Accessibility links

Шотландия 300 жылдық одақтан шығуға шақ тұр


Шотландияның Ұлыбритания құрамынан шығуын қаламайтын Мариэн Стюарт қарсы тараптың үгітшісімен пікір алмасып тұр. Шотландия, Абердин, 13 қыркүйек 2014 жыл.
Шотландияның Ұлыбритания құрамынан шығуын қаламайтын Мариэн Стюарт қарсы тараптың үгітшісімен пікір алмасып тұр. Шотландия, Абердин, 13 қыркүйек 2014 жыл.

Қыркүйектің 18-і күні Шотландия халқы Ұлыбритания Біріккен Корольдігі құрамынан шығу мәселесін дауысқа салмақ.

Шотландияның тәуелсіз ел болуын жақтайтын топ екі автобусқа отырып, Глазгоның орталығында үй-үйді аралап жұртты үгіттеп жүр.

Тәуелсіздікті жақтаушы он шақты еріктінің арасында жұмысынан ақысыз демалыс алған геолог, уэльстік ұлтшыл мен оның қызы және 67 жастағы бұрынғы әкімшілік қызметкері Дэвид Пьютерер де бар.

Пьютерер «тәуелсіздікті қолдап дауыс бергім келеді, бірақ әлі де екіойлымын» деген бір әйелді әңгімеге тартты. «Сізді толық иландыратындай не айтсам екен?» деген ол референдумда «Иә» деп, тәуелсіздікті жақтап дауыс берген жағдайда халыққа қандай әлеуметтік игіліктер жасалатынын тізе жөнелді. Оның айтуынша, «тәуелсіз Шотландия зейнеткерлердің ақшасын көбейтіп, мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесін жетілдіреді».

Үй аралап үгіт айту (ағылшын тілінде):

Шотландиядағы насихат науқаны
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:00 0:00

​Тәуелсіздікті жақтаушылар соңғы апталарда біраз аймақтарға насихат жүргізді. Олардың үгітінің әсерімен референдумда екі жақ итжығыс түсетіндей межеге жақындап қалды. Сондықтан екі тарап дауыс жинау үшін жанталасып жүр.

«БӨЛІНБЕУ» МЕН «ТАРИХИ МҮМКІНДІК»

Шотландияның тәуелсіздігін жақтайтын саясаткер, бірінші министр Алекс Салмонд бұл референдумды «осы буын өмірінде бір-ақ рет болатын ұлы мүмкіндік» деп атаса, Біріккен Корольдіктің премьер-министрі Дэвид Кэмерон қыркүйектің 15-і күні сайлаушыларды «отбасын ажыратпауға» үндеді.

Бұл референдумды 1999 жылы, Шотландия парламентінің құрылуынан басталды десе де болады. 2011 жылғы сайлауда аймақтың Ұлыбританиядан бөлінуін жақтайтын Шотланд ұлттық партиясы айқын басымдықпен жеңіске жеткен соң, Біріккен Корольдік пен Шотландия үкіметі тәуелсіздік мәселесін халық талқысына салайық деген бәтуаға келген.

Тәуелсіз мемлекет болуды қолдайтындардың ойынша, Шотландия өз болашағын өзі айқындайтын болса, онда елдің әлеуметтік жағдайы анағұрлым жақсара түседі. Тәуелсіздікті жақтаушылардың пікірі «Ұлыбританияда билікке келген партияларға жалтақтамай, өз үкіметімізді сайлаймыз; елдің мұнай байлығы Лондон қалауымен бөлінбей, Шотландия халқына қызмет көрсету сапасын жақсартып, елдің әл-ауқатын арттыруға жұмсалады» дегенге саяды.

«ӨЗ ЖОЛЫМЫЗ»

Тәуелсіздік алуды жақтайтындар Ұлыбритания үкіметінің мүгедектерге берілетін жәрдемақыны қысқартуын дербес ел болып бөлінудің тиімділігін дәлделдейтін тағы бір салмақты уәж ретінде пайдаланып жатыр.

Ұлыбритания үкіметі «бұл – мейлінше көп адамды жұмыс істеуге мәжбүрлеу шарасы» деп ақталса, Шотландия тұрғындары мұны «мұқтаж жандарға жасалған қастандық» деп санайды. Тәуелсіздікті жақтайтындар тобының мүшесі, 30 жастағы Стюарт Фордайс:

- Тәуелсіз болсақ, өз елімізді басқарудың әдістерін өзіміз таңдап, өз бағытымызды өзіміз айқындаймыз. Шотландтардың басты ерекшеліктері – жомарт, мейірімді әрі әділ. Енді осыны паш ететін мүмкіндік туды, - дейді.

Тәуелсіздікті жақтайтын Луиз Кемло ханым (оң жақта)"Байлар байып, кедейлер кедейленіп барады. Мына заманда жұмысшылардың үкімет беретін қайыр-садақаға телміріп отырғаны ақылға сыймайды" дейді.
Тәуелсіздікті жақтайтын Луиз Кемло ханым (оң жақта)"Байлар байып, кедейлер кедейленіп барады. Мына заманда жұмысшылардың үкімет беретін қайыр-садақаға телміріп отырғаны ақылға сыймайды" дейді.

53 жастағы мүгедек Луиз Кемло:

- Байлар байып, кедейлер кедейленіп барады. Мына заманда жұмысшы табының үкімет беретін қайыр-садақаға телміріп отырғаны ақылға сыймайды. Мұндай жағдай Бірінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған. Енді оның қазір болып жатқаны ақылға қонбайды, ал оның себебі – билікте қандай үкіметтің отырғанында, - дейді.

«ТАРИХТАҒЫ ЕҢ СӘТТІ ОДАҚТЫ ТАРАТУДЫҢ ҚАЖЕТІ НЕ?»

Ал федерацияның құрамында қала беруді жақтайтындар өткен аптада экс-премьер Джон Мейджор айтқан «Тарихтағы ең сәтті одақты таратудың қажеті не?» деген уәжді құптайды. Олар «Тәуелсіздік алуды жақтап дауыс берген жағдайда, ол шешімнің зардабы қиын болуы және кесірі бірнеше ұрпаққа тиюі мүмкін» дейді.

Бөлінуге қарсы топ «Экономикалық одақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті белгісіз бір тұманды болашаққа неге алмастыруымыз керек?» деген сауал тастайды. Ірі банктер мен компаниялар да осы тараптың пікірін жақтайды. Олардың айтуынша, «бұл бөлінудің артында шешілмеген түйткіл көп».

- Ұлтшылдық – қауіпті ұғым. Ол бірлікке, саналы шешімге жеткізбейді. Меніңше, халық бір желікпе ойдың жетегінде жүр. Бұл одақ Шотландия үшін жаман болған жоқ, - дейді 68 жастағы Мариэн Стюарт.

Шотландияның шығысындағы Гленротес қаласында орналасқан қаңылтыр және түрлі бөлшектер шығаратын Fifab компаниясының маркетинг және сату бөлімінің директоры Джон Пенмэн де «экономикалық болашағы бұлыңғыр болғандықтан тәуелсіздікті қолдамаймын» дейді.

- Англия мен Уэльстегі тұтынушыларымыз «Енді не болмақ? Қандай валютаны пайдаланамыз? Қағазбастылық көбеймей ме?» деп сұрайды. Кез келген компания ең алдымен өз тұтынушыларын ойлайды, егер тұтынушы солай алаңдай бастаса, компания олардан айырылып қалуы мүмкін, - дейді ол.

Fifab компаниясының өкілі Джон Пенмэн «Англия мен Уэльстегі тұтынушыларымыз «Енді не болмақ? Қандай валютаны пайдаланамыз? Қағазбастылық көбеймей ме?» деп сұрайтынын» айтады. Ол тәуелсіздік алуды құптамайды.
Fifab компаниясының өкілі Джон Пенмэн «Англия мен Уэльстегі тұтынушыларымыз «Енді не болмақ? Қандай валютаны пайдаланамыз? Қағазбастылық көбеймей ме?» деп сұрайтынын» айтады. Ол тәуелсіздік алуды құптамайды.

ӘР ДАУЫСҚА ТАЛАС

Қандай нәтиже шығатыны белгісіз болғанымен, бір нәрсе айқын: екі жақ та демократиясы әлдеқашан орныққан бұл елде «жұрттың саяси науқанға белсене араласа бастағанын» мойындайды. Шотландияның дауыс беруге құқығы бар 4 миллион 400 мың халқының 97 пайызы сайлаушы ретінде тіркелген. Демек, референдумға көп адам қатысады.

Жұртты тәуелсіздікке қарсы дауыс беруге үгіттеп жүрген Луис Макдональд та шешуші күн таяған сайын белсене түскен. Макдональд - Шотландия парламентінің Лейбористер партиясы атынан сайланған депутаты. Ол басқа да әріптестерімен бірге Абердин қаласының айналасында үй-үйді аралап, насихат айтып жүр.

Неғұрлым көп есікті қағып, көп жұртпен тілдесуге тырысып жатқан Макдональд қыркүйектің басындағы сауалнама нәтижелерін естігенде «шырт ұйқыдан оянғандай болғанын» айтады. Зерттеу қорытындысында Шотландия тәуелсіздігін жақтайтындар алғаш рет озып шыққан.

Кейінгі сауалнамалардың көбінде «Жоқ» деп дауыс берушілер аз-маз алда тұрғанымен, Макдональдтың көңілі тыншымаған. Абердиндік балықшылардың жаргонымен сөйлейтін депутат:

– Әр дауыс үшін күресемін. Бұл жолы балықтан айырылмаймыз, референдумда жеңуге тиіспіз, – дейді.

(Кэтлин Мурдың мақаласын ағылшын тілінен Мұхтар Екей аударды)

XS
SM
MD
LG