Accessibility links

Шыңжаң ұйғырларына ұмыт болмас Рамазан айы


Үрімжі көшесіндегі хиджаб киген ұйғыр әйелі. Шлде, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Үрімжі көшесіндегі хиджаб киген ұйғыр әйелі. Шлде, 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Қытай мұсылмандары үшін тосын жаңалықтарға толы Рамазан айы да аяқталып келеді. Ресми биліктің Шыңжаңда ұйғырлардың ораза ұстауын шектеуі бұл мәселеге әлем назарын аудартты.

Биыл Рамазан айы басталғанда Қытай басшылығы ұйғырларды ораза тұтудан тыюға кірісті. Шыңжаңдағы Жинге аймағының азық-түлік және дәрі-дәрмек басшылығы «Рамазан айы кезінде барлық тамақтандыру орындары қалыпты уақытта жұмыс істеуі тиіс» деген пәрмен берді. Бұл ережені ұйғыр мейрамханалары да ұстануы керек. Боле аймағының ресми органдары «Рамазан кезінде ораза ұстауға, ауызашарға баруға және басқа да діни іс-шаралармен айналысуға болмайды» деген ескерту жасаған.

Орталық өкіметтің Шыңжаңдағы жергілікті өкіметке мұсылмандардың қасиетті айы қарсаңында жіберген ескерту қағазы Азат Азия радиосының қолына түсті. Ол құжатта «Рамазан айы кезінде саяси тұрғыдан күдікті саналатын отбасылар ерекше назарда болсын, күнделікті таңертең және кешке ресми орындар олар туралы есеп беріп отырсын» делінген.

ҰЗАҚ УАҚЫТҚА ЖАЛҒАСҚАН ТЕКЕТІРЕС

Қытайлар мен ұйғырлар арасындағы бұрыннан келе жатқан кикілжіңде ораза ұстауға тыйым салу тактикасы алғаш рет қолданылып отыр. Екі ұлт арасындағы текетірес исламға дейін-ақ басталған.

Үрімжіде мешітке жұма намазына келгендер. Мамыр, 2014 жыл.

Үрімжіде мешітке жұма намазына келгендер. Мамыр, 2014 жыл.

Ислам экстремизмі қанат жайып тұрған қазіргі заманда екі ұлт арасындағы ең басты мәселе – дін болып отыр. Десе де, Қытайдан тәуелсіздік алуды көздейтін ұйғыр қозғалыстары діни емес, ұлтшылдық мақсаттағы ұйым саналады.

Ұйғырлар Қытайдың бұрынғы өкіметтеріне қарсылық көрсеткені сияқты қазіргі коммунистік партия билігіне де наразылық білдіріп келеді. 1949 жылғы революциядан соң жаңа үкімет ұйғырлар тұратын аймаққа қытайларды көптеп қоныстандыру тактикасын қайта қолға алған. Бұған дейін біртіндеп жүргізіліп келген бұл саясат Шыңжаң жерінде мұнай мен газ табылған 1990 жылдардан бері үлкен қарқынмен жүре бастады. Қазіргі уақытта аймақтағы қытайлардың саны ұйғырлармен теңесіп қалды.

Қытайлар көптеп келе бастаған соңғы жиырма жыл ішінде ұлтаралық негіздегі кикілжіңдер саны да күрт көбейген. 1997 жылы Инин (Құлжа) қаласында қақтығыстар болса, сол жылы аймақ орталығы Үрімжіде жарылыстар болды. Сол оқиғалардан ондаған, бәлкім тіпті жүздеген адам қаза тапқан.

Соңғы екі жыл ішінде мұнда ұйғырлар автобус бекеттерінде, вокзалдарда қытайларды жиі шабуылдайтын болды. Қытайлардың қазасынан соң полиция ұйғырларға қарсы аяусыз күш қолданатын болды. Ораза айы басталғалы бері үш қытайлық полиция қызметкері, 18 ұйғыр қаза тапқан.

«ҮШ БӘЛЕКЕТ ЖАЙЛАҒАН АЛҚАП»

Ресми Пекин Шыңжаңды терроризм, діни экстремизм және сепаратизм сияқты «үш бәлекет» жайлаған аймақ деп санайды. Қытай басшылығы Шыңжаңда әртүрлі қауіпсіздік операцияларын жиі ұйымдастырып тұрады. Оларға «Аяусыз соққы» деген сияқты аттар қоюының өзі өкіметтің агрессиялық саясатын паш етіп тұр.

Бірақ, бұл операциялар мұсылмандарды діни амалдарды орындаудан бас тартқызуға көбірек ойысып барады. Осы бағыттағы соңғы шара халықаралық қоғамдастықтың назарын аудартты.

Қарулы қытай жасағы мен бала көтерген ұйғыр әйелі. Үрімжі, шілде, 2010 жыл.

Қарулы қытай жасағы мен бала көтерген ұйғыр әйелі. Үрімжі, шілде, 2010 жыл.

Соңғы қабылданған ережелерге сәйкес мұнда егде кісілерден басқа ер кісілердің сақал қоюына, әйелдердің хиджаб киюіне, жасы 18-ге толмаған балалардың мешітке баруына тыйым салынған.

Алайда, әлем жұртшылығын мұсылмандардың ораза ұстауына тыйым салу шарасы бәрінен де қатты назаландырды. Бұл мәселені ең алдымен Түркия мұсылмандары көтерді. Болжамдарға қарағанда Түркияда 300 мыңға жуық ұйғыр өмір сүреді. Түркия сыртқы істер министрі «Шыңжаң аймағында ұйғыр түріктерінің ораза ұстауына және басқа да діни рәсімдерді жасауына тыйым салынды деген ақпарат біздің халқымызды қатты қапаландырды» деп мәлімдеді.

Маусым айының соңында Түркияда Қытай үкіметінің ұйғырларға қатысты саясатына қарсы наразылық шаралары бұрқ етті. Демонстранттар Анкарадағы Қытай елшілігінің алдына барып, Қытай туын өртеді. Ашулы халық қытай туристеріне шабуыл жасап, көбі түріктерге қарайтын қытай мейрамханаларын қиратқан.

Қытай өз азаматтарын Түркияға бармауға шақырды.

ДЕМОНСТРАНТТАР НАЗАРЫ ТАЙЛАНДҚА АУДЫ

Шілденің 9-ында Тайланд басшылығы 109 ұйғырды өз отандары – Қытайға депортациялау туралы шешім шығарған соң наразы жұрттың назары Бангкокқа ауды. Демонстранттар Тайландтың Анкарадағы елшілігі мен Стамбулдағы консулдығына лап қойған соң Бангкок Түркиядағы дипломатиялық мекемелерін уақытша жабуға мәжбүр болды.

Қытайдан қашқан ұйғырлар көбінесе Түркияға өту үшін алдымен Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне қарай қашып шығады. Қытайға депортацияланған ұйғырлар өздерін «түрікпіз» деп атап, бір жыл бойы Тайландта тұрып келген.

Бұған дейін Тайланд басшылығы ұйғырларға біраз жеңілдікпен қарап, олардың Түркияға өтіп кетуіне мүмкіндік беріп келген. Бұл жолы ашулы мұсылмандардың басқа емес, Тайланд елшілігіне келіп наразылық білдіруі Бангкокты таңқалдырғаны рас.

Стамбулдағы Тайланд консулдығының сынған терезесі. 109 ұйғырдың Қытайға депортацияланғаны туралы хабардан соң 9 шілдеде демонстранттар консулдыққа наразылық білдіріп келді.

Стамбулдағы Тайланд консулдығының сынған терезесі. 109 ұйғырдың Қытайға депортацияланғаны туралы хабардан соң 9 шілдеде демонстранттар консулдыққа наразылық білдіріп келді.

Тайланд басшылығының айтуынша, 109 ұйғыр азаматын экстрадициялау туралы өтінішті Қытай өкіметі берген. Ресми Пекин олардың барлығын «экстремистік топтар қатарына қосылу үшін Таяу Шығысқа бет алғандар» деп есептейді. Ішінде 13 адам елде теракт ұйымдастыруға қатысып, содан кейін Қытайдан кетіп қалған.

Алайда, Түркиядағы демонстранттар бастарына қара қап кигізіп, ұшаққа отырғызып, Қытайға әкетіліп бара жатқан ұйғырлардың суретін ұмыта алар емес. Дегенмен, Қытайдан кетіп, Пәкістан, Ауғанстан, Ирак және Сирия жеріндегі экстремистік топтардың қатарына барып қосылған ұйғырлар да баршылық.

Пекин Шыңжаңдағы терроризм туралы айтқанда көбінесе қолына пышақ немесе балта алып маңайындағыларға шабуыл жасаған жалғызілікті кісілерді меңзейді. Мәселен, ораза басталардан бір күн бұрын аймақтың солтүстік-батысындағы Сиань қаласында полиция вокзалда билет кезегінде тұрғандарға кірпіш ала жүгірген ұйғырды атып өлтірді.

Қытай үкіметі ұзақ жылдар бойы ұйғыр мәселесін тек «сепаратизм» тұрғысынан қарастырып, оны исламмен байланыстырғысы келмей келген.

Алайда, мұсылмандар үшін қасиетті айда ораза ұстауға тыйым салу арқылы ұйғырлардың басындағы ауыр жағдайға Түркиямен қоса Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Әзербайжандағы ұйғырлармен бауырлас түркі халықтары ерекше назар аударды.

Брюс Панниердің материалы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG