Accessibility links

Түркіменстан төңірегіндегі текетірес Еуропа одағын екіге жарды


Еуропарламенттің Португалиядан сайланған депутаты Ана Гомес, 17 мамыр 2005 жыл

Еуропарламенттің Португалиядан сайланған депутаты Ана Гомес, 17 мамыр 2005 жыл

Еуропарламенттің бір топ депутаты Ашғабатқа келіп қайтқан соң бұл елмен арадағы бұрыннан талқыланып келе жатқан саяси келісімді бекіту рәсімін кейінге қалдыртты.


Еуропа одағының парламенті келісімге қол қоярдан бұрын Ашғабаттан елдегі адам құқықтарының қорғалу жағдайын жақсартуға күш салуды сұрап отыр және Еуроодақтың дипломатиялық қызметінен түркімен жеріне көбірек тауар жеткізуді талап етіп отыр.

ПАРЛАМЕНТ НЕДЕН СЕЗІКТЕНДІ?

Жуырда Еуропарламент Еуропа одағы Түркіменстанмен қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтеретін шешімді бекіту рәсімін шілде айына қалдырды, оны қабылдау тіпті күзге дейін ысырылуы мүмкін.

Еуропарламенттің мүшелерінен құралған делегация сәуірде адам құқықтарының жай-күйін байқап қайту үшін Ашхабадқа келіп кеткен соң Еуропа одағының сыртқы істер комитеті «Түркіменстанмен әріптестік және ынтымақтастық» келісіміне қол қоюды кейінге қалдыру туралы ұйғарым жасады.
Гурбандурды Дурдыкулиев, полицияның азаптауына ұшыраған түркіменстандық құқық қорғаушы. 24 маусым 2008 жыл

Еуропа одағы бұрынғы Совет одағының барлық елдерімен осы тақылеттес келісім жасасып отырады. Бұл келісім экономикалық және саяси диалог орнатуға заңдық негіз жасап, демократияны қолдауға және тиімді нарықтық экономиканы дамытуға арналған.

Тиісті комитет бұл келісімді қаңтарда-ақ бекітіп, оны бүкіл палатаның қарауына ұсынған еді. Алайда, Түркіменстанда адам құқықтарының кейбір салалары бойынша ілгерілеудің жоқтығы парламент депутаттарын бұл процесті кешеуілдете тұруға мәжбүрледі.

«АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ТҰНШЫҒЫП ТҰР»

Түркіменстанға келіп қайтқан делегация құрамында болған Еуропарламенттің Финляндиядан сайланған депутаты, адам құқықтары комитетінің төрайымы Хейди Хауталаның айтуынша, олардың бұл сапары Еуропа парламентін қатты ойлантып тастады.

Хаутала ханым түркімен сапарынан соң өзі де қатты күйзеліске ұшырапты.
Еуропарламенттің Финляндиядан сайланған депутаты, адам құқықтары комитетінің төрайымы Хейди Хаутала. Франция, 10 ақпан 2010 жыл

«Түркіменстанда азаматтық қоғамның бірде-бір өкілімен кездесуге мүмкіндік болмады, себебі бізбен кездесу олар үшін өте қауіпті.

Екіншіден, онда қоғамдық ұйымдар көп те емес, өйткені олар қатаң бақылауда, оларды түрмеге жабу сияқты ауыр жаза түрлерімен қорқытып тастаған. Сондықтан мен Түркіменстан басшылығының басқа пікірлердің айтылуына мүмкіндік берудің маңызын түсінгенін қалаймын», - деді ол «Азаттық» радиосына берген сұқбатында.

Түркімен келісімі Еуропарламенттегі партияларды екіге жарса, делегацияның сыни есебі сыртқы істер комитетін екіұдай жағдайда қалдырды.

Делегация құрамында болған Еуропарламенттің Португалиядан сайланған депутаты Ана Гоместің айтуынша, Ашғабатпен арадағы қазіргі уақытша келісім аясында жұмыс істей беруге болады.

- Түркіменстаннан адам құқықтарының сақталуын талап ету үшін де біз бұл байланысты сақтауымыз керек, ол елге Еуроодақтың жаңа делегациясын жіберуіміз керек, бұл үшін ынтымақтастық келісімінің қажеті де жоқ. Біз сауда-саттық туралы уақытша келісімнің адам құқықтарының сақталуына қатысты талаптарын қарап, Түркіменстанның қай деңгейге дейін көтерілуі қажеттігін анықтауымыз керек, - деді Гомес.

Парламент келісім күшіне енбестен бұрын екі маңызды шарттың орындалуын талап етіп отыр. Біріншіден, Түркіменстанға Еуроодақтың кеңірек құрамдағы жаңа делегациясы баруы керек. Екіншіден, саяси тұтқындарды босату және БҰҰ-ның азаптауға қатысты өкілі сияқты тәуелсіз бақылаушылардың келуіне жағдай жасау іспетті критерийлердің орындалуын бағалайтын механизмді қалыптастыру қажет.

«ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАНСА ҒАНА ЫҚПАЛ ЕТЕМІЗ»

Еуропа одағы мен Түркіменстан арасындағы қарым-қатынас орнату функциясын атқарып тұрған бірден-бір мекеме – Ашғабаттағы «Еуропа үйі», оның өзінде жергілікті адамдар жұмыс істейді. Бұл мекеменің жұмысына Гоместің көңілі толмайды, оның айтуынша елде Еуроодақтың жаңа дипломатиялық органы – Еуропа сыртқы қимыл қызметі (European External Action Service - EEAS) жұмыс істеуі керек.

- Түркіменстандағы қатаң қысым жағдайында жұмыс істеп жатқан «Еуропа үйінің» қызметкерлері өздерін ішкі цензурамен шектеп тастаған. Сондықтан олар Еуропарламент қалағандай еңбек ете алмайды. Еуропа сыртқы қимыл қызметінің аясында жұмыс істесе, бәрі басқаша болады, себебі олар жұмыстан шығып қалам деп үрейленбейді, - дейді Гомес.
Кэтрин Эштон, Еуропа одағының сыртқы саясат мекемесінің басшысы. Страсбург, 11 мамыр 2011 жыл

Еуропарламенттің келісімді бекітуден тартыншақтауы Еуропа одағының дипломаттар қанатымен арада кикілжің тудырды. Себебі олар «Аймақтағы Брюссельмен осындай келісім жасаспаған бірден-бір ел – Түркіменстан» деп құжатты тездетіп қабылдауға күш салып келген еді.

Еуропа одағының сыртқы саясат мекемесінің басшысы Кэтрин Эштонның ресми өкілі Мая Кочижанчич те «жаңа келісім Еуропа одағының Түркіменстанға ықпалын күшейтер еді» деген пікірде.

- Біздің ұстанымымыз мынау: Түркіменстан – әріптестік келісіміне қол қоймаған бұл аймақтағы жалғыз ел. Екіжақты қарым-қатынас осыдан жиырма жыл бұрынғы ескі құжаттардың негізінде жүріп жатыр. Сондықтан ықпал ету механизмдері бұдан күштірек, адам құқықтарының қорғалуын насихаттауға ыңғайлырақ болуы үшін Еуропа одағы әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісімге қол қоюға мүдделі, - дейді сыртқы саясат мекемесінің ресми өкілі.

Алайда, Хауталаның бұл уәжге тоқтар түрі байқалмайды.

- Олар бар болғаны Түркіменстанда адам құқықтарының жайын жақсарту ісінде байыпты бірдеңе жасап жатқан кейіп танытқысы келеді. Шынайы әрекет байқалмайды. Мұнымен қоймай олар «Әріптестік туралы келісім толық араласып, жағдайды толық түзетуге мүмкіндік» береді деп жалған сөйлеп отыр, - дейді депутат.

БИЛІК БӨЛІНІСІ

Екі мекеме арасындағы көзге ұрып тұрған текетірес Лиссабон шартының аясында 2009 жылы құрылып, қалыптасқан Еуропа одағының екі басқарушы органы арасындағы билік бөлінісінің жаңа бір белгісі болса керек.

«Түркіменстанмен әріптестік және ынтымақтастық жөніндегі келісім» - Еуропарламент пен Еуропа одағына мүше елдердің барлығы ратификциялауы тиіс үшінші тараппен арада жасалмақшы болып отырған алғашқы құжат.

Көп сарапшылардың айтуынша, түркімен келісімі сыртқы саясатта күш алып келе жатқан Еуропарламент пен Еуропа одағының институттары арасындағы тартыстың құралына айналып бара жатқан сияқты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG