Accessibility links

Ақсақалдар алқасы парламенттен де жоғары тұратын болды


Түркіменстанның ақсақалдар алқасы отырысы. Ашхабат, 14 қыркүйек 2016 жыл.
Түркіменстанның ақсақалдар алқасы отырысы. Ашхабат, 14 қыркүйек 2016 жыл.

Биліктің шешімдеріне мөр басып беруші қызметін ғана атқарып келген Түркіменстан парламентінің дәрежесі және бір саты төмендейтін болды. Ақпанның 17-сі өткен ұлықтау рәсімінде сөйлеген Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов ақсақалдар алқасы бұдан былай парламенттен жоғары тұратынын айтты.

Енді жасы 70-тен асқан қарт адамдар алқасы биліктің ресми өкілдеріне айналмақ. Ал Түркіменстан парламенті осымен екінші рет төмендетіліп отыр.

1991 жылы Түркіменстан тәуелсіздік алған кезде ақсақалдар алқасына ұқсас "Халық мәслихаты" атты мекеме болды. Түркіменстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы президенті болған Сапармұрат Ниязовтың тұсында Халық мәслихатына мемлекеттік шенеуніктер, қызметкерлер, кәсіпкерлер, танымал тұлғалар мен қоғамдық ұйымдар өкілдері мүше болған еді.

НИЯЗОВ БҰЛ МӘСЛИХАТТЫ ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНДЫ?

Осы мәслихат Ниязовты өмір бойы президент етіп қалдыруды ұсынды, 1995 жылы жасалған ұсыныс 1999 жылы желтоқсанның 28-і күшіне енді. Дәл осы күні Халық мәслихаты Ниязовты халықтың өтінішін жерге тастамай, дәмі таусылғанша билікте қалдыруға «көндірді».

2002 жылы қарашаның соңында Ниязовқа «қастандық жасалыпты» деген сыбыс шыққанда Ниязов парламент емес, Халық мәслихатына өтініш айтты. 2001 жылдың қарашасында Ниязов үкіметіне оппозиция екенін мәлімдеген бұрынғы сыртқы істер министрі, сол кезде Түркіменстанның Қытайдағы елшісі қызметін атқарып жүрген Борис Шихмурадовты «қастандық жасамақ болды» деп ұстады.

Қылмыстық топты сол басқарған-мыс. Ниязовтың Халық мәслихатына көрсеткен бейнекөрінісінде Түркіменстаннан тыс аумақта Шихмурадов «Шынымен де Түркіменстан президентін өлтіріп, конституциялық құрылымды бұзғым келді» деп, айыбын мойындауға мәжбүр болады.

Осыдан соң Ниязов «Халық мәслихаты Шихмурадовтың «мемлекетке опасыздық» жасағанын мойындасын және оны қылмысы үшін жазаласын» деп мәлімдеді (мәслихат бұрынғы министрді өмір бойына бас бостандығынан айырды).

Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязов. 2006 жылғы сурет.
Түркіменстанның бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязов. 2006 жылғы сурет.

2003 жылы тамыздың 14-і мен 15-і күндері Түркіменбашы қаласында өткен Халық мәслихаты сессиясында бұл ассамблея елдегі ең жоғары заң шығарушы мекеме деп танылды. Бұрын мәслихат өкілдерінің саны екі-үш мың болса, осы жолы 2507 деп бекітілді.

2003 жылы сәуірдің 6-сы күні Халық мәслихатының сайлауы өтті. Жаңадан құрылған мәслихат «Түркімен болу бақыты» және «Түркімен халқының руханиятының бес кезеңі» кітаптары үшін Ниязовты «халықаралық» Мақтымқұлы жүлдесімен марапаттады (Мақтымқұлы – 18 ғасырда өмір сүрген түркімен ақыны).

Сол уақытта Халық мәслихаты Ниязовты өмірлік президент етіп бекіткенімен қоса, жаңа президент сайлауын өткізу туралы «ұсыныстарына» үнемі қарсылық білдіріп отырды.

«ЖЕР БЕТІНДЕГІ ЖҰМАҚ»

Мәслихат Ниязовтың апта мен ай аттарын өзгерту туралы пікірін қолдады, мемлекеттік қызметкерлердің үкіметте жұмыс істеуге жарамды екенін растау үшін алты атаға дейінгі шежіресін тексеруді талап ететін заң қабылдады.

2006 жылдың соңында Ниязов дүниеден өткен соң Халық мәслихаты парламент спикері Овезгелді Атаевқа қарсы қылмыстық іс қозғап, Денсаулық министрі Гурбангулы Бердімұхаммедовтің президент міндетін атқарушы болуына жағдай жасады.

Сол уақытта Халық мәслихаты «президент қызметін атқарушы президенттік сайлауға түсе алмайды» деген конституциялық тыйымды алып тастады. 2008 жылы қыркүйекте Бердімұхаммедов конституцияға өзгеріс енгізіп, Халық мәслихатын таратып, оның өкілеттігін парламент пен атқарушы билікке бөліп берді.

Олардың орнына келген ақсақалдар алқасы да Ниязовтың Халық мәслихатынан қалыспайтын тәрізді. Алқа қыркүйек айында конституцияға өзгеріс енгізіп, президентк сайлауына түсетін адамның жас шектеуін өзгертті (енді 70-тен асқандар да сайлана алады) және президент болу мерзімін бес жылдан жеті жылға ұзартты.

Алқа мемлекет тұрғындарына электр энергиясы, газ бен суды тегін беретін мемлекеттік субсидияны тоқтату туралы ұсыныс жасады. Ақсақалдар алқасы 2011 жылы Бердімұхаммедовке «Түркіменстан қаһарманы» атағын беріп, оның билігін «жер бетіндегі жұмақ» деп атады.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов (сол жақта) түркімен ақсақалымен кездесіп тұр. Түркіменстан, 10 қыркүйек 2015 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов (сол жақта) түркімен ақсақалымен кездесіп тұр. Түркіменстан, 10 қыркүйек 2015 жыл.

Ақсақалдар алқасы Бердімұхаммедовті өмір бойы президент етіп қалдыру туралы айтпаса да, болашақта ондай ұсыныс жасалуы ғажап емес.

Түркіменстандағы көптеген жағдайлар тәрізді парламентті ақсақалдар алқасына бағындыру себебі түсініксіз, оның үстіне қазір мемлекеттің экономикалық жағдайы қиын. Өмірінің басым бөлігін советтік кезеңде өткізген адамдар қазіргі дағдарыстан елді қалай алып шығары белгісіз.

600-дей адам мүше болып отырған ақсақалдар алқасын ешкім сайламайды, оның мүшелерін билік тағайындайды. Ақсақалдар алқасын Түркіменстандағы ең жоғары заң шығарушы мекемеге айналдыру әзірге ұсыныс қана. Бірақ оны президент Бердімұхаммедов айтқандықтан, парламенттің күні бітуге таяған тәрізді.

Брюс Панниердің блогын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG