Accessibility links

Порошенко шығыс Украина мәселесін қалай шешпек?


Украинаның жаңа президенті Петр Порошенко.
Украинаның жаңа президенті Петр Порошенко.

Украина президенті Петр Порошенко жұмысын сепаратистермен қақтығыс болып жатқан Донбасс аймағына барудан бастамақ. Ондағы жұрт қандай арыз айтуы мүмкін?

Украинаның жаңа сайланған президенті келесі айда ұлықтау рәсімі өте салысымен Донецкіге барып, Киевке наразы халықпен кездеспек. Бұл өңірдегі тұрғындардың Украинадағы ресми билікке қоятын қандай талаптары бар? Жаңа президент ол талаптарды орындай ала ма?

ШЫҒЫСТЫҢ ТАЛАБЫ НЕ?

Шығыс Украинада Киевке наразылар көп, бірақ олардың дені аймақтың елден бөлінуін қаламайды. Америкалық Pew зерттеу орталығының мамыр айында жүргізген сауалнамасына қарағанда, шығыс Украина тұрғындарының 70 пайызы мемлекеттің бөлінбегенін қалайды, тұтастықты қолдайтындардың 58 пайызы – орыстілділер.

Сепаратистер бүлік бастағалы үнсіз отырған көпшілік халық бұл аймақтағы қазіргі жағдайға наразы. Олардың дені аймақ билігіне көбірек құзырет берілгенін құптайды дейді сарапшылар.

Лондондағы Chatham House зерттеу орталығының Украина бойынша сарапшысы Орисия Луцевичтің айтуынша, «шығыстағы халық табыстың бәрін Киев алып, қалған-құтқаны қайтарылатын орталықтандырылған билік жүйесінен жалыққан».

- Донбасс тұрғындары мен бүкіл Украина халқының талап-тілектері ұқсас. Халық дарынсыз басқарушылардан, сыбайлас жемқорлықтан және экономикалық мүмкіндіктердің жоқтығынан шаршаған, - дейді сарапшы.

Осы аймақтан шыққан бір тұлға Киевке барып билік құрса, шығыстағы қордаланған мәселелер шешіле қалады деп отырған ешкім жоқ. Украинаның бұрынғы-соңғы тарихындағы жемқорлықтың ең асқынған кезеңі – Донбастан шыққан президент Виктор Януковичтің билік құрған жылдары.

Ресейге бүйрегі бұратын Украинаның шығыс аймақтарының тұрғындары Еуропаға іш тартатын «Еуромайданнан» соң өздерін ескерусіз қалғандай сезгені рас. Енді Порошенко үшін ең басты міндет – шығыстағы жұртты мұң-мұқтаждықтары ескерусіз қалмайтынына иландыру.

ПОРОШЕНКО НЕ ДЕП ИЛАНДЫРМАҚ?

Бұрынырақ Петр Порошенко дағдарысты бейбіт жолмен реттеудің бір амалы ретінде «аймақтармен билікті бөлісу қажет» деген пікір айтқан.

Бұл ұсыныс мамырдың 14-інен бері Украинаның үш қаласында – Киевте, шығыстағы Харьковте және оңтүстіктегі Николаевта өтіп жатқан жалпыұлттық дөңгелек үстелде айтылған басты идеялармен сабақтасып жатыр.

Конституцияға өзгерістер енгізуді талап ететін орталықсыздандыру жоспарында аймақ басшыларына, мэрлер мен жергілікті өкілдік органдарына бюджет жасақтау ісінде көп еркіндік беру көзделген. Жеке табыс салығынан түскен ақшаның 40 пайызы ортақ қазанға салынудың орнына аймақтардың өз қазынасына түсетін Польша моделі үлгі ретінде таңдалған. Бұған қоса, корпоративтік салықтар мен жергілікті мүлік салығының алты пайызы жергілікті бюджет қоржынына салынады.

Донецк облысы әкімдігі ғимаратының төбесіндегі ресейшіл сепаратистердің әртүрлі топтарының тулары. 29 мамыр 2014 жыл.
Донецк облысы әкімдігі ғимаратының төбесіндегі ресейшіл сепаратистердің әртүрлі топтарының тулары. 29 мамыр 2014 жыл.
Сарапшылар Мәскеу қолдап, сепаратистер талап етіп отырған «унитарлық мемлекеттік жүйені федералдық жүйеге ауыстыру» ұсынысын қабылдамау керек деп санайды.

Лондондағы Украина иститутының сарапшысы Энди Хандердің айтуынша, Германия, АҚШ сияқты елдерде қалыпты жағдай болып көрінетін федералдық жүйе Ресейдің астыртын әрекеттері зардабын тартып отырған Украинаның мемлекеттілігін әлсіретеді.

– Федералдандыру ұсынысы – Кремль жүргізіп отырған ойынның бір бөлігі. Бұл – Киев үкіметіне Еуропаға қарай интеграциялану, қандай да бір блок не альянсқа қосылу бағытында талпыныс жасауға мүмкіндік бермейтін тетік, – дейді сарапшы.

Сарапшылар сепаратистермен тікелей келіссөздерге баруды да орынсыз санайды. Олар жалпыұлттық дөңгелек үстел жиындарына шақырылған жоқ, ал Петр Порошенко елдің шығысында сепаратистерге қарсы әскери операциялар жалғаса беретінін ескертті.

КИЕВ ТОНАУШЫ МА, ЖАРЫЛҚАУШЫ МА?

Порошенко шығыста шешуге тиіс түйіннің бірі - елдің бұл бөлігін экономикалық тұрғыдан қолдау кезінде ешқандай алалаудың болмайтынына сендіру.

Аймақтар арасындағы наразылық сонау Совет Одағы заманынан жалғасып келеді. Ол кезде СССР-дің ірі өндіріс ошағы болған шығыс Украина табысының барлығын Мәскеуге жөнелтіп отырған.

Қазір Украинаның ірі көмір, темір кен орындары, әскери өнеркәсібі осы аймақта шоғырланған. Ал тұрғындардың көбі «Мәскеудің орнын Киев басты, табысымыздың көбін тартып алып отыр» деп санайды.

Сепаратистердің тосқауыл бекеті жанында сөйлесіп тұрған жергілікті тұрғындар. Донецк, 28 мамыр 2014 жыл.
Сепаратистердің тосқауыл бекеті жанында сөйлесіп тұрған жергілікті тұрғындар. Донецк, 28 мамыр 2014 жыл.
Тұрғындардың олай ойлауына кремльшіл БАҚ пен Ресей ақпарат құралдары ықпал еткен. Олар жиі айтатын «табысты алып отыру» мәселесі – шындыққа жанаспайтын әңгіме.

Шығыстағы Донецк пен Луганск – ел астанасы Киевтен кейін үкіметтен ең көп субсидия алатын қалалар. Украина үкіметінің мәліметтеріне қарағанда, 2013 жылдың бірінші жартысында Донецк қаласы үкімет қазынасына тапсырған қаражатынан 9,25 миллиард гривна (762 миллион АҚШ доллары) артық, ал Луганск қаласы бюджетке берген ақшасынан 5,07 миллиард гривна (418 миллион АҚШ доллары) көп қаржы алған.

- «Донбасс Украинаны асырап отыр» деген аңызды таратушылардың әрекеті дұрыс емес. Анықтап қарасақ, шахталар мен басқа өнеркәсіп орындарының субсидияда отырғанын байқауға болады, - дейді Энди Хандер.

Порошенкоға ең қиыны – осы қате түсінікті өзгертіп, Украинаның түрлі аймақтарының арасында өзара тиімді тәуелділік бар екеніне елдің көзін жеткізу.

ОРЫС ТІЛІНІҢ ДАУЫ

«Еуромайдан» Януковичті биліктен кетірген соң Киев шалыс қадамдарға барып, бұл төңіректегі мәселені біраз ушықтырып алды. Ақпан айында президент биліктен қуылған соң парламент орыс тілін екінші ресми тіл мәртебесінен айыру туралы заң жобасын мақұлдады. Президенттің міндетін атқарушы Александр Турчинов бұл заңға қол қоюдан бас тартқанына қарамастан, бұл жайт шығыстағы орыстілді халықты қатты ашуландырды.

Содан бері Украина үкіметі осы қателікті түзетуге тырысып келеді. Премьер-министр Арсений Яценюк: «Украинада ешкім орыс тіліне және осы тілде сөйлеуге шек қоймайды» деп мәлімдеді.

Украина премьер-министрі Арсений Яценюк.
Украина премьер-министрі Арсений Яценюк.
Ол «аймақ тұрғындарының кем дегенде 10 пайызы сөйлейтін тілдерді екінші мемлекеттік тіл етіп жариялауға кепілдік беретін заң күшінде қала береді» деп уәде етті.

Соған қарамастан, сепаратистік пиғылдағы көтерілісшілер орыс тіліне төнген қауіпті зорайтып көрсетеді. Порошенко Украинада тіл проблемасы жоқ екеніне халықты сендіре алса, біраз мәселе шешілген болар еді. Жұртты иландыруға оның орыстілді ортадан шыққаны да көмектесуі мүмкін.

ПОРОШЕНКО СЕПАРАТИСТЕРДІ ЖЕҢЕ АЛА МА?

Донецк әуежайына мамырдың 27-сі күні жасалған шабуылды ескерсек, қарулы сепаратистер ұрысты жалғастыра беретін сыңай танытып, жағдайды ушықтырып отыр. Үкіметтің оларға қарсы әскери операцияны одан әрі жалғастыруға бекінуі қақтығыстардың тоқтамайтынын, ал тұрғындардың екі жақтың бірін таңдауға мәжбүр болатынын айғақтайды.

Порошенко Украинадағы ең бай олигарх әрі келіссөздер кезінде делдал бола алатын тұлға – Ринат Ахметовты өз жағына шығару арқылы біраз ұпай жинады. Өздерін «Донецк халық республикасы» деп жариялаған құрылымның басшылары Донбастағы көмір және металл кеніштеріне иелік ететін Ахметовтен салық төлеуді не барлық активтерін тапсыруды талап етті. Ұзақ уақыт бойы әліптің артын бағып, үнсіз келген ол бұдан ары Киевтегі үкімет жағына шығып, ел ішінде сепаратистерге қарсы үгіт жүргізуге көшті.

Бірақ бұл ойындағы басты көзір әлі де Мәскеудің қолында тұр. Кремль Порошенкомен диалогқа келуге әзірлік танытқанымен, елдегі дағдарысты шешудің «ресейлік ережелерін» ұсынды. Ресей президенті Владимир Путин мамырдың 27-сі күні Киевті шығыстағы «жазалаушы» әскери операцияны дереу тоқтатып, «аймақтардың өкілдерімен (шығыстағы сепаратистерді меңзеп отыр – ред.) бейбіт диалог орнатуға» шақырды.

(Азаттық тілшісі Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).
XS
SM
MD
LG