Accessibility links

Түркіменстанда медицинаның шипасы бітіп тұр


Түркіменстандағы аурухананың бірі. (Көрнекі сурет)

Түркіменстандағы аурухананың бірі. (Көрнекі сурет)

Түркіменстанда денсаулық және спорт айы өтіп жатыр. Елдің жер-жерінде мыңдаған адам парктерде серуендеуге, жұмыс орнында міндетті жаттығулар жасауға мәжбүр.

Бұл науқан – президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің денсаулық сақтау саласындағы бастамаларының біреуі ғана. Билікке 2006 жылы келген ол елдің денсаулық сақтау саласын модернизациялауға ондаған миллион доллар бөлді.

Жарқыраған жаңа медициналық мекемелер салынып, ішіне қазіргі заманның техникалары қойылды. Алайда қарапайым түркімендерге көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы аянышты.

НИЯЗОВ ЖАПҚАН АУРУХАНАЛАР

2004-2005 жылдары Түркіменстанның алғашқы президенті Сапармұрат Ниязов 15 мың медицина қызметкерін жұмыстан босатып, елдегі аймақтық ауруханалардың барлығын жауып тастаған еді. Ниязов оларды «қажетсіз астамшылық» деп атап, «ем керек адам Ашғабатқа келсін» деген.

2006 жылы Ниязовтың орнына билікке мамандығы тіс дәрігері Гурбангулы Бердімұхамедов келді де, жағдай күрт өзгерді. Ол кетеуі кетіп тұрған денсаулық сақтау саласын модернизациялауға ондаған миллион доллар инвестиция бөлдірді.

БЕРДІМҰХАМЕДОВ АШҚАН АУРУХАНАЛАР

Содан бері Ашғабатта көптеген аурухана, клиника, денсаулық және спорт сарайлары салынды. Барлығы қазіргі заманның медициналық техникаларымен жабдықталды.

БАҚ мәліметіне қарағанда, астанадағы офтальмологиялық кешен құрылысына 56 миллион доллар инвестиция салынған. Травматологиялық орталық құрылысына 47 миллион доллар жұмсалған. Бұлар – атышулы жобалардың бірнешеуі ғана.
Түркіменстанның мемлекеттік медициналық университетінің маңдайына ілінген президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің портреті. Ашғабат, 6 тамыз 2009 жыл.

Түркіменстанның мемлекеттік медициналық университетінің маңдайына ілінген президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің портреті. Ашғабат, 6 тамыз 2009 жыл.

Түркіменстанның үкіметтік веб-сайттары Ашғабатта салынған көпқабатты медициналық мекемелердің суреттеріне толып қалған. Бұл нысандарды Бердімұхамедов үкіметі табиғи газдан түскен қаржыға салған.

Қарапайым түркімендер «шынайы өмір суреттегіден әлдеқайда жұпыны» деп налиды. Олардың айтуынша, медицина саласының тек сыртқы көрінісі ғана өзгерген.

Азаттыққа сұхбат берген дәрігерлер мен пациенттер «Бердімұхамедов Ниязов жауып тастаған ауыл ауруханаларын қайта ашқанымен, көрсетілетін медициналық қызмет сапасы өзгермеді» дейді.

«1970 ЖЫЛДАРДЫҢ ДЕҢГЕЙІНДЕ ҚАЛЫП ҚОЙҒАН»

Өзін Марал Недирова деп таныстырған түркімен дәрігері «медициналық қызмет көрсетудің сапасы 1970 жылдардың деңгейінде қалып қойды» дейді. Ол осы жылдың басында елден кетіп қалған. Недирова Түркіменстанның денсаулық сақтау саласында терапевт болып 20 жылдан астам қызмет еткен. Соңғы жұмыс орны Ашғабаттағы Ниязов атындағы аурухана болған.

Ол «Ашғабат ауруханаларын коррупция жайлап алған, ауылдардағы ауруханаларда стерильді материалдар сияқты ең қарапайым медициналық жабдықтың өзі жоқ» дейді.

Түркіменстанның оңтүстік-шығысындағы Мары облысының Тагтабазар кентіндегі туберкулез диспансері – соның бір мысалы. Жартылай қираған ғимараттың қабырғалары жуырда боялғаны көрініп тұр. Алайда ауруханада әлі де су құбыры, жылыту жүйесі мен дәретхана жоқ.

Ондағы жағдайды төмендегі видеодан көре аласыз:


Науқастар даладағы дәретханаға барады, советтік дәуірден қалған ескі темір төсектерде жатады. Ал аурухана асханасының бар жабдығы - ескі тоңазытқыш, сәкі және пластик үстел.

Недирова Түркіменстан ауылдарындағы ауруханалардың бәріндегі жағдай «осының ар жақ, бер жағында» дейді.

Оның айтуынша, «Науқастар даладағы дәретханаға барады. Көптеген ауруханалар жылдар бойы жөндеу көрмеген. Барлық жерде жағымсыз иіс шығып тұрады. Гигиена стандарттары сақталмайды, бөлмелер суық. Әдетте пациенттер жейтін тамақтарын өздері алып келеді. Олар негізі барлық қызметке ақша төлейді, бірақ оның қайда кететіні белгісіз. Ауылдағы ауруханаларда орталық жылыту жүйесі жоқ. Сондықтан пациенттер қыста пештерін алып келіп жатады».

Бұған қоса, Недирова «Ашғабаттағы ауруханаларға қойылған жоғары технологиялы жабдықтармен жұмыс істей алатын қызметкерлер жоқ» дейді.

Ашғабаттағы және ауылдардағы ауруханаларды мына фотогалереядан көре аласыз:


«СҰМДЫҚ»

Елдің шығысындағы Түркіменабат қаласының студенті Бахар осы аудандағы ауруханада тәжірибеден өтті. Ол жағдайды «сұмдық» деп сипаттайды.

​Бахар Азаттықтың Түркімен қызметіне «Аурухана ғимараты да, медициналық жабдықтары да тым ескі. Бөлмелері тар. Үнемі дәрі-дәрмек жетіспей жатады» деді.

Бұндай кемшіліктеріне қарамастан, ауылдық ауруханар – кедей түркімендер қаранатын жалғыз орын. Ашғабатқа баруға ақшасы бар азаматтардың өзі ондағы қымбат ауруханаларға жата алмайды. Ауқаты орташа деген түркіменнің астанада жатып емделуді қалтасы көтермейді.

Қағаз жүзінде Түркіменстанның мемлекет қаржыландыратын медициналық сақтандыруы мемлекеттік медициналық мекемелердегі стационарлық емдеу мен дәрі-дәрмек шығынының бір бөлігін көтереді. Алайда Азаттыққа сұқбат берген науқастар «іс жүзінде аурухана төсегінен бастап, тамағы бар, дәрі-дәрмегі бар - барлық қызметке өздері төлейтіндерін» айтып отыр.

«ПАРА БЕРУ – ЗАҢ»

Қазір өзінің қайда тұрып жатқанын айтқысы келмеген Недирова «Түркіменстан ауруханаларында пара беру – заң. Пациенттер медбикелер мен хирургтарға қолма-қол ақша төлеуі тиіс. Бұл – ауруханада жатқаның үшін төленетін ақшадан бөлек ақы» дейді.
Ашғабаттағы медициналық мекеменің бірінің үкімет сайтындағы суреті.

Ашғабаттағы медициналық мекеменің бірінің үкімет сайтындағы суреті.

Оның айтуынша, «Ашғабаттағы мәрмәрмен безендірілген жаңа медициналық орталықтарға келген науқастардың ертерек қаралып, емделу үшін пара беруден өзге амалы қалмайды. Мысалы, магниттік-резонанстық томографияға тегін түсу үшін пациенттер екі-үш ай күтеді».

БАҚ ақпаратына қарағанда, ауруханалар рак операциясы үшін 8 500 доллар шамасында ақы алады, кейбір операцияларды мемлекеттік медициналық сақтандыру төлеп береді. Алайда Недирова «дәрігерлер мен медбикелерге берілген параны қоса есептегенде науқастың шығыны әлдеқайда көп болатынын» айтады.

​Ауыр дертке шалдыққан науқастар әдетте үйлерін немесе көліктерін сатады, туыстарынан қарыз алады.

Балқан облысынының тұрғыны, үйде отырған 55 жастағы Арзу созылмалы бүйрек ауруын емдету үшін 6 ай сайын ауруханаға жатуы керек. Ол «Ересек балаларым ем-дом шығындары мен міндетті болып кеткен параларды төлеуге мәжбүр» дейді.

Арзу ханым ем қабылдаудан мүлдем бас тартқысы келетінін айтады, себебі отбасының бұдан ары әлгі шығындарды төлеуге мүмкіндігі жоқ.

«БИЛІК ШЫНАЙЫ ЖАҒДАЙДЫ ЖАСЫРАДЫ»

Бір кездері жағдайы жақсы түркімендер емделуге Түркияға, Иранға немесе Ресейге барып тұратын.
Түркіменстанның Атамұрат аймағындағы аурухана.

Түркіменстанның Атамұрат аймағындағы аурухана.

Алайда соңғы жылдары Түркіменстан билігі шетелде емделгісі келгендер үшін көп уақыт алатын, күрделі қағаз процедураларын ойлап тапқан. Ондағы мақсаттың шетке жіберуге кедергі жасау екені анық.

27 жастағы Айна сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан.

Ол «Маған операция жасату үшін Иранға баруыма рұқсат бермеді. Содан соң мен демалған болып Түркияға бардым. Биліктің ойынша, түркімендер емделу үшін шетелге шығатын болса, өзге елдер денсаулық сақтау саласындағы шынайы ахуалдың қандай екенін біліп қояды» дейді.

(Азаттықтың Түркімен қызметінің мақаласын аударған - Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG