Accessibility links

Түркімен балалар мақта теруге қайта шықты


Түркіменстан билігінің балаларды мақта теру жұмысына салуы халықаралық қауымдастық назарын аударып келген еді. Бұл елде бала еңбегін пайдалануға бірер жыл бұрын ғана тыйым салынған еді. Алайда биыл мақта теруге қайтадан балалар шықты.

Түркіменстанда бала еңбегін пайдалануға тыйым салған заң қабылданғанымен, биыл мақта алқабында жұмыс істеп жүрген балалар саны қайта көбейді.

«БАЛАЛАРДЫҢ ҚАРАСЫ БҰРЫНҒЫДАН КӨП»

Қазір Түркіменстанда мақта жинау науқаны қызып тұр. Өзбекстанмен шекаралас Лебап аймағында мақта алқаптарында жұмыс істеп жүрген адамдардың қарасы мол. Арасында балалар да бар. Мәселен, 10 жасар бір оқушы қыз 5 жасар сіңлімен тау болып үйілген мақтаның қасында жүр. «Қанша мақта жинадың?» деген сұраққа ол:

Мақта теріп жүрген балалар. Түркіменстан, 25 тамыз 2013 жыл.

Мақта теріп жүрген балалар. Түркіменстан, 25 тамыз 2013 жыл.

- Күніне 27-ден 31 килограмға дейін жинаймын. Мақтаның әр килограммына 1000 манат (шамамен 7 АҚШ центі) төлейді, - деді.

Қыз бала бұдан әрі ештеңе айтқысы келмеді. Түркіменстан заңы бойынша, мақта жинау науқанына балаларды қатыстыру – құқық бұзу. Соған қарамастан, биліктің талабымен көптеген бала сабақтан босатылып, автобуспен мақта алқаптарына жеткізіледі. Мұнша көп оқушының мақта теруіне не себеп болғаны түсініксіз.

Өткен айдың соңында мақта алқаптарына барып қайтқан Азаттық тілшісі Осман Халиевтің айтуынша, «биыл мақта теруге әкелінген балалар бұрынғыдан көп».

- Соңғы бірнеше жылда оқушыларды алқаптарға мұғалімдердің алып келуі тоқтаған еді. Келсе де, ол балалар өз еріктерімен ата-аналарына еріп жүретін. Ал биыл оқушыларға мақта тергізу ұйымдастырылып жатыр. Оларды ұстаздары мен әкімшілік өкілдері әкеліп жүр. Басқаша айтсақ, олар мұғалімдердің және билік өкілдерінің жұмсауымен мақта жинап жатыр, - дейді ол.

Халиевтің ойынша, ауыл шаруашылығы мекемелерінің басшылары жаңбыр жауып, өнім су болып қала ма деген қауіппен мақтаны тез теріп алуға тырысып жатыр. Терімді тездету үшін балаларды көмекке шақырған.

Дегенмен, бұл пікірге дәлел болатын ешқандай айғақ жоқ, себебі, билік өкілдері ештеңе айтпайды.

«БОЙКОТ ҚАУПІ»

Түркіменстан – өңделмеген мақта, мақта талшықтары және дайын мата сату жөнінен әлемде тоғызыншы орын алатын мақта державасы. Табиғи газ бен мұнайдан кейін елге қомақты табыс түсіріп тұрған - осы сала. Дегенмен «түркімен мақтасы» дегенде балаларды еңбекке мәжбүрлеу саясаты еске түсетіндіктен, түркімен басшылығы Өзбекстан сияқты тұтынушылар бойкотына ұшыраймыз ба деп қауіптенеді.

Жиған мақталарын өткізіп жатқан адамдар. Түркіменстан, 25 тамыз 2013 жыл.

Жиған мақталарын өткізіп жатқан адамдар. Түркіменстан, 25 тамыз 2013 жыл.

Соңғы жылдары Түркіменстан балалардың мақта алқаптарында жұмыс істеуіне тыйым салатын екі бірдей заң қабылдап, Ашғадабтың бұл әрекетін халықаралық қауымдастық қолдаған еді.

Бұрынғы президент Сапармұрат Ниязов қайтыс боларынан бір жыл бұрын, 2005 жылғы ақпан айында, бала еңбегіне тыйым салатын заңға қол қойған. ЮНИСЕФ (БҰҰ-ның балалар ісі жөніндегі агенттігі) бұл заңға қолдау білдіріп, оны түркімен балаларын экономикалық тұрғыдан пайдалануға жол бермейтін құжат деп бағалаған.

Қазіргі президент Гурбангулы Бердімұхамедов те осы дәстүрді жалғастырып, 2008 жылы балаларды және университет студенттерін ауыл шаруашылығы жұмыстарына мәжбүрлі түрде жұмылдыруға тыйым салу туралы заңға қол қойған. АҚШ үкіметі бала еңбегі төңірегіндегі ахуалды жақсартқаны үшін 2011 жылы Түркіменстан атына мақтау айтса, 2012 жылы «елдің әділет министрлігі осы заңның жақсы орындалуын қамтамасыз етіп отыр» деп мәлімдеген.

Дегенмен адам құқықтары мәселесімен айналысатын кейбір ұйымдар бұл «ілгерілеушілікке» күмәнмен қарайды. БҰҰ-ның 18 тәуелсіз эксперттен тұратын Адам құқықтары комитеті Түркіменстанның бала еңбегіне қатысты 2012 жылы өткізген есептеріне күмән келтіреді. Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Түркіменстандағы адам құқықтары жөніндегі ахуалды «өте нашар» деп бағалайды.

«ЖАППАЙ ЖҰМЫЛДЫРУ»

Мақта теруге тек балалар ғана емес, ересектер де мыңдап әкелінеді. Науқан кезінде алқаптарға келіп қара жұмыс істейтіндердің арасында мұғалімдер, дәрігерлер және мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері де бар.

Мақта алқабында жүрген жұмысшылар. Түркіменстан, 25 тамыз 2013 жыл.

Мақта алқабында жүрген жұмысшылар. Түркіменстан, 25 тамыз 2013 жыл.

Жергілікті әкімшіліктің ұйымдастыруымен арнайы автобустар таңғы сағат жетіде тиісті орынға жиналып тұрған адамдарды мақта алқабына әкетеді де, кешке қайта алып келеді. Оларға жинаған әр килограмм мақта үшін жеті АҚШ центі төленеді, әр адамға күніне кем дегенде 50 килограмм мақта жинау міндеттеледі. Науқанға қатысқысы келмегендер өзінің орнына адам табуы керек.
Мақта теруге көнбегендер жұмыстан шығарылады. Ал студенттер мен оқушыларға тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін.

Аты-жөнін айтқысы келмеген Лебап аймағының мектеп оқушысы Азаттық тілшісіне:

- 10-сыныпта оқимын. Бізге «күн сайын сабақтан соң мақта терулерің керек» деді. Егер оқушы бұл ережеге бағынбаса, оған сөгіс беріледі, - деді.

Жыл сайын Түркіменстан үкіметі мақта жинауды автоматтандыратын машиналар сатып алып жатқанын хабарлайды. Соған қарамастан, көп алқаптарда мақта әлі қолмен жиналады.

Мақта теруге науқан кезінде жұртты жаппай жұмылдыру дәстүрінің қашан аяқталатыны беймәлім. Қыркүйектің 20-сы күні президент Гурбангулы Бердімұхамедов жоспарды орындамағаны үшін мақта жинауға жауап беретін мекеменің басшысын қызметінен босатты.

Биыл Түркіменстан 550 мың гектар алқапқа мақта екті. Бұл Люксембург территориясынан екі есе үлкен. Соңғы жылдары елде жылына 1 миллион 100 мың тонна көлемінде мақта өндіріліп келеді.

Чарльз Рекнагель мен Осман Халиевтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG