан басқа ештеңе салынбағынын көрді.

Amnesty International ұйымы «астананың басқа аудандарында да үйлерді бұзу басталды, көптеген отбасылар баспанасыз қалып жатыр» деп жазады. Ұйымның Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламасы директорының орынбасары Денис Кривошеев: «Үйінен ықтиярсыз айрылғандардың еңбегі өтелмейді. Адамды баспанасынан шығару амал қалмағанда істелетін шара және ол адам құқы жөніндегі халықаралық стандарттарға сай болуы керек» дейді. Кривошеевтің айтуынша, оған «тұрғын үйлі болу құқығын қорғау, тиісті құқық және процессуалдық кепілдіктерді сақтау және осындай әрекетке қарсы тұрушыларды жазаламау құқығын қамтамасыз ету» кіреді.

Денис Кривошеевтің пікірінше, «жергілікті билік Азия ойындарын пайдаланып, Түркіменстандағы адам құқығын оңалтудың орнына көбі Ашғабатқа жұмыс іздеп, ауылдан көшіп келген тұрғындардың өмірін одан ары нашарлатты».

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG