Accessibility links

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов шылым шегуге қарсы, сондықтан елдегі шенеуніктер темекіге қатысты жаңа ережені қатаң бақылап, жүзеге асыруға тырысады.

Ал бұл елде жарияланған «2025 жылға қарай елде шылым шегетін адам қалмасын» деген ұранды тұрғындардың көбі «өте қатал» деп бағалайды. Түркіменстанда жүрген кезімде байқаған бір ерекшелігім – бұл жақтың ер адамдары шылымды көп шегеді.

ЖҮРГІЗУШІ ОҚИҒАСЫ

Темекі тартуға қарсы жаңа ереже туралы әртүрлі ақпараттар бар. Ирандағы кейбір ақпарат құралдары «қаңтар айының соңында Түркіменстанның барлық аумағында шылым шегуге тыйым салынды» деп жазды. Дәл ондай тыйым салынбаса да шылымқорлар өмірі бұл елде қиындай бастағаны анық.

Азаттықтың Түркімен қызметі зерттеу жүргізіп көрді. Түркімен үкіметі Азаттықты ұнатпайды, сондықтан тұрғындар бізбен сөйлесуге қорқады, оның себебі түсінікті.

Азаттық тілшісі Түркіменстанға жүк көлігімен тауар таситын Мурад есімді Түркия азаматын жолықтырды, ол осы жылдың басында Түркіменстанда шылымға қатысты жапа шеккенін баяндап берді. «Мен Каспий жағасындағы Аваза қаласындағы кафеден түнгі 10:30-да шықтым, қарсы алдымда базар бар еді» дейді Мұрат.

«Қолымда темекім бар еді, базарға қарай жүрдім. Оған кірер алдында шылымымды сөндірдім. Осы сәтте біреу мені шақырды. Қарасам, полиция қызметкері екен» деп еске алады ол.

Мурад не болғанын сұрағанда полицей «Сен шылым шегіп келесің» деген. Полиция абыржып қалған Мурадты бөлімшеге алып келеді. Мурад Түркиядағы отбасына қоңырау шалады, бірақ жағдайды толық түсіндіріп болмай жатып телефондағы кредиті бітіп қалады.

«Біз полиция бөлімшесінде болдық, одан соң полиция қызметкерлері акт толтыра бастады. Мен олардан тағы «Не болды? Мен біреуді өлтірдім бе?» деп сұрадым. Олар «Сіз темекі шектіңіз» деді» дейді түркиялық көлік жүргізуші.

Мурадтың отбасы арқылы бұл жағдайда Түркіменстандағы түрік консулдығы хабардар болады. Консулдық қызметкері полиция бөлімшесінде отырған Мурадқа телефон шалған. Ол жағдайды консулдық қызметкерлеріне түсіндіреді. Осыдан соң Мурад өзінің ұсталуының себебін тағы бір мәрте анықтамақ болады. Ол тағы «Адамдар арасында темекі тарттыңыз» деген жауапты естиді.

Ашхабаттағы бір дүкендегі "Шылым жоқ" деген ескерту.

Ашхабаттағы бір дүкендегі "Шылым жоқ" деген ескерту.

Мурад оларға «Қайдағы жұрт? Бұл - шөл даланың ортасы. Түнгі он жарымда жұрт далада не істейді?» деген уәж айтқан. Полиция қызметкері «Сіз көшеде шылым шектіңіз. Егер көлігіңіздің қасында тұрып шеккен болсаңыз да ұстайтын едік. Тек көліктің ішінде тартуға тиіссіз. Бірақ ол жүріп бара жатқанда шылым шегуге болмайтындықтан, оны тоқтатуыңыз керек» деген.

Мурад біраз уақытқа бөлімшеден шығып келейін деп сұранады. «Қайда барасың?» деген сауалға «Шылым шегу үшін» дейді Мурад. «Неге бірден полиция бөлімшесіндемін деп ойладыңыз?» деп сұрайды полиция қызметкері.

Түрік консулдық қызметі түркімен билігімен сөйлескеннен кейін болар, түрікше сөйлейтін тағы бір полиция қызметкері келген. Ол Мурадтан «Неліктен біздің президенттің қоғамдық жерде шылым шекпеу туралы бұйрығын орындамадыңыз? » деп сұрайды. Мурад «Ол сендердің заңдарың, маған қатысы жоқ. Менің президентім - Түркияда» деп жауап береді.

Полиция одан «Түркияда адамдар қоғамдық орында шылым шеге ме?» деп сұрайды. «Әлбетте» деп жауап қатады көлік жүргізуші. Мурад оған Түркияда жабық ғимараттарда шылым шегуге тыйым салынғанын айтады. «Түркияда көшеде тұрып темекі тарта беремін, ешкім оған мән бермейді, сіздердің заңдарыңыз басқаша екен» дейді ол.

ШЫЛЫМ ШЕГУМЕН КҮРЕСУ ӘДІСІ

Полиция қызметкері Мурадқа оның Түркіменстанда екенін және елдің заңына бағынуға тиіс екенін ескертеді. «Мен оларға: «Жақсы, мен оған бағынамын, бірақ сағат түнгі 10:30-да және шөл даланың ортасында дүкенге бірдеңе сатып алайын деп бара жаттым, оған кірмей тұрып шылымымды сөндіріп кеттім» дейді Мурад.

Полиция қызметкерлері акт толтырмай, оны босатуды ұйғарады. Әйтпесе Мурад 70 манат (ресми бағам бойынша 18 доллар) айыппұл төлейтін еді. Мурад темекіге қарсы кампанияның басқа да жақтары туралы айтты. Ол шекарадан өткен кезде шекарашылар Түркіменстанға әр адам екі қорап қана шылым алып (400 дана шылым) кіре алатынын ескертеді.

Түркімен жол-көлік полициясы тоқтатқан кезде бір қорап шылым сұрайды, бірақ Мурад бір-екі шылым беріп өтіп келеді. Оның айтуынша, бүкіл Түркіменстанда темекі сатып алу арзанға түседі, себебі шылым бағасы арзандаған.

Қаңтар айында түркімен шенеуніктері президент Бердімұхаммедовтың «билік шылым сатуға қарсы қатаң шара қолдану керек» дегенін теріс түсініп, шара қабылдаған еді.

Брюс Панниердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG