Accessibility links

Балаларды порнография мен басқа да зиянды интернет өнімдерден қорғау мақсатында Ұлыбритания премьер-министрі жасаған бірқатар ұсыныстар сөз бостандығын қорғаушылардың шамына тиіп кетті.

Лондонда шілденің 22-сі күні өткен балаларға арналған қайырымдылық шарасында сөйлеген сөзінде Кэмерон балаларды интернеттегі порнографиялық сайттардан қорғау және балалар порнографиясы мен зорлық-зомбылық бейнеленген қатыгез порнографиямен күресу жолдарын ұсынды. Бірақ оның пікірі сөз бостандығын қолдайтындарға жақпады, премьердің ұсынысы «цензураның жасырын түрі» деп сипатталып, салдары жаман болуы мүмкін деген пікірлер айтылды.

"ОТБАСЫЛЫҚ СҮЗГІ"

Кэмерон екі мәселені атап айтқан – интернеттегі зорлық пен қатыгездікті көрсететін көріністерді балалар көрмеуге тиіс және балалардың «жыныстық қарым-қатынас пен байланыс туралы көзқарасына кері әсер ететін» сексуалдық бейнелердің алдын алу қажет.

«Балалар дүкенге, киноға жалғыз бармайды, ересектерге арналған заттарды өз бетімен сатып ала алмайды – бұл мәселеге келгенде дұрыс қадағалаймыз. Бірақ мәселе интернетке, еркіндік пен жауапкершілік тепе-теңдігін ұстау керектігіне келгенде балалардың алдындағы жауапкершілігімізді ұмытамыз. Интернет – "басқа өмір" емес, нақты өмірдің өзі» деген Ұлыбритания премьері.
Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон. Бэри, 12 шілде 2013 жыл

Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон. Бэри, 12 шілде 2013 жыл


Кэмеронның «күңгірт интернет» деп аталатын заңсыз материалдарға тыйым салып, педофилиямен халықаралық күресті күшейту туралы ұсынысы жаппай қолдауға ие болған. Бірақ балалардың порнографияны көруін шектеу шаралары дүдәмалдау шара ретінде қабылданды. Кэмерон Ұлыбритания үкіметінің елдегі ең ірі төрт интернет-провайдермен жұмыс жасап жатқанын, олар клиенттің тапсырысы бойынша порнография сайттарын автоматты түрде құлыптайтын «отбасылық сүзгі» қызметін жүзеге асыратынын айтты.

Оның сөзінше, келесі жылдың соңына дейін интернет-провайдерлер 19 миллионға жуық үй иелерімен хабарласып, «Отбасылық сүзгі қызметі қажет пе?» деп сұрайды. Жаңа тұтынушылар күдікті сайттарды өшіргісі келсе, сүзгіні автоматты түрде қолдана алады. Кэмерон «қара тізім» құру үшін іздеу жүйелерін пайдалануды ұсынды. Іздеу жүйелері заңсыз бейне көріністер мен зорлық-зомбылық және педофилияның алдын алуға көмектеседі.

Интернеттен "мұсылманша" ақпарат іздеу туралы мақала оқыңыз

«Google, Bing, Yahoo және басқа да іздеу жүйелеріне арнайтын үндеуім бар: бұл мәселеге қатысты шара қабылдау біздің моральдық міндетіміз. Егер бұл компаниялар сөз бостандығын желеу етіп, шара қабылдаудан бас тартса, олардың дәлелін қабылдамаймын. Қазан айында осы сала бойынша қандай жұмыстар жасалғаны туралы есепті қабылдап алам» деді Кэмерон.

Ұлыбритания премьері талабы орындалмаса, «заңды құрылымдар күш көрсетуге мәжбүр» екенін ескертті.

ҚАРСЫ ПІКІРЛЕР

Сөз еркіндігін қорғаушылар Ұлыбритания үкіметінің ұсынысын бірнеше себеп бойынша қабылдамайды. Олар «порнография» деген түсінікті нақты анықтау қиын екенін айтады. Сондықтан сүзгіден заңды ақпараттар да өтпей қалады деп қорқады. Ал «Цензура индексі» деп аталатын үкіметтік емес ұйым өкілі Пэтрик Рейди сүзгіден өткізу туралы ұсыныс цензураға жақын деп санайды. «Олардың цензурасын біз сүзгіден өткізу деп қабылдап қалуымыз мүмкін» дейді ол.

Шолушы Ник Коэн The Spectator журналына жазған мақаласында «үкіметтің интернетті бақылауы арқылы жеке адамның порнография сайтын қарау туралы ниеті құпия сақталатынына ешкім кепіл емес» дейді.

Кэмеронның ұсынысы ата-аналардың баласын зиянды сайттардан қорғауына анық көмектесе ала ма? Бұл сұраққа қатысты да пікірталас туды.
"Цензура индексі" ҮЕҰ-ның белсендісі Пэдрейг Рейди. Прага, 13 мамыр 2013 жыл

"Цензура индексі" ҮЕҰ-ның белсендісі Пэдрейг Рейди. Прага, 13 мамыр 2013 жыл


Премьер ұсынысын «ата-аналар мен мемлекет арасындағы келісімшарт» деп атап, «соның арқасында мемлекет балаларды қорғау және өсіруде ата-аналарға көмектеседі» дейді. «Интернет порнографиясы мәселесінде ата-аналардың мемлекеттен тым алшақ кетіп көп нәрсені қолдан жіберіп алғанын байқаймыз. Мен оны түзетуге бел будым» деді ол.

Бірақ «Цензура индексінің» белсендісі Рейди Кэмеронның ұсынысы керісінше ата-аналардың балаларын қорғау мүмкіндігіне тұсау салуы ықтимал дейді.

«Әдепкі мән бойынша орнатылған сүзгілер барлық сайтты сүзіп шыға алмайды, ал ата-аналар үкіметтің сүзгісіне сеніп, балаларын мүлдем өз бетімен жіберуі мүмкін. Балалардың интернеттен расында да пайдалы ақпарат алып жатқанына көз жеткізу үшін олармен тығыз қарым-қатынаста болу керек» дейді Рейди.
Интернет порнографиясы мәселесінде ата-аналардың көп нәрсені қолдан жіберіп алғанын байқаймыз. Мен оны түзетуге бел будым.

Рейди сияқты белсенділер Ұлыбританияның үлгісін авторитарлық елдер де пайдаланып, экстремизм немесе порнографиямен күресуді сылтау етіп, саяси пікірлерді жарияламай тастауы мүмкін дейді.

«2011 жылы Лондон мен Ұлыбританияның басқа қалаларындағы бүліктерді көрдік, Дэвид Кэмерон Twitter мен BlackBerry Messenger-ді құлыптап тастауды ұсынды, сол кезде Қытай үкіметі атып тұрып: «Бұл - дұрыс әрекет. Кейде біздің неге осындай шешім қабылдайтымызды енді түсінген шығарсыңдар» деді» дейді Рейди.

Белсендінің айтуынша, мұндай «бекітілген цензураны» қолдайтын ұлыбританиялық саясат «белгілі бір деңгейде цензура қажет» деген әсер қалдыруы мүмкін, бұл Батыс елдерінің ұстанымын әлсіретеді.

Мақаланы ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG