Accessibility links

Кэмерон Астанада адам құқығы туралы айта ма?


Бавна Даве, Лондон университетінің Орталық Азияны зерттеуші ғалымы, Шығыстану және африкатану мектебінің оқытушысы.

Бавна Даве, Лондон университетінің Орталық Азияны зерттеуші ғалымы, Шығыстану және африкатану мектебінің оқытушысы.

Дэвид Кэмерон Қазақстанға ресми сапар шегетін алғашқы Ұлыбритания премьері болғалы тұр. Азаттық Лондон университетінің Орталық Азияны зерттеуші ғалымы Бавна Давемен сұхбаттасты.

Азаттық: Оншақты жыл бұрын Батыс адам құқықтарының бұзылуы мен демократияның жетімсіздігі үшін сынап жататын Қазақстанға Ұлыбритания премьер-министрі ресми сапармен келеді деп ойлаудың өзі қиын еді. Соңғы бірнеше жыл ішінде елдің бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр президент Нұрсұлтан Назарбаевтың экономика бойынша кеңесшісі ретінде Астанаға келгіштеп кетті. Енді Дэвид Кэмерон маусымның 30-ы күні Қазақстанға бармақшы деп хабарланды. Олай болса, Кэмерон бұл елге ресми сапар шеккен алғашқы Ұлыбритания премьеріне айналмақ. Сапардың реті неге қазір түсті және неге Кэмерон келмек боп қалды?

Бавна Даве: Меніңше Ұлыбритания премьер-министрінің Қазақстанға сапарын әр қырынан қарай отырып мезгілі туған сапар деуге болады. Орталық Азияда Ұлыбритания тығыз экономикалық, саяси, мәдени және білім саласында әріптестік орнатқан бір ел болса, ол - Қазақстан. Аймақтағы қалған елдер я тым шағын, я Қазақстан сияқты ресурстары жоқ, я басқа мақсат-мүдде көздейді. Қазақстан батыс елдерімен, халықаралық ұйымдармен белсенді түрде байланыс орнатуға тырысып келеді. Сонымен бірге Орталық Азиядағы және Ресейден кейінгі ТМД елдеріндегі ең динамикалы түрде дамып келе жатқан экономикаға ие екені туралы фактіні мойындату үшін де барын салады.

Осы тұрғыдан алғанда бұл сапарға таңырқайтын ештеңе жоқ. Бірақ осы сапарды болдыру үшін соңғы екі-үш жылда көп күш салынғанына да назар аудару қажет. "Неге қазір?" деп сұрадыңыз ғой. Меніңше мұның және бір себебі батыстың шояндарын елге шақыру үшін Қазақстанның үздіксіз жүргізіп келген пиар кампаниялары мен үгіт-насихатында және Тони Блэр бастаған кеңесшілер тобының жұмысында жатыр деп ойлаймын.
Кэтрин Эштон, ЕО сыртқы істер бойынша жоғары өкілі. Алматы, 27 ақпан 2013 жыл

Кэтрин Эштон, ЕО сыртқы істер бойынша жоғары өкілі. Алматы, 27 ақпан 2013 жыл


Азаттық: Жақында Азаттыққа берген сұхбатында Amnesty International ұйымы тағы бір ұлыбританиялық жоғары лауазымды саясаткерді - Еуропа Одағының сыртқы істер бойынша жоғары өкілі Кэтрин Эштонды Қазақстанға барып тұрып адам құқықтары мәселесін көтеруге құлықсыз болды деп сынады. Сіздің ойыңызша Дэвид Кэмерон Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу кезінде адам құқықтарын сөз қыла ма?

Бавна Даве: Менің көріп тұрғаным - бұл жолғы сапар кезінде бар назар экономикалық, екіжақты және стратегиялық байланыстарға ауады. Стратегиялық қарым-қатынасқа ауатын себебі - Қазақстан келесі жылы АҚШ әскерін Ауғанстаннан алып шығатын тұста маңызды рөл ойнайтын елеулі әріптес. Қазақстанның өзі де бейбітшілік сақтау бойынша көптеген бастамаларға араласуға ынта білдіріп келді.

Ал Кэмеронның ресми сапарының екі мақсаты бар деп ойлаймын: біріншісі - экономика мен сауда саласында екіжақты инвестицияларды алға жылжыту. Екіншісі - стратегиялық мақсат: аймақтық қауіпсіздік мәселесі мен Қазақстанның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ойнайтын шешуші рөлін, оның АҚШ-Ұлыбритания бастаған ауған стратегиясы бойынша қалай ынтымақтаса алатынын талқылау. Әлбетте бұл бастамаларды алға жылжытуға Қазақстанның өзі де мүдделі.
Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр Қазақстанды насихаттайтын деректі фильмде сөйлеп отыр.

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр Қазақстанды насихаттайтын деректі фильмде сөйлеп отыр.


Сондықтан саяси мәселелер, демократия мен адам құқықтары артқы қатарға ығысады. Бәлкім Кэмерон талғампаз дипломатиялық жолмен адам құқықтарына қатысты бүркемеленген сөздер айтар. Бірақ ол анық айтылған мәлімдемеден гөрі мысқылдап қана айтқан сөз болып шығар. Дәл осы мәселелердің жоғары деңгейдегі кездесу кезінде айтылатынына күмәнім бар. Демократия мен адам құқықтарына қатысты шартты сөздер айтылар, Қазақстанды бұл саладағы көрсеткіштерін жақсартуға да шақырар. Бірақ бұлармен қатар Қазақстанның осы мәселеден хабардар екені, проблемаларды шешу үшін барын салып жатқаны да аталып өтер. Бұл саладағы жұмыстың негізін Блэрдің тобы дайындап қойған деп ойлаймын. Ол бойынша бірінші сөйлемде мәселенің бар екені мойындалады, келесі бірнеше сөйлемде ол бойынша не жасалып жатқаны ескеріліп, жалпы алғанда өте позитивтік және оптимистік сценарий суреттеледі. Дәл осылай болады деп топшылаймын.

Азаттық: Онда Ұлыбритания Қазақстанмен әріптестік орнату арқылы көздейтін ең басты экономикалық мүдде не болуы мүмкін?

Бавна Даве: Ұлыбританияның Қазақстандағы мұнай мен газ саласына салған инвестициялары бар. Қазақстан Еуропа Одағына қуат көзін импорттаушы маңызды ресурс иесі. Энергетикалық қауіпсіздік пен стратегиялық мәселелер зор мәнге ие. Сонымен бірге Қазақстанның кен орындары өркендеп келе жатыр, бірнеше компаниясы Лондон қор биржасына шыққан. Қазақстандық компаниялармен әріптестік орнатқан ұлыбританиялық компаниялар бар.
Баронесса Саида Варси, Ұлыбритания консервативтік партиясының мүшесі, сыртқы істер бойынша бас мемлекеттік уәкіл

Баронесса Саида Варси, Ұлыбритания консервативтік партиясының мүшесі, сыртқы істер бойынша бас мемлекеттік уәкіл


Кэмеронның сапарына дейін соңғы алты ай ішінде сауда мен инвестиция бойынша маңызды лауазымға ие бірнеше ұлыбританиялық Қазақстанға барып қайтты. Ұлыбритания премьер-министрінің Әзербайжан, Қазақстан мен Түркіменстан бойынша сауда уәкілі Чарльз Хендри елде болып, Қазақстанның ең қарқынды түрде дамып келе жатқан 20 экономиканың бірі екенін айтып, аймақтағы екіжақты инвестиция ахуалын жақсартуға шақырды. Өткен айда Ұлыбританияның сыртқы істер бойынша бас мемлекеттік уәкілі Баронесса Саида Варси де Қазақстанға барып қайтты. Былайша айтқанда билікте отырған Консервативтік партияның екі маңызды мүшесі осы жолғы ресми сапардың және бизнес, инвестиция және сауда әріптестігінің жай-жапсарын талықылап алды.

Азаттық: Ұлыбританиялық БАҚ Кэмеронның Қазақстанға сапар шегу жоспарына қатысты қандай реакция танытты?

Бавна Даве: Негізгі газеттерде бірді-екілі мақала көрдім. Бұл туралы енді жазыла бастайтын сияқты. Дүниеде БАҚ-тың назарын өзіне аударатын көптеген басқа оқиғалар болып жатыр, Қазақстанның өзі қалағандай назар ауа қоймасы анық. Кэмеронның Қазақстанға сапары ұлттық жаңалықтардағы нөмір бірінші хабар емес, әрине.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Лондондағы кездесуі. 27 шілде 2012 жыл

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Лондондағы кездесуі. 27 шілде 2012 жыл


Әлбетте, Қазақстанда бәрі басқаша. Елдің "қонақжайлылығын" паш еткісі келіп тұратын пропагандалық құралдары бұл сапар туралы улатып-шулатып хабар таратар. Қазақстанның "әлемдік саясатта алатын маңызды орнына бұның және бір дәлел екені" айтылар. Шөпті жап-жасыл, гүлді сары ала қызыл, тіпті қажет болып жатса, аспанды да көкпеңбек қып бояп жіберер.

Азаттық: Қазақстандағы адам құқықтарына байланысты сұрарым - Кэмеронның сапарының алдында қандай да бір ұлыбританиялық құқық қорғау ұйымдары жергілікті БАҚ-тарда Қазақстандағы адам құқықтары жөнінде сөз қозғап жатқан жоқ па?

Бавна Даве: Бас газеттердегі кейбір мақалалар ол туралы сөз қозғайды. Бірақ нақты бір мәселелер туралы егжей-тегжейлі жазылған материалдар көзіме түспеді. Бұл туралы жазбалар әлі де жарияланып қалар деп ойлаймын. Ал өзімнің байқауымша, Кэмеронның сапары туралы мәлімет жарияланғалы бері ұлыбританиялық БАҚ-та әзірше Қазақстанның адам құқықтары бойынша нашар көрсеткіштері мен Жаңаөзен оқиғасы туралы ештеңе жазыла қойған жоқ.

Азаттық: Сұхбатыңызға рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG