Accessibility links

15-ғасырдағы ағылшын королінің сүйегі табылды


Лестерде табылған Ричард Үшінші корольдің қаңқасы.

Лестерде табылған Ричард Үшінші корольдің қаңқасы.

Ұлыбританиялық зерттеушілер ұрыс даласында өлген ең соңғы Англия королі Ричард Үшіншінің сүйегін таптық деп мәлімдеді.

Лестер университетінің ғалымдары ақпанның 4-і күні осы қаладағы автотұрақтардың бірінің астынан қазылып алынған адам қаңқасының Ричард корольдікі екеніне еш күмәндері қалмағанын жариялады.

Зерттеу тобының жетекшісі Ричард Бакли дүйсенбі күні баспасөз мәслихатын өткізді.

- Бұл - Лестер университеті жасаған академиялық қорытынды. 2012 жылы Грей Фрайрз мекенінен қазылып алынған мүрде Англияның соңғы плантагенет (француз текті - ред.) королі Ричард Үшіншінікі екеніне шәк жоқ, - деді ол.
Ричард Үшінші корольдің сүйегі табылған орын. Лестер, 12 қыркүйек 2012 жыл

Ричард Үшінші корольдің сүйегі табылған орын. Лестер, 12 қыркүйек 2012 жыл


Баклидің айтуынша, бұл қорытынды - "инемен құдық қазғандай" боп жасалған күрделі зерттеудің нәтижесі.

- Қаңқаның әр бөлігі асқан ыждағатпен зерттелді. Бүгін жария болған нәтиже бірнеше зерттеудің бірлескен қорытындысы, - деді ол.

Зерттеушілердің айтуынша, сүйектен алынған ДНҚ король ұрпақтарының бірінікімен сәйкес болып шыққан.

Қисық омыртқалы қаңқада ұрыс кезінде алған жарақат іздері анық көрінеді. Мүрде былтырғы қыркүйек айында жасалған археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған еді.

Ричард король Англияның орта тұсында 1485 жылы өзінен кейін таққа отырған Генри Тюдормен шайқас кезінде ұрыс даласында 32 жасында өлген. Тюдор кейін өзін Генри король Жетінші деп жариялаған болатын.

17-ғасырда Ричардтың зираты тұрған маңдағы шіркеу қиратылып, корольдің қабірі жоғалып кетеді.
Джо Эплби, король Ричард Үшіншінің мүрдесін зерттеген ұлыбританиялық ғалым. Лестер, 4 ақпан 2013 жыл

Джо Эплби, король Ричард Үшіншінің мүрдесін зерттеген ұлыбританиялық ғалым. Лестер, 4 ақпан 2013 жыл


Ричард Үшінші - ұрыс даласында өлген Англияның соңғы патшасы еді. Ол Уильям Шекспирдің шығармасында екі принцті Лондон мұнарасында өлтірткен бүкір зұлым патша ретінде сипатталады.

Бірақ көптеген тарихшылар Ричардтың бейнесін кейінгі патшалар барынша бұрмалап көрсеткен, ал Шекспир сол аңыздың шиырынан шыға алмаған деп санайды.

Лестер қаласының мэрі король сүйегі қаланың орталық шіркеуінде қайта жерленеді деп мәлімдеді.

Құрметті оқырман, қазақ хандарының қабірлерін зерттеу ісіне көңіліңіз тола ма? Болашақта жаңа технологиямен жарақтанған қазақстандық ғалымдар ең әуелі қайсы тарихи тұлғаның сүйегін анықтауы тиіс деп ойлайсыз?

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG