Accessibility links

Украина: Майдандағы махаббат


Жетімдер Иван мен Иолана балалар үйінде бірге өсті, есейген соң олар Украинаның шығысындағы соғыстан қашуға тырысқан.

Олар балалар үйінде бірге тәрбиеленді, бірақ бір-бірімен интернаттан шыққан соң табысқан. Өткен жазда жетім өскен Иван мен Иолана соғыстан бірге қашты. Заттарын жинауға ұзақ уақыт кетпеді: жас жұбайларда дүние-мүлік атаулыдан ештеңе жоқ еді.

Майдан алаңына айналған Марьинка қаласынан олар қаупі аз болмаса да, аумағы үлкен, мүмкіндігі көбірек Донецк қаласына аттанды. «Қала шетіндегі баспанаға жеттік. Сол жерде қысқа дейін тұрдық» деп еске алады Иолана.

«Адам көп, дымқыл әрі суық болатын. Бірақ мейірімді адамдар көмектесті. Біз бомбадан паналау орнына келдік – өзімізде ештеңе жоқ болатын. Төсек берді, азық-түлік, суыққа тоңбау үшін киім берді. Ұйықтауға матрас та берді» дейді Иолана Зайцева.

Баспанада Иолана жүкті екенін білген. Болашақ анаға Донецк еріктілері жатақхана іздестірді. Жертөледен соң ерлі-зайыптылар жалға алған бөлмеге келді. Бірақ бұл жерден де соғыстың үні естіледі. Үш айлық ұлдары Давид бәрін естиді.

«Құдайға шүкір, жыламайды, бірақ елеңдеп, қозғалады. Мен оны қолыма алып, тыныштандырамын, кеудеме қысамын, қайтадан ұйықтап кетеді. Кеше атыс кезінде біздің төсек теңселіп кетті, балам қорқып қалды. Бір жақсысы мен қасында болатынмын. Ол ұйықтап жатып, орнынан қозғалды, бірақ жылаған жоқ. Әрине, атыс даусы естілмейтін тыныш жер болғаны жақсы еді» дейді әйел.

Баланың әкесі Иван Донецк интернатында екі жұмыс істейді. Отбасы барлық қаражатын ұлдарына жұмсайды. Бәрін үнемдеуге тырысады. «Қазір тапқанымыз тек үйге жұмсалады. Азық-түлікке және бөлменің ақысын төлеуге кетеді. Балаға жөргек керек, аздап болсын ойыншық аламыз» дейді Иолана.

Жас жұбайларға қамқорлық жасап жүрген еріктілер сәбидің өкіл ата-анасы саналады.

Инна Вареницаның мақаласын орыс тілінен Динара Әлімжан аударды.

XS
SM
MD
LG