Accessibility links

Тони Блэр Қазақстанның жарнама-фильміне түскен


Тони Блэр Астанада өткен шетелдік инвесторлар кеңесіне қатысып отыр. 18 мамыр 2011 жыл

Тони Блэр Астанада өткен шетелдік инвесторлар кеңесіне қатысып отыр. 18 мамыр 2011 жыл

Telegraph газеті ұлыбританиялық экс-премьер министр «БАҚ-қа қысым жасағаны мен адам құқықтарын қорлағаны үшін сынға ұшыраған» Қазақстанды насихаттайтын жарнама фильмге түскен деп жазады.


Ұлыбританиялық газеттің баяндауы бойынша, Қазақстандағы мемлекеттік телеарналардың бірі түсірген 67 минуттық фильмде Блэр Қазақстанды 1991 жылдан бергі жетістіктері үшін мақтайды.

«ЕРЕКШЕ ЕЛДІҢ» КЕҢЕСШІСІ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Астанадағы Салтанат қақпасын ашу сәтін көрсететін кадрдан кейін видеода Блэр пайда болады да, «Бұл – мәдени әр түрлілігі жағынан ерекше ел. Түрлі мәдениет пен дінді тоғыстырған ел» деп сөйлейді.

Ары қарай ол Қазақстанда жұмыс істеу кезінде жергілікті халықтың зерек, қабілетті екенін байқағанын айтады. Фильмде өзге де жергілікті ресми адамдардың пікірлері болғанымен, Блэрдің сөздері қайта-қайта қосылып отырады.

Басылым фильмнің YouTube-ке биылғы ақпанның 9-ы, яғни Жаңаөзен оқиғасынан кейін екі ай өтпей жатып шығарылғанын жазады. Telegraph: «Блэр мырза 2011 жылы жұмысқа жалданды деп хабарланғаннан соң қарама-қайшы кейбір деректер бойынша Қазақстанның ең жоғарғы дәрежелі, қымбат келісім-шартына қол қоюы мүмкін» деп жазады.

ОҢ ЖАҚТА ОТЫРУ

Блэрдің жұмыс тобы бұрынғы премьер-министр Астанадағы шетелдік кеңесшілер командасының құрамын анықтауға ғана қатысты деп бірнеше рет мәлімдесе де, қазақстандық өкілдер оны Қазақстан үкіметінің саяси-экономикалық кеңесшісі деп хабарлап жіберді.

Telegraph ("Телеграф") тілшісінің жазуынша, өткен жылғы қараша айында Қазақстанның телеарналары Блэрдің Назарбаевтың кабинетінде, президенттің оң жағында – «бағынышты қызметкерлердің жағында»» отырғанын көрсеткен.

«Белгілі саясаткердің сұхбат бергеніне қарамастан жарнама фильм YouTube желісінде көптің назарына ілінбей қалған сияқты. Мақала жазылып жатқан кезде 222 адам ғана көріпті» деп жазады.

Газетке сұхбат берген HRW ("Хьюман Райтс Уотч") зерттеушісі Стив Свердлоу: «Тони Блэр негізгі адам құқықтарын шектеп отырған елдің экономикалық инвестиция үшін тартымды емес екенін көпшілікке қарағанда жақсы білуі тиіс» деген.

Экс-премьердің өкілі басылымға Тони Блэр Қазақстан үкіметіне «саяси институттар реформасы мен экономикалық даму бойынша кеңес береді» деп мәлімдеген.
Өкілдің айтуынша, жарнама фильмде де Блэр адам құқықтарына қатысты саяси реформа қажет екенін анық айтқан.

Бірақ Telegraph-тың жазуынша, фильмдегі Блэрдің сұхбаты мұқият түрде монтаждалғанға ұқсайды, өйткені адам құқықтары мен басқару жүйесінің реформасына қатысты бір ауыз сөз жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG