Accessibility links

Түркіменстан түрмелеріне шетелдік бақылаушылар кіре ала ма?


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов пен Германия канцлері Ангела Меркель. Германия, Берлин, 29 тамыз 2016 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов пен Германия канцлері Ангела Меркель. Германия, Берлин, 29 тамыз 2016 жыл.

Германия канцлері Ангела Меркель Берлинде Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовпен бірге баспасөз мәслихатын өткізді. Неміс канцлері түркімен еліндегі түрмелерге шетелдік дипломаттардың кіру мәселесін талқылағандарын айтты.

«Біз Түркіменстан түрмелеріне дипломаттардың кіруі туралы сөйлестік. Президент «сыртқы істер министрлері өзара келіседі, сонан соң халықаралық елшілердің ондай орындарды көріп, баға беруіне мүмкіндік жасаймыз» деп уәде берді» дейді Ангела Меркель.

Тамыздың 25 күні «Human Rights Watch» халықаралық құқық қорғау ұйымы Берлинді Түркіменстан президентімен - саяси қарсыластарды құпия қамау, белгілі журналист Сапармамед Непескулиевті түрмеден босату және азаматтарға шетелге шығуға салынған тыйымды алып тастау мәселесі бойынша ашық сөйлесуге шақырған болатын.

Халықаралық құқық қорғау ұйымының таратқан мәлімдемесінде HRW-ға ақпарат берген адамның айтуынша, «Азаттық радиосы Түркімен қызметінің штаттан тыс тілшісі болған Непескулиев есірткі сату күдігімен дәлелсіз айыпталып, қамалған». Сонымен қоса ұйым «Азаттық радиосы Түркімен қызметінің тағы үш тілшісі кәсіби жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды» дейді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов пен Германия канцлері Ангела Меркельдің баспасөз мәслихаты. Германия, Берлин, 29 тамыз 2016 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов пен Германия канцлері Ангела Меркельдің баспасөз мәслихаты. Германия, Берлин, 29 тамыз 2016 жыл.

Меркель мен Бердімұхаммедов Берлинде өткізген баспасөз мәслихатына қатысып қайтқан Азаттық радиосы Түркімен қызметінің директоры Фарух Юсупов түркімен түрмелеріндегі жағдай жөнінде мынадай пікір айтты:

- Түркімен түрмелерінде өте көп адам отыр. Саяси тұтқын деп есептелетін көптеген тұтқындар бар. Он жылдан астам уақыт өтсе де олар жайлы еш ақпарат жоқ. Туыстарын кіргізбейді, хат жазыса алмайды. Соңғы жылдары бірнеше құқық қорғау ұйымы бірігіп «Олардың тірі екенін көрсетіңдер» («Покажите их живыми», 2013 – жылы құрылған - ред) деген қозғалыс ашқан, ең болмаса түрмедегілер туралы бір ақпарат беруді сұрап. Бірақ, нәтиже жоқтың қасы.

Азаттық: - Түркімен түрмелерінде саяси себеппен қамауда отырғандардың саны туралы ақпарат бар ма?

Фарух Юсупов: - Кем дегенде, ондаған адам түрмеде отыр. Мүмкін, жүздеген адам болуы да... Олардың көбі «2002 жылы желтоқсанда президент Сапармұрат Ниязовқа қастандық жасауға қатысы болды» деп айыпталғандар.

Азаттық: - Сіз Берлиндегі Меркель мен Бердімұхаммедовтың баспасөз мәслихатына қатысып қайттыңыз. Адам құқықтарына байланысты нақты жауап болды ма?

Азаттық радиосы Түркімен қызметінің директоры Фарух Юсупов.

Азаттық радиосы Түркімен қызметінің директоры Фарух Юсупов.

Фарух Юсупов: - Иә, мен жиынға қатыстым. Бірақ маған сұрақ қоюға мүмкіндік берілмеді. Дегенмен «Рейтерс» агенттігінің республикадағы адам құқығы туралы сұрағы болды. Бердімұхаммедов ол сұраққа «Реформа жасалғалы жатыр, конституцияда жаңа өзгерістер болады, оған кепілдік беретін омбудсмен институты енгізіледі» деп жауап қайтарды. Ең есте қалғаны, түркімен президентінің «Газды, электр энергиясын, суды, әлеуметтік төлемдерді өз азаматтарына тегін беретін бізден басқа бір елді атап беріңдерші» деген сөзі болды. Және бұл сөз - бүгінгі шындыққа сәйкеспейді. Өйткені, қазір Түркіменстанда ол жеңілдіктерді ала алмай отырған өте көп тұрғындар бар.

Азаттық: - Меркель шетелдік дипломаттардың түрмелерге кіру мәселесін талқылағандарын айтты.Түркіменстан президенті бұл жөнінде жауап берді ме?

Фарух Юсупов: - Меркель ханым ол жөнінде айтты. Талқылағандарын ғана айтты. Ал алдағы уақытта дипломаттар түрмелерге кіре ала ма, жоқ па - ол туралы Түркімен президенті нақты жауап берген жоқ.

Азаттық: - Былтыр түрмеге қамалған Азаттық радиосы Түркімен қызметінің журналисі, әріптесіңіз Сапармамед Непескулиев туралы HRW мәселе көтергенін білеміз. Бұл азамат туралы хабар бар ма?

Сапармамед Непескулиев – еш хабар-ошары жоқ қамалған азаматтардың бірі. Өкінішке қарай, ол туралы ақпарат білу мүмкін болмай отыр. Оның отбасымен де байланыссыз қалдық. Отбасының өзі қайда екені білмейміз, қанша жылға сотталғаны белгісіз.

Фарух Юсупов: - Иә, Сапармамед Непескулиев, сол – еш хабар-ошары жоқ қамалған азаматтардың бірі. Өкінішке қарай, ол туралы ақпарат білу мүмкін болмай отыр. Оның отбасымен де байланыссыз қалдық. Отбасының өзі қайда екені білмейміз, қанша жылға сотталғаны белгісіз. Мен осы сауалды президентке екі рет қоюға тырыстым, бірақ оққағарлары мені жібермеді. Ал премьер-министрдің орынбасарына (Бердімұхаммедов премьер-министрлік қызметті де қатар атқарады – Ф.Юсупов) қойып үлгергеніммен, ол да «шаршап тұрмын» деп жауап беруден бас тартты.

Берлиндегі жиында Бердімұхаммедов Түркіменстан Конституцияға өзгерістер енгізіп, адам құқығы бойынша омбудсмен қызметін енгізуге әзір екенін жеткізген. Ол және әлем бойынша табиғи газдың өте үлкен қоры бар түркімен елі Еуродаққа газ бере алатынын, бұл мәселе бойынша нақты ұсыныстың да жасалғанын мәлімдеген.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов пен Германия канцлері Ангела Меркель. Германия, Берлин, 29 тамыз 2016 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов пен Германия канцлері Ангела Меркель. Германия, Берлин, 29 тамыз 2016 жыл.

Меркель мен Бердімұхаммедов бұған дейін соңғы рет 2008 жылы кездескен. Германия Түркіменстанның Еуродақтағы ең басты сауда серіктесі саналады. Екі елдің 2014 жылғы өзара сауда көлемі 466 млн АҚШ доллары болған. Германия Түркіменстанға өндірістік құрал-жабдықтар мен көліктер сатады және Германия үшін Орталық Азияда Қазақстан мен Өзбекстаннан кейінгі ең ірі сауда әріптесі.

Түркіменстан республикасы – БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның мүшесі. Адам құқығы мәселесі Түркіменстан Конституциясында көрсетілген және халықаралық бірнеше келісімдерде мақұлданған.«Amnesty International» дерегі бойынша Түркіменстан 2013 жылы БҰҰ-ның адам құқығы бойынша кеңесінің ұсыныстарына келісім берген. «Шекарасыз тілшілер» ұйымының 2010 жылғы есебінде Түркіменстан сөз еркіндігі өлшемінде 178 елдің арасында 176-орында. Ал адам құқығы бойынша Еуропалық сот Еуропа Кеңесі елдеріне ұзақ мерзімге қамалуы мүмкін тұлғаларды Түркіменстанға бермеуге шақырып, Еуропалық адам құқығы ковенциясын бұзу болып есептелетінін мәлімдеген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG