Accessibility links

Савченконы Киевке қайтарып берді


Украиналық ұшқыш Надежда Савченко Мәскеу сотында. 4 наурыз 2015 жыл.

Украиналық ұшқыш Надежда Савченко Мәскеу сотында. 4 наурыз 2015 жыл.

Ресейде 22 жылға сотталған украиналық ұшқыш Надежда Савченконы Украинада сотталған ресейлік екі азаматқа айырбастап, ел президентінің ұшағымен Дондағы Ростовтан Киевке әкелді.

Надежда Савченко 25 мамыр күні Украина президентінің ұшағымен Киевке жетті. "Борисполь" әуежайына түсе сала қарасы қалың журналистің сұрақтарының астында қалған Савченко Донбасс аймағынан тірі қайтпаған украиналық сарбаздардың туыстарынан кешірім өтінді. Ол өзінің тірі оралғанына қысылатынын айтты.

Киевке жеткізілген Надежда Савченкоға Украина президенті Петр Порошенко "Халық қаһарманы" атағын берді.

2014 жылғы маусымнан бері қамауда отырған әскери ұшқышты қарсы алу шарасында сөз сөйлеген Порошенко Савченконы босату ісіне үлес қосқан барша халыққа, халықаралық ұйымдар мен Батыс елдерінің жетекшілеріне алғыс білдірді.

Надежда Савченко "халықтың талап-тілегі болмаса саясаткерлердің өзін құтқарып алуы неғайбіл еді" деген күдігін айтты. Ол қаһарман атағын қабыл алып тұрып: "Украина халқына қызмет етемін!" деді.

Салтанатты шараға Надежда Савченконың отбасы да қатысты.

Бұған дейін сәрсенбі күні ақпарат құралдары жақын бірнеше сағатта Савченконың Украинада терроризм айыбымен сотталған ресейлік әскерилер Александр Александров пен Евгений Ерофеевке алмастырылатыны туралы ақпарат таратқан.

Russia Today телеарнасы ресейліктер мінген ұшақтың Мәскеуге ұшып шыққанын хабарлаған.

Бүгін таңертең Украина президенті Петр Порошенкоға Ерофеев пен Александровтың рақымшылық жасауды сұрап өтініш бергені белгілі болған. Порошенко Савченконы босату үшін Украинада сотталған екі ресейлік рақымшылық жасау туралы өтініш берсе оны қанағаттандыруға әзір екенін кеше мәлімдеген.

Надежда Савченконы 22 наурызда Ресейдің Ростов облысындағы Донецк қалалық соты 2014 жылы жазда Украинаның Луганск қаласы түбінде екі ресейлік журналистің қаза табуына қатысы бар деп айыптап, 22 жылға соттаған. 5 сәуірде Савченкоға шыққан үкім күшіне енген. Савченко өзін 2014 жылы маусымда Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистер ұстап әкетіп, Ресейге заңсыз беріп жібергенін айтады. Савченко Ресей түрмесінде қамауда отырған кезде өзін қамауға және үстінен қозғалған қылмыстық іске қарсылық танытып, бірнеше рет аштық жариялаған.

Украина Донбаста ұсталған ресейлік екі азамат Александр Александров пен Евгений Ерофеевті Украина шығысында сепаратистер жағында соғысқан деп тауып, әрқайсысын 14 жылға соттаған.

Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесі наурызда «Ресейде Надежда Савченко мен өзге де украиналық азаматтарды заңсыз соттауға қатысы бар» тұлғаларға қатысты санкция тізімін бекіткен. УНИАН агенттігінің хабарлауынша, жаңа санкциялық тізімге Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі, тергеу комитеті, прокуратурасы, сот органы, әскери және өзге де өкілдері енгізілген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG