Accessibility links

Түркіменстан Иранға газ құбырын жапқаннан ұта ма?


Түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) сол кездегі ирандық әріптесі Махмуд Ахмадинежадпен бірге екі ел арасындағы жаңа газ құбырын ашып тұр. Түркіменстан, 6 қаңтар 2010 жыл.
Түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедов (сол жақта) сол кездегі ирандық әріптесі Махмуд Ахмадинежадпен бірге екі ел арасындағы жаңа газ құбырын ашып тұр. Түркіменстан, 6 қаңтар 2010 жыл.

Түркіменстанның Иранға табиғи газ бермей қойғанына жарты ай болды. Иран ұлттық газ компаниясы қаңтардың 1-і күні Түркіменстанның газбен қамтамасыз етуді тоқтатқанын айтқан.

Түркіменстан «Иранның қарызы көбейіп кетті» дейді. Газ құбырын бекітіп қойғаннан екі жақ та зардап шегеді, Иран мен Түркіменстан соңғы 25 жыл бойы тату-тәтті араласқан көршілер еді. Мәселеге қатысты екі тараптың көзқарасы бір жерден шықпай жатыр, сондықтан ымыраға қалай келетіндері белгісіз.

"Неліктен бұндай жағдай болды және ол қашанға созылмақ? Түркімен-иран қарым-қатынасы одан қаншалықты жапа шегеді?" деген сауалға Азаттық өткізген жиынға қатысушылар жауап іздеді. Азаттықтың БАҚ-пен байланыс жөніндегі менеджері Мұхаммед Тахир жүргізген сұхбатқа Атлантикалық кеңестің Global Energy Center қызметкері Бренда Шаффер (Вашингтон), Таяу Шығыс институтының қауіпсіздік мәселелері бойынша сарапшысы Алекс Ватанка (Вашингтон) мен Азаттық тілшісі Брюс Панниер (Прага) қатысты.

«ИРАН ТҮРКІМЕН ГАЗЫНСЫЗ КҮН КӨРЕ АЛАДЫ»

Иран мен Түркіменстан арасында алауыздық туындағаны жайлы жаңа жылдың алдында ғана белгілі болған. 20 жыл бұрын басталған түркімен-иран газ келісімінің нақты шартын ешкім білмейді, сондықтан даудың арқасында келісімшарттың күмәнді тұстары белгілі болды.

– Иран бақылаушылары мен БАҚ-тары коммерциялық келісімшартта қате кеткенін айтады. Оларға сенсек, бұл саяси мәселе емес, – дейді Алекс Ватанка.

Түркіменстандағы газ компрессоры.
Түркіменстандағы газ компрессоры.

Қарыз сомасы белгісіз. Газ дауына қатысты алғашқы деректе 1,8 миллиард доллар көрсетілді. Иранның кейбір дереккөздері «ешқандай қарыз жоқ» десе, бірқатар иран шенеуніктері Тегеранның қарыз болып қалғанын растады.

Олардың айтуынша, қарыз сомасы жүздеген миллион доллардан бір миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Түркіменстан деректері сомасын көрсетпеді. Ватанканың айтуынша, «Түркіменстан Ираннан қанша ақша алғысы келеді, ал Иран бергісі келмейді?» деген сауал туындайды.

Келіссөздер жүріп жатыр. Иран билігі газсыз қалған Иранның солтүстік-шығыс бөлігіне қуатты қайта жіберуге тырысады. Иранның біраз шенеунігі «солтүстік-шығыс Иран түркімен газынсыз-ақ күн көре алады» деді. Олар алдағы күндерде елдің ішіндегі газ желісі Иранның солтүстігіне жетіп, түркімен газына мұқтаждықты жоятынын мәлімдеді.

Бірақ Иранда президент сайлауы жақындап қалды. Лауазымды тұлғалардың газға қатысты мәлімдемелері Иранның солтүстігіндегі жағдайды толық көрсетеді деп сену қиын. Шын мәнінде Иран қазір түркімен газының орнын толтыра алмайды.

«Иран шынымен де өз ішінде газ өндіріп жатыр ма? Тұрғындарын сонымен қамтамасыз етуге қабілетті ме?» дейді Шаффер. Оның пікірінше, ВР және АҚШ энергетика министрлігінің деректері бойынша, Иран – газды тек импорттаушы мемлекет. Әзербайжан мен Түркіменстаннан алған газы Армения мен Түркияға шығарған газынан әлдеқайда көп.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов "Шығыс-батыс" газ құбырын ашып тұр. 23 желтоқсан 2015 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов "Шығыс-батыс" газ құбырын ашып тұр. 23 желтоқсан 2015 жыл.

Өткен жылғы деректер әлемдік нарықта газ бағасының төмендеуінен Түркіменстан экономикасының жапа шеккенін көрсетті. 2016 жылдың басында Ресей Түркіменстаннан газ алуды тоқтатты, қазір тек Иран мен Қытайға экспорттайды.

Кейбір сарапшылар Түркіменстан қаржыдан қатты қысылған соң Иранға қысым жасай бастады дейді. Шынымен солай болса, оның салдары ұзаққа созылмақ.

– Картаға қарап, Иранды көріңіз. Ол құрлықтағы ең үлкен ауқымды алып тұр, Таяу Шығысты солтүстікпен, Орталық Азия, Кавказбен жалғайды, Еуропаны шығысқа және Щығыс Азияға қосады, – дейді Ватанка.

«ТҮРКІМЕНСТАН ҚАРЖЫҒА ЗӘРУ»

Ватанка Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» атты сауда жобасында Иранның маңызды рөл атқаратынын ескертті, Иранның көршісі ретінде Түркіменстан да сыртқы әлеммен байланыс жасап, көп пайда табатын еді дейді.

– Иранның ұлттық газ компаниясы Иранды аймақтағы газ концентраторына айналдыруға тырысып жатыр. Демек, Иран газбен жабдықтаушы ғана емес, солтүстік, шығыс және батысқа кететін газдың транзит бекеті болмақ, – дейді Ватанка.

Қазіргі газ дауы түркімен-иран қарым-қатынасына ұзақ уақыт ықпал етпесе керек. Иран бірнеше жыл бойы түрлі халықаралық санкциялардан зардап шекті, сол кезде Түркіменстан Иранмен жақсы байланыс орнатты - оның бәрі саудаға негізделген.

Көптеген елдерде газға қатысты келіспеушіліктер саяси қарым-қатынасқа ықпал етпейді.

– Көптеген елдерде газға қатысты келіспеушіліктер саяси қарым-қатынасқа ықпал етпейді, – дейді Шаффер.

Ал Ватанка екі тарапқа да пайдалы жағы бар екенін айтады. Түркіменстан мен Иранның Каспий теңізі жағалауындағы елдер екенін еске алған ол «сол теңізге қатысы бар барлық мемлекеттің келісімін қажет ететін Каспийді қолдануға қатысты көптеген мәселелер бар екенін» ескертті. Иран және Түркіменстанмен шектесетін Ауғанстанның солтүстігінде де тұрақсыздық бар.

Түркіменстан газ тұтынушысы ретінде Ираннан айрылады. Бірақ жылына 8 миллиард текшге метрден астам газ сатып көрмеген Түркіменстан үшін халықаралық саудаға белсене араласып жатқан Иран көп пайда әкелуі мүмкін.

Ал Түркіменстан экономикасын қалпына келтіретін сәттен айрылып қалған тәрізді. Ашхабад жақында халық бізді қолдайды деп мәлімдегенімен түркімен халқының басым бөлігі үкіметке риза емес, экономикалық құлдырау оны өршітіп жіберді. Иран қанша қарыз болса да, Түркіменстанға ақша дәл қазір керек.

Брюс Панниердің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG