Accessibility links

Түркіменстанда сотталған қазақтар еліне қайтты


Орынбасар Құзбеков, Түркіменстанда сотталған Қазақстан азаматы. Сурет Lada.kz сайтынан алынды.

Орынбасар Құзбеков, Түркіменстанда сотталған Қазақстан азаматы. Сурет Lada.kz сайтынан алынды.

Қазақстанның жеті азаматы Түркіменстанның Ту күніне қатысты рақымшылыққа ілініп, босап шықты. Туыстары оларды енді Қазақстанда жауапқа тартады деп қауіптенеді.

Ақпанның 18-і күні кешке Түркіменстанда «шекараны заңсыз кесіп өткендері үшін» ұзақ мерзімге бас бостандықтарынан айырылған жеті азамат Қазақстанға бет алды.

ҮМІТ

Дүйсенбі кешке рақымшылықпен босап келе жатқан Абдилла Кигликовтің әйелі Самал Шишмағанбетова Азаттық тішісіне:

- Олар қызметтік машинамен келе жатыр екен. «Бірінші ІІД-ге алып келеді, сол жерде жиналыс жасайды» дейді. Неге үйге жібермейді? Оларды мүмкін ІІД-ге алып келіп қамайын деп отырған шығар, бізге айтпай. Бастықтарына қоңырау шалсам, алмайды телефонын, - деді.

Астана уақытымен кешкі сағат 21.00-де Азаттық тілшісі Орынбасар Құзбековтің әйелі Сантайға хабарласты.

- Мен күндіз Орынбасармен сөйлестім, «жағдайлары жақсы, аман-есенбіз» деп айтты. Қазір мен Жаңаөзенде, туысымның үйінде күтіп отырмын, әлі жеткен жоқ. Білмей отырмыз, ол ары қарай Ақтауға алып кетеді дегендей болды, - деді Сантай.

КҮДІК

Ақпанның 18-і күні Азаттық тілшісіне сұхбат берген Абдилланың әйелі Самал Шишмағанбетова, күйеуінің босап шыққанына қуанышты. Алайда бұл қуаныш ұзағынан болмай ма деген күдігі де бар.

- Тағы да Қазақстанның өз ішінде сот болады деп айтты, ішкі істер департаментіндегілер. Олар «Қазақстанның да заңын бұзды» дейді. Қазақстанның не заңын бұзғанын біз түсінбедік,- деді ол.

Төрт баланың анасы Самал Шишмағамбетова күйеуі ұсталған төрт айда жағдайының қиындап, амалсыздан ата-енесінің үйіне көшіп барғанын айтады.

- Қарақия ауданындағы Құрық елді мекенінде жұмыс жасайды. Біз сол жақта пәтер жалдап тұрғанбыз. Кейін күйеуімді қамаған соң, ата-енемнің жанына Ақтауға келдім, төрт баламмен. Төрт полицейдің әйелі жиналып ІІД басшылығына көмек сұрап бардық. «Сендерге ешқандай көмек бере алмаймыз» деді. «Айлықтарын бермесеңіздер де, материалдық көмек беріңіздер, 4-5 баламен үйде отырмыз, жұмыс жасамаймыз» деп бардық. Жауап жаңағындай болды, - деді Самал Шишмағамбетова.

Қамауға алынғандардың туыстары «тергеу ісіне зияны тиеді деп қорыққан себепті көпке дейін үндемей келгендерін» айтты.

Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Ілияс Омаров қамаудан босатылғандардың ендігі тағдыры не болатыны туралы ақпарат беру СІМ-нің құзыретіне жатпайтынын айтты.

«ЫҚПАЛ»

Түркіменстанда тұратын Сансызбай есімді этникалық қазақ өзін Абдилла Кигликовтің туысы ретінде таныстырды. Азаттық тілшісіне ол телефон арқылы қамаудан босаған жеті қазақстандықтың ақпанның 18-і күні түскі сағат 12.00 шамасында Түркіменбашы қаласынан шекараға қарай әкетілгенін айтты. Оның сөзінше Қазақстан азаматтары кеден бекетінен кешкі 18.00-ге дейін өтіп үлгерсе, үйлеріне түнделетіп жетуі тиіс.

Сыртқы істер министрлігінің өкілі Ілияс Омаровтың айтуынша, қамаудан босаған азаматтарды Қазақстанның Түркіменстандағы консулы шекарадағы «Темірбаба» бақылау-өткізу постына дейін ертіп бармақ.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов Түркіменстанда қамалған азаматтарды «босатуға ықпал жасау үшін барлық дипломатиялық құралдар қолданылды» деп мәлімдеді.

Ресми мәлімдемеге сәйкес «Түрікменстан сыртқы істер министрлігі басшылығымен жасалған келіссөздер мен Ашхабаттағы Қазақстан елшілігінің күш-жігері арқасында» 2013 жылғы ақпанның 15-і күні Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтың жарлығымен аталған азаматтарға рақымшылық жарияланған.

2012 жылғы қазанның 19-ы күні Түркіменстанда Қазақстанның жеті азаматы ұсталған еді. Оларға Түркіменстан қылмыстық кодексінің 214-бабы («мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту») бойынша айып тағылып, біреуі – 8, қалған алты азамат 7 жылға сотталған. Олардың ресми ақпараттағы аты-жөндері былай көрсетілген: А.Бекбосынов, А.Кигликов, С.Майлыханов, Б.Азбергенов, О.Құзбеков, Ш.Көптлеуов және Г.Есмағанбетов.

Ұсталғандардың төртеуі Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полициясының қызметкерлері болып шыққан еді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG