Accessibility links

Экономика әлсіздігі денсаулыққа да зардабын тигізіп тұр


Түркіменстан Ашхабат маңында жол бойында қауын сатып тұрған адамдар.
Түркіменстан Ашхабат маңында жол бойында қауын сатып тұрған адамдар.

Түркіменстан экономикасының нашарлағаны және оның халық тұрмысына тигізетін зардабы туралы Азаттықтың түркімен қызметі мен аймақтағы басқа да сайттар ақпарат тарата бастады.

Түркіменстан экономикасының тоқырауы мен оның халық тұрмысына тигізетін теріс әсері туралы ақпарат таратып жатқан сайттар ішінде chrono-tm.org, habartm.org, fergananews.com бар.

Бұл елде жұмыссыздар күн санап көбейіп келеді. Ал жұмыстағы азаматтардың өзі жалақысын уақтылы алмайды. Күнкөріске қажетті негізгі тауарлардың тапшылығы байқалады: өсімдік майы, қант, ұн, ет және басқа заттарды алу үшін адамдар ұзақ-сонар кезекке тұрады.

ІРІ ҚАРАҒАН ҚАРАСАН ТИДІ

Экономиканың мүшкіл халінен хабар беретін басқа да белгілер жетерлік. Азаттықтың Түркімен қызметі солтүстік Дашогузде ірі қара малға қарасан тигенін айтады. Түркімен билігі індет туралы жұмған ауыздарын ашпады, бірақ айтқан күннің өзінде бәрібір ештеңе істемейді.

Түркіменстанға жақын Қазақстанның оңтүстік аудандары ірі қарадан қарасан шыққаны туралы ресми хабарлады, мұны естіген түркімен билігі Қазақстанмен шекараны жабуға бұйрық берді. Түркіменстанның солтүстігіндегі ірі қара малдың індет жұқтыруы әбден мүмкін.

Орталық Азияның кең даласы әдетте малға толы, сондықтан індет қайталанып тұрады, жергілікті тұрғындар індеттің түрлерін жақсы біледі. Дашогузға келсек, қарасанға қарсы вакцина қымбаттағандықтан, бақташылардың біразы оны егуден бас тартса керек.

Кейбір аймақтарда үй құстары да қырылып жатыр. Азаттықтың дерегі бойынша, індеттен өлген малын жолдың шетінде мемлекеттік дүкенмен салыстырғанда екі есе арзан бағаға сатып жүргендер бар. Енді біреулер үйдегі малы немесе құсынан індет белгісі байқалған бетте-ақ сойып тастайды.

Түркіменстан жергілікті валютасы манатты 2015 жылдың басында 23 пайызға девальвациялады, бірақ сыртқы сауданы кеңейте түсу үшін ары қарай валютаға қатысты еш әрекет жасамады.

Оған қоса, түркімен билігі тұрақты валюта санын азаматтар ғана емес, бизнес үшін де шектеп тастады. Солайша, вакцина мен дәрі-дәрмек қымбаттап кетті. Түркіменстан халқы шетелдік өнімді сатып алуға қиналады, ал үкімет ең қажетті заттардың қорын жинай алмай отыр.

"ДӘРІ-ДӘРМЕК АЛУҒА ДӘРМЕН ЖОҚ"

Экономикалық қиындық кезінде шектеу қажеттігі туындады. Мысалы, үкімет А гепатитіне қарсы вакцинаны жеткілікті мөлшерде сатып алуға қауқарсыз сияқты. Өткен жылдың қарашасында Түркіменстанның бірқатар ауданында А гепатиті өршіді, көбіне бастауыш сынып оқушылары сырқаттанды.

Дашогуз провинциясында балалар А гепатитімен ауырғанда дәрігерлердің қате диагноз қойған оқиғалары болды. А гепатиті бар кем дегенде екі баланы дәрігерлер соқыршек деп операция жасаған. Бұл елдегі денсаулық сақтау жүйесінің кемшілігін көрсетеді.

Жаңа жылдан соң ресейлік «Вектор-Би Алгам» компаниясы Түркіменстанға А гепатитіне қарсы вакцина жіберетіндерін айтты. Мұны көңіл жұбатарлық жаңалық десек те, дәрі сатып алуға барған түркімендердің көбі ақшасы жетпей қиналады.

Азаттықтың Түркімен қызметінің дерегі бойынша, қаңтардың 1-інен бастап дәрі-дәрмек бағасы екі есеге жуық қымбаттаған. Дәрі мен вакцинаның көбі мемлекеттік дәріханалардан табылмайтын тәрізді.

Түркіменстандағы жекеменшік дәріхана қызметкерлері (аты-жөндерін жасыруды сұрады) дәрі мен вакцинаның барлығы дерлік елден тыс аумақта жасалатынын айтады, сондықтан, дәріханалар оларды кейде көлеңкелі нарықтан сатып алады.

2017 жылды Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов «Денсаулық жылы» деп атаса да, жаңа жыл көңіл құлазытар жаңалықтардан басталды.

Брюс Панниердің блогын ағылшыннан аударған Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG