Accessibility links

Украина Сталин тәсіліне жүгінбек


Украина қорғаныс министрі Валерий Гелетей. Украина, Славянск, 5 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина қорғаныс министрі Валерий Гелетей. Украина, Славянск, 5 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Киев Сталин тәсілін пайдаланбақ. Украина әскер ішіндегі ресейшіл тыңшыларды қолға түсіретін құпия ұйым құрып жатыр.

Украина қорғаныс министрі Валерий Гелетей Иосиф Сталин тұсында Совет Одағында құрылған, ел ішіндегі тыңшыларға қарсы күресетін ұйымды жаңартпақ. Украина әскеріндегі жансыздарды әшкерелеу үшін Гелетей арнайы қызмет құрылатынын мәлімдеді.

ТЫҢШЫЛАРМЕН КҮРЕС

Гелетей тамыздың 30-ы күні Facebook парақшасына «Украина қорғаныс министрлігі мен қарулы күштеріндегі ресейлік «бесінші колоннадан» (жансыздардан - ред.) құтылатын кез келді. Менің тікелей жетекшілігіммен қорғаныс министрлігінде жау агенттерін әшкерелейтін, командирлердің бұйрығын орындамағандар мен әскерден қашқандарды жауапқа тартатын арнайы қызмет құрылып жатыр» деп жазды.

Оның пікірінше, жаңа ұйым СМЕРШ-ке ұқсас болады және майданның алдыңғы шебінде әскер әкімшіліктерімен бірге жұмыс істейді. «Жақында бұл жұмыстың жемісін көретін боласыздар» дейді Гелетей.

«СМЕРШ» (қысқарған сөз) орыс тілінен аударғанда «Тыңшыларды анықтаудың ерекше тәсілі» деген мағына береді. 1943-46 жылдары құпия түрде қызмет еткен бұл барлау ұйымы Сталин бұйрығымен құрылған.

«СМЕРШ: Сталиннің құпия қаруы» кітабының авторы Вадим Бирштейннің жазуынша, «Нацистерге тұтқынға түсіп, Германияда қара жұмыс істеген СССР-дің 5 миллион 400 мың әскери қызметкері мен қарапайым азаматы қайта оралғанда СМЕРШ-тің тексеруінен өтті. Олардың 600 мыңы ГУЛАГ тұтқынына айналды».

«СМЕРШ өкілдері 9 мың 500 неміс тыңшыларын тұтқындап, өлтірген, 800-ге жуық жапон әскери және барлау агенттерін ұстаған, кем дегенде 400 бұрынғы ақ гвардияшылар мен жапоншыл ресейліктерді қамауға алған» дейді Бирштейн.

БАТЫЛ МИНИСТР

СМЕРШ сөзін келемеждеушілер оны «Тыңшыларға өлім келсін» (Смерть шпионам) деген мағына береді деп түсіндіреді. Ол Джеймс Бонд туралы романдарда ойдан шығарылған советтік барлау ұйымы ретінде аталады.

Украина армиясының танкілері қақтығыс аймағына келе жатыр. Донецк облысы, 3 қыркүйек 2014 жыл.

Украина армиясының танкілері қақтығыс аймағына келе жатыр. Донецк облысы, 3 қыркүйек 2014 жыл.

Шілде айында жаңа қызметке тағайындалған Гелетей батыл әрі даулы пікірлер айтып, көзге түсіп жүр.

Билікке келгеннен соң ол «бүлікшілер қаруын тастамаса, олармен келіссөз жүргізбеймін» деп мәлімдеді. Қыркүйектің 1-і күні ол Facebook парақшасына «Еуропада Екінші дүниежүзілік соғыстан бері болмаған үлкен соғыс бізге келді» деп жазды.

Кейінгі күндері Шығыс Украинадағы ресейшіл күштер үкімет әскеріне шабуылдарын үдетті. Гелетей «үлкен соғыс» туралы пікірін осы шабуылдарға қатысты айтқан. Украина әскері Донецк пен Луганскідегі бүлікшілерге қарсы соғысып жатыр.

(Люк Джонсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG