Accessibility links

Лондонда мұсылманша әйел киімінен дау шықты


Ұлыбританиядағы ниқаб киген әйелдер. Лондон, 6 қазан 2006 жыл. (Көрнекі сурет)
Ұлыбританиядағы ниқаб киген әйелдер. Лондон, 6 қазан 2006 жыл. (Көрнекі сурет)

Сотта түсініктеме берген мұсылман әйелден бетін жауып тұрған жамылғысын шешуді талап еткен ұлыбританиялық судьяның әрекеті қоғамда пікірталас тудырды.

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның үкіметі Еуропада шешімін таппай келе жатқан мәселеден – «мұсылман әйелдердің мектеп пен сот сияқты мемлекеттік мекемелерде бетін жауып жүруіне рұқсат беру керек пе, жоқ па» деген даудан бойын аулақ ұстап келген еді.

Бірақ осы аптада Лондондағы сотта 2006 жылы сол кездегі премьер Тони Блэр «бөліну белгісі» деп атаған киімге қатысты талас қайта қозғалды. Тіпті заң шығарушылар мен биліктегі коалицияның министрлері көпшілік алдында бір-бірімен дауласа бастады.

СУДЬЯНЫҢ ТАЛАБЫ

Қыркүйектің 16-сы күні лондондық судья Питер Мерфи басқа істің куәгерін қорқытқаны үшін сотқа шақырылған 22 жастағы мұсылман әйелдің сот залында бетін жауып тұрған пердесін шешпей-ақ отыра беруіне рұқсат етті. Бірақ әйелдің киімін «сот залындағы піл» деп атаған Мерфи куәлік берген кезде оның түрін судья, алқа билер және қорғаушылар көріп, түсініктемесін дұрыс бағалау үшін бетпердесін шешіп тастауды ұсынды.

Заңды себептерге байланысты аты-жөні аталмаған әйел өзіне туыс емес ер адамдардың алдында бетін ашу діни сеніміне қайшы екенін мәлімдеді. Мерфи басқа адамдар оның жүзін көрмеуі үшін айыпталушыны шымылдықпен қоршауға рұқсат ететінін айтты.
Ешбір дәстүр, тәжірибе, діни сенім заң алдында артықшылыққа ие бола алмайды.
Судья Питер Мерфи.

Бірақ судьяның пікірінше, «Ешбір дәстүр, тәжірибе, діни сенім заң алдында артықшылыққа ие бола алмайды. Ондайға бола заң үстемдігі мен сот ашықтығы, сот процесінің бәсекелестігі құрбандыққа шалынбайды».

Мерфидің бастамасы енді жалпы құқық бойынша ұлыбританиялық жүйеде қаралатын басқа істерге үлгі болмақ. Судьяның өзі Ұлыбритания парламенті немесе жоғарғы сот мәселеге қатысты нақты шешім қабылдайтын күн алыс емес деп үміттенеді.

ДІНИ ЕРКІНДІК ПЕН ҚАУІПСІЗДІК

Еуропадағы мұсылман әйелдер киіміне қатысты дау Франция мен Бельгия сияқты елдерде саяси қайшылықтар туғызды. Бұл елдерде мұсылмандар әйелдер қоғамдық орындарда бетін жауып жүре алмайды. Террорға қарсы
Франциядағы мұсылмандар. Марсель, 24 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
Франциядағы мұсылмандар. Марсель, 24 желтоқсан 2009 жыл. (Көрнекі сурет)
қауіпсіздік пен жеке тұлға еркіндігіне қол сұғу мәселелері бір-біріне қайшы келіп тұр. Діни еркіндік пен таңдау құқығы еркіндігін қолдайтындар мен жүзін жасыратын киімді әйелдерді басып-жаншудың белгісі деп танитындардың арасында дау туындайды.

Қылмыстың алдын алу және әлеуметке қарсы әрекетті азайту бойынша мемлекеттік министр Джереми Браун «еркінен тыс жүзін жасырып жүрген мұсылман әйелдерді қорғау үшін үкімет оған тыйым салу мәселесін қарауға тиіс дейді.

Либерал-демократ Браун қыркүйектің 15-і күні күні жергілікті The Daily Telegraph газетіне сұхбат беріп, бетпердеге тыйым салу «қоғамдық пікірталас тудыратын жақсы тақырып» екенін ескертті.

Консервативтік партияның өкілі, парламент мүшесі Сара Уолластон мектеп пен колледждерде «жүзін жасыратын киім киюге тыйым салу керек» деп мәлімдеді. Ол Reuters агенттігіне берген сұхбатында ондай киімді «әйелдерге керітартпа қарым-қатынас жасау» деп түсінетінін айтып:

– Әйелдердің нақты мәлімдеме жасайтын уақыты жетті. Қоғаммен толық араласқан әйелдің мүмкіндігі артады. Ал керітартпа көзқарас бойынша әйел сырт көзден жасырын өмір сүруге тиіс, – деді.
«Мынаны киіңдер, ананы киюге болмайды» деген бұйрық кесірінен мойнына крест белгісі бар алқа тағып жүргендерге де тыйым салуымыз мүмкін.
Ұлыбритания вице-премьері Ник Клегг.

Бірақ либерал-демократтардың жетекшісі, вице-премьер Ник Клегг мемлекеттік дресс-код ережесімен келіспейтінін айтты.

– Басқа елдер сияқты саясаткерлер мен шенеуніктердің «мынаны киіңдер, ананы киюге болмайды» деген бұйрығы кесірінен мойнына крест белгісі бар алқа тағып жүргендерге де тыйым салуымыз мүмкін. Біз – еркін елміз, адамдар өзінің кім екенін, сенімі мен қауымын қысылмай таныта алады, – деді ол.

Бірақ Клегг бастан-аяқ орана киінген әйелдерге қатысты тыйымның дұрыс болатын сәті де бар екенін ескертті. Оның пікірінше, әуежайда қауіпсіздікті тексерушілер талабы немесе студентпен бетпе-бет сөйлесуі керек оқытушының талабы орындалуға тиіс.

ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРТАЛАС

Ұлыбританиядағы жас мұсылмандарға көмектесіп, конфессия аралық диалогты нығайтуды мақсат ететін «Рамадахан» қорын (Ramadahan Foundation) басқаратын Мохаммед Шариқтың айтуынша, бетті жасырып тұратын киім кию құқығын діни сенім еркіндігі деп қабылдау керек.

– Егер либерализмге, жеке тұлға еркіндігіне сенетін болсаңыз, онда барлық адамдардың өзі қалаған дінге сенуіне және қалауынша киінуіне сенуге тиіссіз, – дейді ол.

Бірақ бетін жауып тұрған киім киіп жүретін мұсылман әйел, Бирмингемде радио жүргізуші болып
Бельгиядағы мұсылман әйел. Брюссель. 27 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Бельгиядағы мұсылман әйел. Брюссель. 27 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
жұмыс істейтін Шалина Литт сот шешімін әділетті деп санайтынын айтты.

– Бұл – дұрыс, дер кезінде жасалған ойласымды іс. Сот әйелдің таңдау еркіндігіне нұсқан келтірмеді, ниқабын шешу қажет болған жағдай ескерілді. Алдына шымылдық қойылғандықтан әйелдің діни сенімі сақталды. Бұл жақсы, – дейді ол.

Бірақ Литт Ұлыбританияда тек бір діни топты бөліп алып, оның құндылығын талдайтын пікірталас туғанына алаңдайтынын айтты.

– Адамдардың мұсылман әйел мен оның бетпердесін көздейтіні өкінішті. Олар исламның осы қағидасын ұстанатын мұсылман әйелдер аз екенін көріп отыр. Бұл халықтық деңгейдегі пікірталасқа айналса, ол қоғамның түсінуге тырысқан табиғи ісі ойлаймын, – дейді ол.

Судья Мерфидің соттағы шешімінен бір апта бұрын Бирмингемдегі колледжде адамның жүзін жасырып тұратын киім киюге салынған тыйым жұрт наразылығынан соң алынып тасталған еді.

Премьер-министр Кэмеронның баспасөз хатшысының сөзінше, британ үкіметі мектеп сияқты мекемелердің кемсітуге қарсы заң аясында киім үлгісіне қатысты өз талаптары болу құқығын қолдайды.

Азаттық тілшісі Рон Синовицтің мақаласын аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG