Accessibility links

Түркіменстан: Ысырапшылдық культі


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің ескерткіші. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтің ескерткіші. Ашғабат, 25 мамыр 2015 жыл.

Ашғабаттың орталығында ақ мәрмәрден қашалған 15 метрлік тұғырдағы ескерткіш жарқырап тұр. Бірақ «бұл ескерткіш түркімендердің жер болған рухының үстіне тұрғызылды-ау» деген ой көкейімнен кетпей қойды.

Жақында ғана Түркіменстан басшылығы Ашғабатта алтын жалатылған алты метрлік ескерткішті қарбаласпен ашты. Атқа мініп, көгершін ұстап отырған – ел президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.

25 мамырда даңғаза сән-салтанатпен ашылған ескерткіш туралы шетел ақпарат құралдары жарыса жазды. Алайда бұл жалт-жұлт еткен алтын мүсіннен қарапайым түркімен халқына келіп-кетер пайда шамалы.

Жан басына шаққандағы орташа табыс шамамен 300 доллар болатын бұл елде, президент Бердімұхаммедов айтқандай, «осы ескерткішті тұрғыз деп халық қолқа салды» дегенге сену қиын.

Мүсіннің ашылу салтанаты жайлы шетел баспасөзі жазған мақалалардың ішінде «эксцентрикалық» деген теңеу көп айтылды. Ал менің бойымда әлдекім қайта-қайта мәжбүрлеп көрсетіп жүрген нашар фильмді тағы бір көргендей жиіркеніш сезімі пайда болды. Алда бұдан да сорақы болайын деп тұр. Жақында Ашғабатта жаңа бақ ашылады. Ол туралы айтпас бұрын бірнеше жайтты еске түсіріп алайық.

ҚАҢЫРАП ТҰРҒАН САРАЙЛАР

Гурбангулы Бердімұхаммедовтың жаңа ескерткіші жайлы сөз еткендер оның алдындағы президент Сапармұрат Ниязовтың кезінде елді «меңдеген» жеке басқа табыну дерті туралы айтпай кетпейді.

1992-93 жылдары Орталық Азияны көп аралайтын едім, сонда Түркіменстанға да жиі келіп тұратынмын. Бұл елде жеке басқа табыну ауруының қалай пайда болып, біртіндеп асқынғанын көзіммен көрдім.

Мен білетін Ашғабат күйген қызыл кірпіштен тұрғызылған қала болатын. Жергілікті құрылыс материалдарынан салынғандықтан ба, маңайындағы жоталармен біте қайнасып жататын әдемі қала еді.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. 27 қазан 2014 жыл.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов. 27 қазан 2014 жыл.

Ал бүгінгі Ашғабаттың суреттеріне қарасаң, Бердімұхаммедовтың жаңа ескерткіші сияқты аппақ мәрмәрден көз тұнады. Бұл – аса қарқынды жүрген «қаланы жаңарту» жобасының нәтижесі. Соның кесірінен тұрғындар біртіндеп қаланың шетіне ығыстырылды.

Бұл науқан 1994 жылы басталды. Әр министрге бес жұлдызды қонақүйден тұрғызуға тапсырма берілді. Көпқабатты тұрғын үйлер сүріліп, олардың орнына жарқыраған мейманханалар салынды. Қазір бұлардың көбі қаңырап тұр, бөлмелерінің 30 пайыздайында ғана адам тұрады. Бұл науқанның жалпы шығыны 1,5 миллиард доллар болды.

Министрлерге өз мекемелеріне арнап ақ сарайлар тұрғызуға пәрмен берілді де, қарапайым тұрғындардың үйлері қиратыла берді, қалың бұқара сырт жаққа үдере көшті. Министрліктер ғимараттарының көпшілігі 2000 жылдардың ортасына дейін құрылысы бітпей, бос тұрды. Бұл ғимараттарды тұрғызуға нақты қанша қаражат жұмсалғаны туралы ақпарат таба алмадым. Тек бір ғана құрылыс министрлігінің ғимаратын салуға 55,2 миллион доллар кеткен. Ашғабаттағы ең биік төрт ғимараттың төртеуі де министрліктердің кеңсесі екенін айтсақ та жеткілікті.

ЗИРАТ ҚАЗУ МЕН КӨЛ САЛУ

Одан соң ескерткіш культі басталды, тағы да ескі үйлер құлатылып, қара халық қала сыртына көшірілді. Бұлардың ішіндегі ең үлкені – президент Сапармұрат Ниязовтың үнемі күнге жүзін беріп айналып тұратын алтын мүсіні. Оны жасауға 12 миллион доллар жұмсалған.

Күнмен бірге айналып тұратын алып мүсін салынған тұста Азаттықтың түркімен қызметіне хабарласып, мұңын шағатындар көбейіп кетті. Олардың айтуынша, бұл науқаннан тек тірі адамдар ғана емес, өлілер де зардап шегіп жатыр.

Ашғабат көшелері.

Ашғабат көшелері.

Ашғабат Орталық Азия аймағындағы жас қала саналады. Аймаққа орыстар келгенге дейін мұнда қала болмаған. Қала өскен сайын зираттар көбейген, кейбір зираттар қаланың ортасында қалып қойған. Ниязовтың кезінде сән-салтанатты астананы тұрғызуға осы зираттар кедергі келтірген. Сондықтан мәйіттер қазылып, қаладан шеткері жақтағы шөл далаға жеделдетіп көмілген. Жаңа молалар терең болмаса керек, қарсақтар марқұмдардың сүйектерін қазып алып, шөлге қарай тасыған.

2004 жылы Сапармұрат Ниязов Ашғабатты қойып, шөл даланы «көркейтуге» кірісті. Қарақұм шөлінің ортасынан жасанды көл жасау жобасының 2000 жылдардағы құны 4,5 миллиард доллар болған. Табиғатты қорғаушылар «Әмудария өзенінің суын шөлге бұру шарасы нәтиже бермейді, су құмға сіңіп кетеді, бұдан Арал теңізі одан сайын суала түседі» деп дабыл қаққан. Арада он жылдан астам уақыт өтті, көл жасау жобасы әлі аяқталған жоқ.

Одан соң Ашғабат қаласын кесіп өтетін, ұзындығы 11 километрлік жасанды өзен жүргізілді. Өзеннің екі жағына ағаштар отырғызылып, фонтандар орнатылды. Өзен суы соңында бір жерге жиналады да, содан соң басына қарай қайта жіберіледі. Бірақ жағалауға тігілген ағаштардың көбі алғашқы жылдары-ақ қурап қалды. Бұл «өзеннің» бағасы қанша болды дейсіз бе? «Бар болғаны» 63 миллион доллар.

КУРОРТ ПЕН БАҚ

Мұның барлығы Ниязовтың тұсында болған, ал Бердімұхаммедов ақша шашу жағынан одан да асып түсті. 2009 жылдың соңында ол Каспий теңізі жағалауында Аваза курортын салуға 12 миллиард доллар жұмсалады деп мәлімдеген. Арада бірнеше ай өткенде жобаның бюджеті 23,6 миллиард долларға өсіп шыға келді. Бұл курортты халықтың көзінен тасалап, биік дуалмен қоршап тастады. Ол дуалды тұрғызуға да үкімет ақша бөледі.

2011 жылы қазанда Ресейдің ИТАР-ТАСС агенттігі Аваза курортына әлден 1,4 миллиард доллардың жұмсалғанын хабарлады. 2013 жылы шілдеде Бердімұхаммедов шөлдегі курорт жобасының аясында тағы 10 ғимарат тұрғызуға пәрмен берді.

Ал Бердімұхаммедовтің өзі кезінде Ниязов 250 миллион долларға тұрғызған Оғыз хан президент сарайында тұрады. Бір фотода оның құны 2 миллион доллар тұратын Bugatti Veyron спорт көлігін айдап бара жатқан сәті түсірілген.

Ашғабатта салынбақ бақ жоспары.

Ашғабатта салынбақ бақ жоспары.

Енді бақ туралы айтсақ. Дәл президенттің туған күні – 29 маусымда немесе сол күннің қарсаңында теңдесі жоқ жаңа бақ ашылмақ. Азаттық радиосы жаңа бақтың жобасын тауып, онымен танысты. Сән-салтанаты келіскен бұл бақты салуға да аз ақша жұмсалмағаны белгілі. Бірақ ресми орындар жобаның нақты бюджетін айтпай отыр.

​Бердімұхаммедовтың елге еш пайдасы жоқ алтын ескерткіші ашылған соң көп ұзамай тағы бір қымбат нысан бой көтермек. Ашғабат тұрғындарының үйлері қиратылып, еш өтемақы алмастан далада қалып жатыр. Бұл Түркіменстан басшылығының халыққа қаншалық жаны ашитынын білдірсе керек.

1992 жылы президент Сапармұрат Ниязов Түркіменстанның екінші Кувейтке айналатынын, жұрттың бәрі «Мерседес» мініп жүретінін айтқан. Ал үйлері қиратылған халық туыстарының үйін барып паналаған, мұнда оқтын-оқтын су тоқтап, жарық сөніп қала береді. Олар әйтеуір тым құрығанда алтын мүсіндер мен салтанатты сарайларға масаттана қарап, Авазада демалғандай әсерде жүрген болар.

Брюс Панниердің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG