Accessibility links

Шетке кеткендердің жақындары тінтуге ұшырады


Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің киімін киген адам. (Көрнекі сурет)
Өзбекстан қауіпсіздік қызметінің киімін киген адам. (Көрнекі сурет)

Шетелде жүрген өзбек босқындарының елдерінде қалған туыстарының үйлері де тінтіліп жатыр. Тінтуге түскен үйлерден сыртқа кеткен ағайындарының оралуын талап еткен.

Шетелде жүрген өзбек оппозициясының өкілдері мен экстремизмге күдіктілердің Өзбекстандағы туған-туыстарының үйлерін милиция, прокуратура және ұлттық қауіпсіздік қызметі тінтіп жатыр.

Азаттықтың Өзбек қызметіне Telegram мессенджері арқылы Ферғана облысынан жеткен ақпарат бойынша, бауырлары түрлі себеппен шетелге кеткеніне бола "қара тізімге" ілінген үйлерде тінту жүріп жатыр.

- Ферғана ауылдарын Қашқадария облысынан арнайы келген, азаматтық киімдегі адамдар тінтіп жатыр. Олар жергілікті тұрғындарға "Бұл үйде кім тұрады? Қару-жарақ ұстай ма? Қай туысы шетелде жүр? Намаз оқи ма? Қай мешітке барады?" деген сұрақтар қойып жатыр. Қора-қопсыға кіріп көріп, сандықтарды ашып қарап жатыр. Бұл не сонда? Дәл осындай тінту Қашқадария облысында жүріп жатыр ма? - дейді Азаттыққа Ферғанадағы ақпарат көзі.

ӘКЕСІ БАЛАСЫ ҮШІН ЖАУАПТЫ БОЛҒАН

Шетелде жүрген кейбір өзбек мигранттары Өзбекстандағы үйлерінде тінту жүргенін Азаттыққа растады.

Түркияда босқын ретінде тұратын Ташкент қаласының тумасы Ботирходжаға өзбек ұлттық қауіпсіздік қызметі "Сирияға адам алып бармақ болды" деген айып тағып, іздеу жариялаған. Азаттық тілшісімен сөйлескен Ботирходжа өзіне тағылған айыпты "жала" деп, бауырларын өзбек қауіпсіздік қызметі кепілдікте ұстап отырғанын айтады.

Олар маған "Үйге қайтпасаң, бауырларың қысым көреді" деді.

- Намаз оқып, жұма намазға барып жүрдім. Өзбекстаннан кеткен соң, "Сирияға кетіпті", "уағыз айтып жүр екен" деген сөздер тарады. Ешқашан уағыз айтқан емеспін. Бар болғаны бір-екі мәрте махалладағы балаларға намаз оқу қажет екенін ғана айтқанмын. Былтыр қарашада қоңырау соғып, үйге қайтуымды өтінді. Үйге баруға қорқып, Түркияға кетіп қалдым. Үш күн бұрын қауіпсіздік қызметінің өкілдері Ташкенттегі үйден әке-шешем мен інімді алып кетіпті. Олар маған "Үйге қайтпасаң, бауырларың қысым көреді" деді. Қоңырау соққан Чиназ ауданы ішкі істер басқарма басшысының көмекшісі екен. Біраз уақыттан кейін шешемді босатыпты. Әкемді әлі ұстап отыр. Інім "үйге қайтпасам, босатпайтындарын" айтты. Өзбекстанда маған "Ислам мемлекетіне" (экстремистік ұйым- ред.) адамдар жіберді" деген айып тағылған, - дейді Ботирхожа.

Ботирхожаның сөзінше, Өзбекстанда көрген қысымның кесірінен ол Ресейдегі оқуын тастап, Түркияға кеткен. Ресейде бірге оқыған жолдасына да діни айып тағылып, "бес айдан бері қамауға алынған".

"БҮКІЛ МАХАЛЛАҒА МАСҚАРА БОЛДЫҚ"

Босқын ретінде отбасымен Ресейде тұратын Хавасбек Әндіжандағы ата-анасының үйіне қара маска киіп, қару асынған адамдардың барғанын айтады.

Соңғы кездері ата-анам маған "бізде бәрі жақсы" дегеннен басқа ештеңе айтпайды.

- Ата-анамның үйіне таңертең камуфляж киген 15 шақты адам басып кіріп, ештеңе түсіндірместен тінту жүргізген. Ол үйде 2001 жылдан бері тұрған емеспін. 10 жыл әке-шешемнен бөлек, одан кейін 5 жыл Мәскеуде тұрдым. Олар ата-анамды мазалау үшін келген. Үйдегілер маған бола "бүкіл махаллаға масқара болғандарын" айтты. Соңғы кездері ата-анам маған "бізде бәрі жақсы" дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Мазамды алатын жаңалықты таныстарымнан естіп жүрмін, - дейді Хавасбек.

Хавасбек сыртта жүрген босқындардың Әндіжан облысы Ізбасқан мен Богишамол ауданындағы туыстарының үйлерінде жақында ғана тінту жүргенін естіген. "Акрамия" діни ағымын ұстанушылар көп тұратын Ізбасқан ауданында қара маска кигендер тінтуі кезінде төрт адам ұсталғанын Азаттықтың Өзбек қызметі бұған дейін де хабарлаған.

Үш апта бұрын Норвегияда тұратын өзбек босқыны, тәуелсіз журналист Ұлықбек Бакиров Әндіжандағы анасының үйіне қара маска киген адамдар барғанын Facebook желісіне жазған.

Бұхарада туған Әбдусами Рахмонов жеті жылдан бері Өзбекстанда тұрмайды. Босқын ретінде алдымен Ресейге, кейіннен Чехияға тұрақтаған Әбдусами Азаттыққа Бұхарадағы үйін қауіпсіздік қызметі өкілдері қалай тінткенін айтып берді.

- Қазанның 26-сы күні түстен кейін "ішкі істер министрлігіненбіз" деген 15 шақты қарулы адам үйге келіп, тінту жүргізген. Ағайындарыма "Әбдусами Рахмонов қайда? Тауып беріңдер" деген. Қазанның 31-і күні облыстық прокуратурадан келіпті. Есік құлпын бұзып кіріп, тағы да тінту жүргізген. Көршілердің үрейін алған. Мені сұраған. Мен Чехияда босқын мәртебесін алғанмын. Карл университетінде сабақ беремін, Amnesty International халықаралық ұйымының мүшесімін. Туыстарыма "мені таппаса, бастары пәлеге қалатындарын" ескертіпті. Түрмедегі мүгедек ағам Хумоюнбекке жазасын 3 жыл 10 күнге ұзартып қойды. Ең сорақысы, осы тінтулерден кейін анам орнынан тұра алмай, қатты ауырып қалды, - дейді Әбдусами Рахмонов.

Рахмоновтың сөзінше, анасының үйіне тінтуге келгендер екі Құран кітабын, медреседе оқитын інісінің оқу дәптерлерін, Құран аяттары жазылған аудиокассетаны тәркілеп алып кеткен.

Өзбекстанда жаппай өтіп жатқан бұл тінтулердің мақсаты Азаттыққа әзірге белгісіз.

Өткен айда ел президенті қызметін атқарушы Шавкат Мирзияевтың ұсынысымен Өзбекстан парламенті бас бостандығынан айырылғандарға рақымшылық жасаған. Бірақ бұл рақымшылыққа діни айыппен сотталғандар мен іздеуде жүргендер ілінер-ілінбесі белгісіз.

Желтоқсанның 4-і күні Өзбекстанда президент сайлауы өтеді.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы)

XS
SM
MD
LG