Accessibility links

Бұрынғы оппозициялық саясаткер билікке жақын партияға өту себебін айтты


Уәлихан Қайсар, "Әділет" партиясы төрағасының бірінші орынбасары. Aстана. 3 желтоқсан 2011 жыл.
Уәлихан Қайсар, "Әділет" партиясы төрағасының бірінші орынбасары. Aстана. 3 желтоқсан 2011 жыл.

Cаясаткер Уәлихан Қайсар билікке жақын партияның атынан сайлауға қатысуға мәжбүр болдым дейді. «Әділет» партиясы төрағасының идеология және креативті мәселелер бойынша бірінші орынбасары болып сайланған Уәлихан Қайсар партия атынан мәжіліс сайлауына қатыспақ. Бұл турасында сенбі күні өткен "Әділет" партиясының сиезінде белгілі болды.


  • - Уәлихан мырза, сіз сайлауға «Руханият» партиясының атынан түсемін деп жүріп, өткен аптада кенеттен шешіміңізді өзгертіп, «Әділетке» кетіп қалдыңыз. Бұған не себеп болды?


  • - Бұл - күрделі мәселе. Өздеріңізге мәлім, көктемдегі мерзімінен тыс президенттік сайлауға қатысқаным үшін ЖСДП партиясы мені қатарынан шығарып тастады. Ресми оппозициялық партиялар мені ығыстырды. Бұл - бір.


  • Екіншіден, кезектен тыс парламенттік сайлау жарияланған кезде кез-келген сайлаудан тыс қалатын мен емес. «Руханият» пен «Әділетке» келетін болсақ, «Руханиятпен» арада алғашында келісіміміз болған. Бірақ оған арыз бермегенім туралы ресми түрде айтқым келеді. Ол тек сөзбе-сөз жасалған келісім, ниет болатын. Бұған қоса, менің білуімше, Мұхтар Шаханов та менің келуімді онша қаламапты.


  • Және мен үшін ең маңызды мәселе – «Руханият» партиясы Ресеймен және Беларуспен интеграцияға қарсы шықты. Тіпті «Кедендік одақ болмасын», «Еуразиялық одақ болмасын», «Ресеймен кез-келген интеграцияға қарсымыз» деген мәлімдемені осы партияның беделді мүшесі теледидардан айтқанын естідім. Бұдан кейін Азаттық радиосындағы сұхбатта мен осыған қатысты пікірімді айттым.


  • Мына Ресей, бұрынғы Кеңес одағы республикаларымен байланысты қолдаймын деген ойымды айтып кеттім. Одан кейін «Руханият» партиясының төрағасы маған хабарласып: «Мен сені түсінбедім. Бұл қалай? Сен партиямыздың позициясын білесің ғой. Партиямыз Ресеймен интеграция жасауға қарсы» деп, екеуміздің арамызда үлкен дау болды.
  • «Онда осындай мәселе болса, біз бірікпей тұрып бөлініп кетейік» дедім.
  • - Сіздің кандидатураңызға Мұхтар Шаханов не себепті қарсы болды?


  • - Оны мен жай айтып кеттім. Бұл - теледидардан естіген әңгімем. Шаханов жеке маған ештеңе деген жоқ. Ол кісімен кездеспегелі де көп болды. Бір-екі жылдың жүзі болған шығар. Сондықтан ол кісіге мен кінә арта алмаймын...


  • - Оппозицияның өзіңізді ығыстырып тастағанын айтып отырсыз. «Руханиятпен» де арада қарама-қайшылықтар туындағанын айтып кеттіңіз. Оппозициялық саясаткер болып жүріп билікке жақын «Әділет» партиясына мүше болуыңыз саяси беделіңізге қалай әсер етеді?


  • - «Әділетті» қолдауымның екі-үш себебі болды. Біріншіден, таяуда елімізде дінге байланысты заңның қабылдану мәселесі. Кез-келген партияның (мейлі, «Нұр Отан» болсын, басқа оппозициялық партиялар болсын) бірде-біреуі баспасөз жиынын өткізіп, ешкім осы заңға қарсы шыққан жоқ - «Руханият» болсын, ЖСДП болсын. Тек «Әділет» партиясы ғана, Мақсұт Нәрікбаев қана қарсы шықты. Осы маған ұнады. Ол кісінің өзі - бес уақыт намазға жығылған адам. Бізде намазға жығылған тағы қай партияның көсемін айта аласыз? Ешкім жоқ. Бұрыннан бері намазға жығылған адамға бірден сеніп отырмын. Меніңше, «Әділетке» келуіме осы да үлкен себеп болған шығар.


  • Екіншіден, кез-келген сайлау науқанын пайдаланып, халыққа өз пікір, ой- талабымды білдірту керек. Егер осы сайлаудан тыс қалатын болсам, мен өзімнің ойларым мен билікке қойып отырған талаптарым белгісіз болып қалады. Халыққа жаным ашитынын басқаша көрсете алмаймын. Тіпті парламенттен орын тимесе де, осы сайлау науқанын пайдаланып, халықтың арасына барып, солармен жүздесіп, соларға өзімнің позициямды жеткізіп, пайдалану үшін осындай қадамдарды жасадым.


  • - Ал Әділет партиясының Еуразия одағына көзқарасы қандай?


  • - Олар интеграцияға қарсы емес.


  • - Cұхбатыңызға рахмет!




  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG