Accessibility links

Кембридж университеті «Назарбаев стипендиясынан» бас тартты


Кембридж университетіне қарасты колледждердің бірі. Көрнекі сурет

Кембридж университетіне қарасты колледждердің бірі. Көрнекі сурет

Кембридждегі Черчилль колледжі Астанадағы Nazarbayev University оқу орнымен бірлесе тағайындамақ болған стипендияның атауында «университет» сөзі түсіп қалып, тек «Назарбаев» есімінің тұрғанына қатысты наразылық танытты.


Ұлыбританияның Times Higher Education (THE – «Таймз Хайер Эдюкейшн») басылымы сәуірдің 5-і күні «Атау ұятқа қалдырмасын – біз автократты емес, университетті айтқанбыз» деген мақала жариялады. Автордың жазуынша, Қазақстандағы сайттарда «Назарбаев стипендиясына» қатысты жарнамалар пайда бола салысымен Кембридж университетіне қарасты Черчилль колледжінің басшылары бұл стипендия бойынша оқытудан бас тартқан.

ЖАБЫЛҒАН СТИПЕНДИЯ

Қазақстанның бірнеше веб-сайтында жарияланған жарнамалар пост-докторантуралық деңгейдегі мамандарды Ұлыбританияның Кембридж университетіндегі Черчилль колледжінде алты ай оқуға шақырған. Кандидаттар құжаттарын Nazarbayev University-дің проректоры Энн Лонсдейлге тапсыруы керек болған. Басылымның мәліметі бойынша Лонсдейл бұған дейін Кембридж университетінде проректордың орынбасары қызметін атқарған.
Стипендияның бастапқыдағы шартты атауы «Nazarbayev Fellowship» болғаны рас. Бірақ бұл атауды колледж қабыл етпеген болатын.
Черчилль колледжінің басшылары қазір бұл жобадан бас тартып, стипендияның әуелгі келісім бойынша «Nazarbayev University Fellowship» деп аталуы тиіс болғанын, бірақ кейін Қазақстанда «Nazarbayev Fellowship» ретінде жазыла бастағанын айтады. Черчилль колледжінің аға оқытушысы Ричард Партингтон бұл мәселе жайында: «Стипендияның бастапқыдағы шартты атауы «Nazarbayev Fellowship» болғаны рас. Бірақ бұл атауды колледж қабыл етпеген болатын» деген.

THE басылымы келтірген Партингтонның сөзінше, Nazarbayev University жіберетін кандидаттардың жалпы тізімінен Кембридж университетінің Черчилль колледжі стипендия бойынша оқитындарды қабілетіне қарай таңдап алмақшы болған. Колледж өкілінің айтуынша, өткен аптада стипендия тағайындауда туған қиындықтарға байланысты биыл оқу мүмкіндігі жоқ екені анықталды.

«ОЙЫМЫЗ НАЗАРБАЕВТЫ МАДАҚТАУ ЕМЕС ЕДІ»

«Стипендияны жаппастан бұрын бұл жоба Назарбаев мырзаның имиджін жақсартуы мүмкін деп ойлаған жоқсыз ба?» деген сұраққа Партингтон: «Сондай әсер болуы мүмкін бе еді? Олай бола қоймас деп үміттенемін» деп жауап берген.

THE тілшісі Черчилль колледжіндегі қосымша тағы екі дерек көзіне сілтеме жасай отырып, ұлыбританиялық оқу орны Назарбаев есімімен қатар аталуға наразы деп жазады.
Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Корея университетінде сөйлеп тұр. Сеул, 23 сәуір 2010 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Корея университетінде сөйлеп тұр. Сеул, 23 сәуір 2010 жыл.


Партингтонның сөзінше, колледж стипендияны қарастыру кезінде әуел бастан Қазақстан мен қазақ үкіметін ойда ұстаған. Талқылаулар кезінде Қазақстандағы білім беру ісінің маңыздылығы мен Nazarbaev University оқу орнындағы академиялық еркіндік жайы сөз болған. Колледж өкілі: «Бұл шешімді қабылдаудағы ойымыз президент Назарбаевты мадақтау емес еді» деген.

Стипендия тағайындалып кеткен жағдайда ол бойынша оқыту құнын Черчилль колледжіне PricewaterhouseCoopers компаниясының қазақстандық филиалы төлейді деп келісілген екен. Мақала авторының жазуынша, бұл фирма Ұлыбританиядан тыс жерде жұмыс істейді.

Былтыр Лондон экономика мектебі Ливияның бұрынғы диктатор басшысы Муаммар Каддафимен қарым-қатынас жасағаны үшін тәуелсіз және кәсіпқой ұйымдар тарапынан қатаң сынға ұшыраған еді. Тілші: «Содан бері Ұлыбритания университеттерінің автократиялық режим басшыларымен байланысы мұқият тексеріліп жатыр» деп жазады.

Азаттық радиосының тілшісі Назарбаев университетімен хабарласқан еді. Ректордың көмекшісі Айжан Мусина оқу орнының баспасөз қызметіне хабарласу қажеттігін айтты.

Баспасөз қызметі өкілдері сауалдарды жазбаша жіберуді талап етті. Университет жауабы жарияланатын болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG