Accessibility links

Түркіменстанның танымал әншісі түрмеге қамалды


Түркімен әншісі Назир Хабибов.

Түркімен әншісі Назир Хабибов.

Түркіменстанда ерекше танымал әншінің бірі Назир Хабибов абақтыға түсті. Жұрт оған тағылған айып жала ма, шын ба деп күмәнданады.

Әнші Назир Хабибов тамыз айында "есірткі сатты" деген айыппен тұтқындалды. Алайда оны тұтқындаудың себебі дәл осы есірткіден шықпаған сияқты.

"Хабибов есірткі қолданады" деген сөз жұрт арасында бұрыннан бар. Бірақ ол сөздер әншінің беделіне нұқсан келтірген емес. Әдетте Хабибов түркімен элитасының той-томалақтарында өнер көрсететін. Әншіні тойға шақыратындар алты ай бұрын хабарласатын. Алайда Назир Хабибовтың осы тығыз кестесі өзіне зиян келтіргенге ұқсайды.

Орталық Азия елдерінде танымал әншілерді билік адамдары той-томалақтарына шақыратыны белгілі. Ал әншілер ондай шақыртулардан бас тарта алмайды. Бірақ тиісті ақшаларын алып қайтады.

Назир Хабибовтің басындағы проблема сондай бір шақыртудан шыққан тәрізді. Ол екі адамнан бір күнге шақырту алған. Алайда алғашқы клиентіне берген уәдесін бұза алмай, кейінірек хабарласқан екінші адамның шақыртуынан бас тартқан.

ДҮКЕН ТӘРКІЛЕУ МЕН СОТ ҮКІМІ

Түркіменстандағы авторитарлық әрі жабық жүйеде элита арасында кімнің ықпалы кімнен артық екенін болжау қиын. Хабибов сияқты әншілер де билік иерархиясында кімнің кімнен жоғары тұрғанын біле бермеуі мүмкін.

Назир Хабибов тойына барудан бас тартқан адам Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің жақын туысы (оның бес әпке-қарындасы бар) болған сияқты. Хабибовтың заң алдындағы проблемалары екінші шақыртудан бас тартқанынан кейін басталған.

Назир Хабибов.

Назир Хабибов.

Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі Назир Хабибовтың әйелі Ритамен Instagram парақшасы арқылы хабарласқан еді. Ол күйеуінің есірткі сатпағанын ғана айтып, мұнан соң парақшасын жауып тастады. Тілшінің басқа сұрақтары жауапсыз қалды. Ал Хабибовтың аты-жөнін жарияламауды өтінген тағы бір жақыны «әншінің туыстарына ешкімге ештеме айтпау туралы ескертілгенін» айтады. Әншінің жақындары «Назир Хабибовтың әйеліне тиесілі киім дүкендерін билік тартып алғанын» хабарлады.

Әншінің қандай жазаға кесілгені туралы ақпарат әртүрлі. Біреулер оның 15 жылға сотталғанын айтса, енді біреулер 12 жыл бас бостандығынан айырылды дейді.

Мемлекеттік телеарна Назир Хабибовты сынаған хабар шығарған. Ол хабарда «Хабибовтың айыбын қарашаның 4-і күні мойындағаны» айтылған. Мемлекеттік ақпарат құралдары «Хабибовтың пакеті» деп, ақ ұнтақ салынған сөмкенің суретін таратқан.

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚАҺАРЫ

Гурбангулы Бердімұхаммедов қарашаның 2-сі өткен Түркіменстан қауіпсіздік кеңесінде есірткімен айыпталған Хабибов сияқты адамдарға рақымшылық жасалуы екіталай деп мәлімдеген.

Бердімұхаммедов темекінің заңсыз саудасымен айналысатын, сонымен қатар «есірткі пайдаланып, оны тарататын өзімшіл кәсіпкерлер» туралы айтқан. Президент ондай адамдардан қоғам «жиіркену керек» деп мәлімдеп, қауіпсіздік мекемелеріне «темекі шегу мен есірткі пайдаланудың тамырына балта шабуды» тапсырған.

Оқи отырыңыз: Түркімен рэперлері сотталып жатыр

Хабибов есірткі пайдаланса да, пайдаланбаса да оның тұтқындалуы басқа мәселемен, соның ішінде Түркіменстан билігіне жақын адамның тойға шақыртуынан бас тартуымен байланысты сияқты.

Хабибов екінші хабарласқан адамның шақыртуын қабыл алғанда есірткімен айыпталмай, бостандықта жүрер ме еді? Оның қылмысы сонда билік өкілінің қалауын орындамай қойғаны ма? Түркіменстандағы адам құқықтарының аянышты ахуалы бұл сұрақтарды жауапсыз қалдырып отыр.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG