Accessibility links

Ресейдің Қырымды «алғанына» бір жыл толды


Қырым парламенті ғимараты алдында қақтығысқан Қырым татарлары мен ресейшіл белсенділер. Қырым, Симферополь, 26 ақпан 2014 жыл.

Қырым парламенті ғимараты алдында қақтығысқан Қырым татарлары мен ресейшіл белсенділер. Қырым, Симферополь, 26 ақпан 2014 жыл.

Ресей Қырымды күшпен аннексиялағанына бір жыл толып, Ресейде мұны атап өтіп жатыр. Ал түбек тұрғындары арасында Кремльдің әлімжеттігіне наразылар көп.

Украинадағы «Еуромайдан» шерулері кезінде Қырымдағы жұрт тыныш жатқан еді. Алайда елдің сол кездегі президенті Виктор Янукович тақтан тайған күннің ертеңінде, яғни ақпанның 23-інен бастап Қырымның шырқы бұзылды.

Аймақ орталығы – Симферополь қаласындағы Министрлер кеңесі ғимаратының алдына мыңдаған Қырым татары жиналып, парламентті таратып, жергілікті халықтың құқықтарын қорғайтын жаңа конституция қабылдауды талап етті.

Арада үш күн өткенде Қырым парламенті төтенше сессия шақыратынын жариялады. Татарлардың өзін-өзі басқару кеңесі – Меджлистің төрағасы Рефат Чубаров бір жамандық боларын күні бұрын сезіп, қауіп еткенін айтып:

– Жағдайдың қаншалық ушығып тұрғанын сездім. Сондықтан, бірден Меджлисті жинап, халыққа шеруді жалғастыра беріңдер деп үндеу тастадық, - дейді.

Ақпанның 26-сы күнгі наразылық шарасына 10 мыңнан аса адам жиналды. Ресейшіл сепаратистердің саны бұдан анағұрлым аз болды. Парламент ғимаратының іші-тысында қақтығыстар басталды. Ақыр соңында депутаттар Меджлис шерушілердің басты талабын орындап, парламенттің сессиясын кейінге қалдыратынын жариялады.

Рефат Чубаров.

Рефат Чубаров.

Украина және Батыс журналистері мұны «ресейшіл элементтерді жеңген күн» деп сипаттап жатты.

- Біз өзімізді, Қырымды, Украинаны аман сақтап қалдық деген сезіммен тарадық, - деп еске алады Чубаров.

Арада бір жыл өтті. Қазір Қырым Кремльдің қол астында. Ресей Тергеу комитеті ақпанның 26-сы күнгі оқиғаларға қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр.

Татарлардың беделді ақсақалы Мустафа Джемилев пен Меджлис төрағасы Рефат Чубаровтың Қырымға келуіне тыйым салынған. Ал Меджлис төрағасының орынбасары Ахтем Чийгоз «заңсыз наразылық шеруін ұйымдастырды» деген айып тағылып, қамауға алынған.

2014 жылы наурыздың 16-сы күні өткізілген даулы референдумның «нәтижесіне» сүйенген Ресей Қырымды өз аумағына қосып алды. БҰҰ Бас ассамблеясында мемлекеттердің басым көпшілік даусымен бұл референдум заңсыз деп танылды. Осы апта Мәскеу осы оқиғаның бір жылдығын атап өтіп жатыр. Ал Чубаровтың айтуынша, Қырымның көп тұрғыны бұл аннексияға жан-тәнімен қарсы болды.

Кремль «қырымдықтардың 95 пайызы» Ресейге қосылуды жақтап дауыс берген референдум «нәтижелерін» көлденең тартып, мұны «біршама уақыт бір-бірінен көз жалып қалған елдердің қайта қосылуы» деп дәріптеп келеді.

Алайда украиналық белсенді Константин Реуцкийдің айтуынша, бұл референдум – үгіт-насихат пен қорқытып-үркітудің және «жасыл адамдардан» үрейленудің нәтижесі болды. Демнің арасында мемлекеттік ғимараттарды басып алып, қару кезеніп жүріп көше күзеткен бұл «кішкентай жасыл адамдардың» Ресей солдаттары екені кейін әшкере болды.

- Жұрттың бойын үрей биледі, олар не істерін білмеді. Мұның себебі [ресейліктер] осындай үрейлі атмосфераны әдейі қалыптастырды. Жер-жерде ресейшіл «белсенділер» қаптап жүрді, кейбірі автомат (қару – ред.) асынып алып, украинашыл адамдарды ашық қорқытты, – дейді Реуцкий.

ТАТАРЛАРДЫҢ ҚАРСЫЛЫҒЫ

Соған қарамастан, ресейшіл ұрандардың жиілеп кеткеніне наразылық танытқан қырымдықтар наурыздың басында Симферопольде және басқа қалаларда жаппай наразылық шараларына жинала бастады.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні бұл наразылық шаралары шарықтау шегіне жетті. Көбі әйелдер мен балалардан тұратын 15 мыңнан аса шеруші Қырымдағы күре жолдардың бойына сап түзеп, Украина мен Қырым татарларының туларын желбіретті әрі елді бейбітшілікке шақырды.

8 наурыз күнгі Қырымдағы наразылық. 2014 жыл.

8 наурыз күнгі Қырымдағы наразылық. 2014 жыл.

Симферопольде тұратын белсенді Андрей Щекун:

- Шеруге Қырым тұрғындары көп жиналды, олар ұлтына қарап бөлінген жоқ. Бұл нағыз жұмылу болды, осы арқылы олар қырымдықтардың қарсылығын білдірді. Шындығында, шерулерге жұрттың көпшілігі келді, яғни, нағыз картина – сол. Біз ешқандай ақша шығындамастан, ешқандай саяси байланыс көмегіне сүйенбестен, осындай үлкен шара ұйымдастырдық. Бұл – Қырымда болып жатқан оқиғаларға азаматтық қоғамның шынайы қарсылығы еді, – дейді.

Шерушілердің біразы белсенді әрекетке көшіп, қоршауда қалған Украина әскеріне көмектесті, белсенділерге шабуыл жасап жүрген ресейшіл «өзін өзі қорғау» батальондарымен күресті. Симферопольдық белсенді Оксана Новикова:

- Біз үнемі бейбіт жолмен әрекет етуге тырыстық, дегенмен бізді олар үнемі қақтығысқа арандатумен болды. Полиция ештеңе істеместен қарап тұрды, – дейді. Оксананың өзі қауіпсіздік мақсатында балаларымен қақтығыс аймағынан кетіп қалуға мәжбүр болыпты.

ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Қырым интеллигенциясы өкілдері де наразылық шараларына үн қосты. Саяси астары бар шығармаларымен танылған «Карман» арт-орталығының басшысы Галина Джикаеваның айтуынша, «оның көрермендерінің көбі Ресейдің басып кіруіне наразылық білдірген».

- Аудиторияны ойлануға жетеледік. Қойылымдарымыз жай ғана көңіл көтеруді мақсат тұтқан жоқ. Олар айналада болып жатқан жағдайларға сын көзбен қарауға үйретеді. Театрға, қойылымдарымызға келген кісілер – тәуелсіз ойлай алатын еркін адамдар, - дейді ол.

Джикаева қазір Украинаның құрлық бөлігінде тұрады. Былтыр мамыр айында Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) оның досы – қырымдық кинорежиссер Олег Сенцовты «террорлық шабуыл жасауға әрекеттенді» деген сылтаумен қамауға алғанда Галина Джикаева бұл аймақтан кетіп қалған.

- Бәрі қашты ғой, – дейді Джикаева.

ҚОРҚЫТУ, ҰСТАУ, АЗАПТАУ

Қырымдықтардың айтуынша, референдумнан кейінгі кезеңде Сенцов сияқты белгілі адамдарды тұтқындағаннан соң жұрттың даусы бәсеңсіп қалған. Бас амандығын ойлағандар да көп болды. Себебі, 2014 жылдың қыркүйегінде қолды болған жеті кісі із-түзсіз жоғалып кеткен.

Жоғалған адамдардың бірі Решат Ахметов еді. Референдум өткен күні Ресейдің Қырымды басып алуына қарсы болған белсендінің мәйіті табылды. Оны екі апта бұрын біреулер ұстап әкеткен еді.

Решат Аметовті жерлеу. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

Решат Аметовті жерлеу. Симферополь, 18 наурыз 2014 жыл.

2014 жылы мамырдың 9-ы күні Андрей Щекун мен және бір белсенді Анатолий Ковальскийді әлдекімдер ұстап әкетіп, 11 күн бойы қамап, азаптаған. Ұрып-соғып, электр тоғымен қинап барып, босатып жіберген. Адамдардың ұрлануы мен жоғалуына, Аметовтың өліміне қатысты ешкім ешқандай жауапқа тартылған жоқ.

Қырым Ресейге қосылғалы бір жыл болды. Осы күні түбектегі ахуал нашар. Щекун «тіпті Мәскеумен жақындасуды қалаған орыстардың өздері өкініп жүр» дейді.

– Бір жыл бұрын олар Ресейді қолдап ұрандаған еді. Қазір олар мұның соншалық жақсы идея бола қоймағанын түсіне бастады. Бірақ олар [менің басымда болғандай] қиын жағдайлар күндердің күнінде өз бастарына да келіп, үйлерінде қара түнек орнайтынын әлі түсіне қоймаған тәрізді, – дейі Андрей Щекун.

(Иван Путилов пен Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG