Accessibility links

Тони Блэрдің Каддафиден кейінгі кеңес беретін адамы - Назарбаев


Тони Блэр Ұлыбританияның премьер-министрі кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып тұр. Лондон, 21 қараша 2006 жыл

Тони Блэр Ұлыбританияның премьер-министрі кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алып тұр. Лондон, 21 қараша 2006 жыл

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі енді Қазақстан президентінің экономикалық реформалар бойынша кеңесшісі болмақ деп хабарлайды Daily Telegraph басылымы. Газеттің жазуынша, бұрынғы премьер бұл қызметі үшін жылына 8 миллион фунт-стерлинг алып тұрмақшы.


Ұлыбританиялық басылым қазанның 22-сі күнгі санында «Тони Блэр полковник Муаммар Каддафи сияқты досынан айырылған шығар, бірақ оның орнына енді мұнайға бай Қазақстанның автократ президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен жұмыс істемек» деп жазады.

ТОНИ БЛЭРДІҢ ҚАЗАҚСТАНМЕН БАЙЛАНЫС ОРНАТУЫ

Тони Блэр Қазақстанда өзінің бұрынғы лейбористік партиясындағы танымал Алистер Кэмпбелл және Джонатан Пауэллмен бірге жұмыс істейді. Тони Блэрдің өкілі бұрынғы премьердің Қазақстанда экономикалық реформаларды жүзеге асыру үшін «кеңесші тобын» құрғандығын мәлімдеді.

«71 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың 58 жастағы Тони Блэрмен байланысы президенттің 2000 жылы Ұлыбританияға ресми сапармен барғанында орнаған. Тони Блэрдің алты айлық ұлы Леоны қолына алып тербеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы премьермен қарым-қатынасы нығая түсіп, 2006 жылы Қазақстан президенті Ұлыбританияға қайтара келеді» деп жазады Daily Telegraph ("Дэйли Телеграф").
Тони Блэрдің өкілі бұрынғы премьердің Қазақстанда экономикалық реформаларды жүзеге асыру үшін «кеңесші тобын» құрғандығын мәлімдеді.

Ұлыбритания үкіметінен кеткеннен бері Тони Блэр әлемдік қауымдастықтың пост-советтік мемлекеттердегі адам құқықтары мәселелеріне алаңдаушылығына қарамастан ол елдерге бірнеше рет сапар шекті.

Ал АҚШ-тың мемлекеттік департаменті осы жылдың басында Қазақстанда «тұтқындау мен сотталғандарды азаптау мәселесін», «тұтқындау мен ұстап әкетудің бей-берекет жүргізіліп жатқанын» және «сыбайлас жемқорлықтың кең таралып кеткенін» айтып баяндама жасаған. Адам құқын қорғайтын «Амнести Интернэшнл» ұйымы «тұтқындарды азаптау мен оларға қатаң қарау бұрынғысынша кең таралып отыр» деп атап өткен болатын.

БЛЭР МЕН ОНЫҢ СЕРІКТЕРІ

Тони Блэр бұдан соң биылғы қаңтарда Астанада өткен энергетикалық форум кезінде келісім-шарттарды талқылаған. Оншақты күн өткен соң Джонатан Пауэлл ары қарайғы келіссөздерді жүргізуге келеді. ACFM деп аталатын кеңес беретін фирмасы бар Алистер Кэмпбелл де қазан айында Қазақстанға келіп кетті. «Мен Қазақстанда негізінен энергетикалық компаниялармен жұмыс істеймін» деген ол сапарының мақсаты жайында. Ал Тони Блэр Қазақстанға соңғы рет мамыр айында Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық 24-сессиясының отырысына келген болатын.
Қазақстан одан саясат пен экономикалық мәселелер бойынша жақсы кеңестер алады. Бізге одан артық кеңесші бола қоймас.

Қазір Portland қоғаммен байланыс компаниясын басқаратын Даунинг-Стриттің бұрынғы кеңесшісі Тим Аллан да Қазақстанға кеңес береді. Ол жылына 1 миллион фунт-стерлинг табыс әкелетін келісім-шарт жасасқан. Тони Блэрдің Қазақстанмен байланыстарына араласа қоймаған лорд Мандельсон да соңғы кездері Астанамен байланыс орната бастады дейді Daily Telegraph. Ол Қазақстанға алғаш рет бұдан бір жыл бұрын Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаев басқаратын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ұйымдастырған конференцияға қатысуға келген.

Басылым Тимур Құлыбаевтың да Қазақстанға жиі келіп тұратын Ұлыбритания ханзадасы Эндрюмен дос екенін, 2007 жылы принц Эндрюдің үйін сұраған бағасынан 3 миллион фунт-стерлинг артық төлеп, 15 миллионға сатып алғанын, ал ол үйдің әлі бос тұрғанын айта кетеді.

Басылымның жазуына қарағанда, Тони Блэрді жалдап алғанына Қазақстандағы билік қуанышты көрінеді. «Оның кеңестеріне баға жетпейді. Қазақстан одан саясат пен экономикалық мәселелер бойынша жақсы кеңестер алады. Бізге одан артық кеңесші бола қоймас» дейді бір шенеунік басылымға.

Ал ұлыбританиялық тағы бір басылым Mail Online («Мэйл Онлайн») қазанның 22-сі күнгі санында Ұлыбританияның Өзбекстандағы бұрынғы елшісі Крейг Мюррейдің «Тони Блэрдің бар жасап жатқаны – адам құқықтары саласындағы репутациясы нашар олигархтардың келбетін түзеу» деп айтқанын келтіреді.

«БЛЭР ҚАЗАҚСТАНННЫҢ БЕДЕЛІН КӨТЕРУ ҮШІН ДЕ КЕҢЕС БЕРЕДІ»

Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев қазанның 24-і күні «Қазақстан жаңалықтары» агенттігіне бұрынғы премьердің Қазақстанға экономикалық әрі саяси мәселелер жөнінде де кеңес беретінін мәлімдеді.

«Мен Тони Блэрдің жұмыс тобымен екі-үш апта бұрын кездестім. Олар, меніңше, осында тұрақты өкілдігінің кеңсесін ашып жатыр немесе ендігі ашқан болуы керек. Олар Қазақстанның экономикалық дамуына ғана емес, сонымен бірге елдегі саяси өзгерістерге де көңіл аударды. Біз тығыз байланыста жұмыс істеуге келістік» дейді Ермұхамет Ертісбаев.
Тони Блэрді кеңесші етіп алу президентміз жасаған дана шешім.

Ертісбаев шетелдік мамандарды «өте мықты, жоғары деңгейдегі кәсіпқойлар» деп сипаттаған. Бірақ Тони Блэрдің ақысы қанша болатынын айтпаған.

Ал қазақстандық саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов бұрынғы премьердің кеңесшілік қызметіне қатысты «Интерфакс-Казахстан» агенттігіне: «Тони Блэрді Қазақстанға кеңесші ретінде тарту пиар-акцияға көбірек келеді. Тони Блэр Қазақстанға келіп, завод, фабрикаларды, егістік жерлерді аралап жүреді деп ойламаймын» деген пікір айтқан.

Парламент депутаты Владимир Нехорошев Қазақстанның бұрынғы премьерді кеңесші етіп тартуына оң баға беріпті. «Біздің білуімізше, Тони Блэр Ұлыбританияның премьері болып тұрған кезінде үлкен жұмыс жасады. Ол шынымен де экономист, қиын кезеңде мемлекетті басқаруды білетін адам ретінде танымал. Тони Блэрді кеңесші етіп алу - президентіміз жасаған дана шешім» дейді депутат. Депутаттың пікірінше, Тони Блэрді кеңесші етіп алу Қазақстан билігіне Еуропа елдері бастан кешкен дағдарыстардың қайталанбауы үшін қажетті алдын-алу шараларын жасауға көмектеседі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG