Accessibility links

Бәйге аттары да допинг дауына ілінді


The Rowley Mile ипподромында жеңімпаз шабандоз бен сәйгүлік көп алдына шықты. Ньюмаркет, 27 мамыр 2006 жыл. (Сурет Ғалым Боқаштың жеке архивінен алынды).

The Rowley Mile ипподромында жеңімпаз шабандоз бен сәйгүлік көп алдына шықты. Ньюмаркет, 27 мамыр 2006 жыл. (Сурет Ғалым Боқаштың жеке архивінен алынды).

Дубайдағы Годольфин ат зауытының Ұлыбританиядағы орталығында допингке қатысты шу шықты. Ал Қазақстанда бәйге аттары тек республикалық жарыстарда тексеріледі.

CNN телеарнасы сайтының жазуынша, Шығыс Англияның Ньюмаркет қаласындағы зауытта 45 жылқының 11-інің қанынан этилэстренол және станазолол сияқты стероидтар табылған.

«ДОПИНГ ЕККЕН ЖЫЛҚЫ ЖАРЫСТАН ШЕТТЕТІЛЕДІ»

Годольфин ат зауытының иесі шейх Мохаммед бин Рашид әл-Мактум бұл оқиғаға қатысты қатты өкінетінін білдірді.

Ал осы орталықта жұмыс істейтін атбегі Махмуд әл-Заруни: «Бұл жағдайға қатты өкінемін. Өте үлкен қателік жасадым. Жылқыларға препараттар еккен кезде олар жарысқа қатыспаған еді. Мен өз істеген ісімді түсінбедім. Ережені бұздым. Қателік үшін кешірім сұраймын» деп, өз қателігін мойындады.

Заруни Годольфин орталығында 2010 жылдың наурыз айынан бері жұмыс істейді. Ол - Ұлыбританиядағы ірі бес бәйгенің қатарына кіретін St. Leger Stakes жарысының жеңімпазы.

Годольфин – 1992 жылы құрылған, бәйге аттар дайындайтын әлемдегі танымал орталық. Бұл жерде бапталған жылқылар әлемдік бәйгелердің екі мыңнан астамында үздік шыққан.

CNN-нің жазуынша, Годольфин орталығы «Британ ат жарысы ұйымының» (British Horseracing Authority - BHA) алдында жауап береді. Қазір BHA осы шуға байланысты тексеру жүргізіп жатыр.
The Rowley Mile ипподромының бір көрінісі. Ньюмаркет, 27 мамыр 2006 жыл. Сурет Ғалым Боқаштың жеке архивінен алынды.

The Rowley Mile ипподромының бір көрінісі. Ньюмаркет, 27 мамыр 2006 жыл. Сурет Ғалым Боқаштың жеке архивінен алынды.


Стероидтар адамға қалай күш беріп, бұлшық еттерін қатайтса, жылқыларға да солай әсер етеді. Бірақ станозололды кей елдерде қолдануға рұқсат етіледі. Мәселен, Австралияда бұл препаратты жылқыларға жарыстан тыс уақытта егуге болады.

"Анаболикалық стероид егілген кез-келген жылқы сол күні жарысқа қатыспауы тиіс" дейді ветеринар Брайан Стюард Sydney Morning Herald басылымына берген сұхбатында.

Годольфин орталығының менеджері Саймон Крисфорд CNN арнасына берген сұхбатында «Бұл жағдайдан соң ес жия алмай жатырмыз. Шейх Мактум да бұндай жағдайды күтпеген. Біз қазір орталықта қандай да бір шешім шығармас бұрын ВНА-ның тексерісінің қорытындысын күтеміз» деді.

BHA орталығының өкілі Адам Брикелл СNN-ге берген сұхбатында «Махмуд әл-Заруни тергеу алдында жауап берді. Этилэстренол және станазолол - Ұлыбританияда қолдануға тыйым салынған препараттар. Ал стероидтар егілген жылқы қандай себеп болса да, ұзақ уақытқа жарыстардан шеттетіледі» деген мәлімдеме жасады.

ҚАЗАҚСТАНДА ЖЫЛҚЫНЫ ТЕК ІРІ БӘЙГЕДЕ ТЕКСЕРЕДІ

Қазақстан ат спорты федерациясы президенті Сәдібек Түгел Азаттық тілшісіне берген сұхбатында, Қазақстандағы бәйгелерде допинг шуы болмағанын айтады.

- Республикалық марафондық жарыстарда жылқылардың қаны тексеріледі. Құнан, дөнен бәйгелерде де қан тексеріледі. Бұл шаралар Қазақстан ат спорты федерациясы қабылдаған регламентке сәйкес жүргізіледі. Бәйге кезінде төрешілердің қатарында бір мал дәрігері болады. Федерацияның жанында жылқылардың қанын тексеретін шағын лаборатория да бар. Бұл шаралар негізінен республикалық ірі бәйгелерде қолданылады. Ал аудандық, облыстық жарыстарды федерация ұйымдастырмағандықтан, ол жақтағы жағдай бізге белгісіз. Егер облыстық жарысты жеңіп, республикалық бәйгеге келсе, ол жылқыны тексереміз. Бірақ Қазақстандағы ат жарыстарында допинг дауы болған емес, - деді федерация басшысы.
Саты ауылындағы ұлттық ат спорты ойындарынан көрініс. Алматы облысы, Райымбек ауданы, 9 маусым 2012 жыл.

Саты ауылындағы ұлттық ат спорты ойындарынан көрініс. Алматы облысы, Райымбек ауданы, 9 маусым 2012 жыл.


Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында бәйгеге ат қосып, атбегілікпен айналысатын Қайырбек Хамитов допинг қолдану, дәрі егу деген түсінікті білмейтінін айтады.

- Қайдағы допинг бізде? Қорадағы шөппен-ақ баптаймыз ғой. Арасында сұлы, жем береміз. Аудандық, облыстық жарыстарға шығамыз. Бірақ онда жүлде алған аттарымыздың қанын алып, тексеріп көрмепті, - дейді атбегі.

Алматы облысы Талғар ауылының тұрғыны, шабандоз Жанболат Әміреев те өзі қатысқан жарыстарда жылқыны допингке байланысты тексермегенін айтады.

- Облыстық жарыстарда бәйгеге қатысып, орын алдым. Бірақ жылқыдан қан алған емес. Ондайды мүлде білмейді екенмін. Ал өзім бәйгеге шабатын жылқымның күшін көбейту үшін дәрі беріп көрмеппін, - деді 19 жастағы шабандоз.

Қазіргі бессайыспен айналысатын Александра Сторчак Азаттық тілшісіне берген сұхбатында ірі халықаралық жарыстарда жылқылардың қанында допинг бар-жоғын міндетті түрде тексеретінін айтады.

- Қазіргі бессайысқа жүгіру, жүзу, велоспорт, семсерлесу және ат спорты кіреді. Әлемдік жарыстарда атпен жарысқа шығар кезде жылқыдан қан алады және жарыс біткен соң жылқыны тағы да тексереді. Ол - қатаң талап, - деді бессайысшы.

Олимпиада ойындары кезінде де жылқылардың қанынан допинг табылған оқиғалар болған. Мәселен, 2004 жылы Афин олимпиадасында командалық жарыста жеңіске жеткен Германия құрамасының бір жылқысынан допинг табылып, олар алтын медальден айырылған.

2008 жылы Пекин олимпиадасына қатысқан төрт жылқының қанында рұқсат етілмеген препарат болғаны дәлелденген. Олардың қатарында қола жүлдеге ие болған Норвегия спортшысы Тони Андре Хансеннің аты да бар еді. Ол да жүлдесін қайтарып беруге мәжбүр болды.
  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG