Accessibility links

Бердімұхамедовпен қатар өскен «Полимекс»


Түркия президенті Абдулла Гүл Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедовті марапаттап жатыр. Анкара, президент сарайы, 29 ақпан 2012 жыл.

Түркия президенті Абдулла Гүл Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедовті марапаттап жатыр. Анкара, президент сарайы, 29 ақпан 2012 жыл.

Кезінде көпке беймәлімдеу Түркияның «Полимекс» атты компаниясы әлемнің үздік мердігерлерінің қатарына кіріп, 2007 жылдан бері Түркіменстанда миллиардтаған долларлық жобаларды жүзеге асырып жатыр.


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов 2012 жылдың ақпан айында Стамбулға келіп қайтқан сапарында Түркия президенті Абдулла Гүл оны осы елдің мемлекеттік орденімен марапаттады. Бақылаушылардың пікірінше, марқұм Сапармұрат Ниязовқа қарағанда, Бердімұхамедов түрік бизнесі үшін ел есігін кеңірек ашып, жағдай жасап отырғандықтан осындай марапатқа ие болды.

«ПОЛИМЕКСТІҢ» БАСТАПҚЫ БИЗНЕСІ

Түріктің Today’s Zaman («Тудейс Заман») газеті өткен айда екі елдің арасындағы тауар айналымы 2011 жылы 2 миллиард АҚШ долларына жетеғабыл болғанын жазады. Оның бестен бір бөлігі ғана - Түркіменстаннан импортталған тауар құны.

Түркімен-түрік қарым-қатынасында құрылыс саласы айрықша орынға ие. Әлгі газеттің ақпарына қарағанда, түріктің құрылыс компаниялары Түркіменстанда жалпы сомасы 23 миллиард 700 миллион долларға болатын 690 жобамен айналысып жатыр екен. Бұл – Түркіменстанның өз шығындарымен салыстырғанда аса қомақты қаржы. Түркімен бюджетінің 2012 жылға арналған шығыс бөлігі - 26 миллиард 800 миллион доллар.
Ұлттық саябақ. Түркіменстан, Ашғабад, 2011 жыл.

Ұлттық саябақ. Түркіменстан, Ашғабад, 2011 жыл.


Билік басына Гурбангулы Бердімұхамедов келгеннен бері 1995 жылы құрылған, жұртқа онша таныс емес түріктің «Полимекс» компаниясының дәурені жүріп тұр. Оның негізін қалаушылар - Эрол Табанжа, Жэм Сияни, Есэр Мамжулар. Бір айта кетерлігі, бұл құрылыс компаниясының Түркіменстандағы бизнесі 1995 жылы денсаулық сақтау министрлігінің ландшафтық жұмыстарын жобалаудан басталған.

Компанияның Қазақстан мен Қытайда да өкілдіктері бар. Бірақ қанша күш салғанымен, ол бұл елдерде әзірше табан тірей алмай келеді.

ЫРҒЫН ТАБЫС

Құрылғанына 17 жыл болған «Полимекс» алып монументтер мен ескерткіштер, қонақ үйлер мен фабрикалар, әкімшілік ғимараттары мен тағы басқа түрлі нысандар салды. 2011 жылдың аяғындағы есеп бойынша ғана компания 109 нысан тұрғызыпты. Оның ішінде Ресей мен Түркияда бір-бір қонақ үйден, Қазақстанда қағаз шығаратын фабрика салыпты. Мұның бәрі 2006 жылдың еншісінде қалған нысандар. Қалған 106 нысан Түркіменстанда салынған.

Келісім-шарттарының жылдық көлемі жөніндегі компанияның сайтында жарияланған статистикалық мәлімет назар аударарлықтай. 2006 жылы «Полимекс» компаниясы жалпы көлемі 117 миллион доллар болатын келісімге қол қойыпты. Алайда 2007 жылдан бастап (Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов билік басына келген жыл) компанияның тасы күрт өрге домалап жүре берген. 2007 жылы 547 миллион доллардың келісім-шартына қол қойылған. 2006 жылмен салыстырғанда «Полимекс» жасаған келісімдердің жылдық сомасы ондаған есе ұлғайған. 2010 жылы компанияның табысы шарықтай көтеріліп, 3 миллиард 200 миллион долларлық келісім-шартқа қол қояды.

Американың Engineering News-Record («Инджиниринг Ньюз-Рекорд») апталық журналы жасаған дәстүрлі рейтингке сәйкес, аса ірі деген 225 халықаралық мердігер компаниялардың ішінде «Полимекс» 2010 жылғы 102-ші орыннан 2011 жылы 59-шы орынға өрлеген.

Сонымен «Полимекстің» келісім-шарттарының жалпы сомасында Түркіменстан жобаларының алатын үлесі қандай? Бұл - жеті қат жер астындағы құпия. Түркіменстанның ресми орындарының сайттарынан ешбір ақпарат таппадық. Мұндай цифрлар «Полимекс» компаниясының сайтында да жоқ. Есесіне, сайттың басқы бетіне кірсеңіз, сол баяғы Түркіменстанда бой көтерген зәулім ғимараттардың фотосуреттерінен көз сүрінеді.

АУЗЫ-МҰРНЫ ЖОҚ ОТАУ

Әу бастан жабық сипат алған Түркіменстан билігі мен түріктің «Полимекс» компаниясының арасындағы ынтымақтастық 2007 жылдан бастап тіпті зор құпияға айналды. Ресми Ашғабат құрылыс жобаларының сомасын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды мүлде доғарды. Әміршіл режимнің төтенше жабық сипаты елде тұрғызылып жатқан нысандардың өлшеусіз құнының қаншалықты негізді екенін шетелдік сарапшылардың тексеруіне мүмкіндік бермей отыр.
Ашғабадтағы "Түркіменбашы" ескерткіші, 22 маусым 2010 жыл.

Ашғабадтағы "Түркіменбашы" ескерткіші, 22 маусым 2010 жыл.


Әйтсе де кейбір жайттардың ұшығы БАҚ-қа жетіп жатыр. 2011 жылдың қыркүйегінде түрік компаниясы Түркіменстан жерінде құны үш миллиард долларға жуық жобаны әлі салмаған болып шықты. Оның қатарында компанияның айрықша мақтанышына айналған Сапармұрат Ниязовтың алтынмен апталған тұлғасы бейнеленген, айналмалы күн орнатылған Бейтараптық Аркасы да бар. Айтпақшы, ескерткішті бір емес, екі рет тұрғызуға тура келіп, оған жұмсалған қаржы әр кез көптеген сауал тудырғаны мәлім. Атап айтқанда, 1998 жылы бұл арканың құрылысына түркімен салық төлеушісінің есебінен 10 миллион доллар төленсе, оны астананың шетіндегі жаңа орынға жайғастыруға ғана 217 миллион 800 мың доллар жұмсалған.

Басқа нысандарды тұрғызуға бекітілген келісім-шарттардың да сомасы қомақты. Мәдениет және демалыс орталығының құны - 90 миллион 300 мың доллар, әскери институт, Орталық офицерлер үйі, әскери училищенің ғимараттарынан тұратын кешен 327 миллион 400 мың доллар. Лебап уәлаятындағы цемент зауытының құрылысы, шамамен, 240 миллион доллар деп жоспарланған. Ашғабаттың іргесінде бой көтеретін Олимпиада кешенінің жалпы құны 5 миллиард доллар болмақ. VIP-пирс, яхталар аялдайтын жабық кемежай мен Каспий теңізіндегі күзет орындары салу, Чандибил-Андалип тас жолы бойындағы құрылыс жұмыстары тағы бар.

Жақында батыстың бұқаралық ақпарат көздері эмиграцияда жүрген түркімен құқық қорғаушыларының арқасында YouTube желісінде бір бейнеролик жариялады. Онда Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовқа ұқсас адам арасында балағат сөздерді де жіберіп: «Мына, сендер, премьер-министрлер, қайдағы бір боқмұрындардың алдауына түсіп қап отырсыңдар... Олардың ойлағаны қалтасының қамы, өздеріңді тақырға отырғызып, сосын... бір тебеді. Салып жатқандары сапасыз, сын көтермейді» деп түркіменнің жоғары шенділерін жерден алып, жерге салып жатқаны көрсетілген.

Бейнероликтегі президентке ұқсас адам түрік бизнесмендері туралы: «...мұнда қалталарын қампайтудың қамымен жүрген, өз жерінде ешкім танымайтын олар, бұл жерден байып кетіп жатыр» дейді.

Ол бейнежазбаны төмендегі сілтеме бойынша көре аласыздар.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG