Accessibility links

Гурбангулы Бердімұхамедовке де ескерткіш қойылды


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов бейнеленген ескерткіш-мүсін. Ашғабат, 6 наурыз 2012 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов бейнеленген ескерткіш-мүсін. Ашғабат, 6 наурыз 2012 жыл.

Ашғабатта түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің құрметіне жасалған алғашқы ескерткіш пайда болды. Бұл ескерткіште атқа мінген, ұлттық киім киген президент оң қолын алға созып тұр.


Бұл ескерткіш Ашғабатта 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні қарсаңында ашылған гүл көрмесіне қойылды.

Атының да, адамының да, «Гурбангулы Бердімұхамедовтің» оң қолынан ұшып шыққан көгершінінің де тұрқы өмірдегі түпнұсқаларымен шамалас ескерткіш көрме өтіп жатқан залда тұр.

Ескерткіш Түркіменстан президентімен аттас – «Арқадағ» деп аталады.

Түрікменстанның қазіргі президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов бұл атақты 2010 жылдың 26 қарашасында Түркіменстан тәуелсіздігінің 19 жылдығына орай «Копетдағ» стадионында өткен әскери парадта алған еді.

«Арқадағ» Гурбангулы Бердімұхаммедов – Түркіменстанның «Түрікменбашы» Сапармұрат Ниязовтан кейінгі президенті. 2006 жылы Ниязов көз жұмғаннан бері елді басқарып келе жатқан Гурбангулы Бердімұхаммедов биыл ақпандағы президент сайлауында 97,14 пайыз дауыс алып, бұрынғы орнында қала берді.

Елдің бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязовтың өзіне көзі тірісінде, 1998 жылы орнатқан ескерткішін Гурбангулы Бердімұхаммедов 2010 жылы алып тастаған еді. Бірақ 2011 жылы «Түрікменбашы» ескерткіші жаңа жерге орнатылды. «Түркіменбашының» алтынмен апталған мүсіні енді Ашғабаттағы Бейтараптық құрметіне қойылған 95 метрлік ескерткіштің үстінен бір-ақ шықты.

Жалпы, көзі тірі президенттеріне ескерткіш орнату Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне де таңсық оқиға емес.

Бұдан бір жыл бұрын - «Арқадағтың» Қазақстандағы «әріптесі» Нұрсұлтан Назарбаев та кезектен тыс президент сайлауында 95,55 пайыз дауыспен қайта сайланған соң - Алматыдағы тұңғыш президент паркіндегі «Қазақстан» монументалды ескерткіштер композициясын ортасына «Елбасы» Назарбаевтың тағы бір ескерткіші орнатылған.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG